Роалд Дал. Қызметші

Роалд Дал. Дереккөз: theidlewoman.net

Роалд Дал атты жазушыны көбіміз «Чарли және шоколад фабрикасы» атты еңбегі арқылы білеміз. Бүгін ағылшын юморы, қатаң-қатігездеу әзіл, күтпеген финалдары арқылы танымал осы автордың «Бас қызметші» атты әңгімесін ұсынғым келеді.

* * *

Оқып, пікіріңізді айтып, сілтемені бөлісе отырыңыз. Содан артық қолдау жоқ. Телеграмдағы әуесқой аударма каналына жазылып қою рекоменделеді. Авторға рахмет айту: +7 707 490 17 67 (Kaspi).

Енді өзіміз отырып әңгіме оқиық:)

* * *

Джордж Кливер алғашқы миллионын тапқан соң миссис Кливерді алып қала сыртындағы кішкентай вилладан Лондондағы салтанатты үйге көшіп барды. Бұл аз десеңіз, удай қымбат ақы сұрайтын мамандар – француз, бас аспаз мсье Эстрагон мен ұлты ағылшын, үйдің бас қызметшісі міндетін атқаратын Тиббсті жалдады. Осы екеудің көмегімен Кливерлер әлеуметтік сатының бойымен өрлей жөнелді. Сол үшін әдейі аптасына бірнеше рет аста-төк дастархан жайып, қонақ шақыратын. Бірақ отырыстарының сәні бір кірмей-ақ қойды. Ұсынылған тағамдардың тіл үйірер дәмі мен қонақтарға көрсетілетін мінсіз қызметке қарамастан даусы жарқын шығып, көңіл көтеріп жүрген адамды кездестіру қиын-ды. «Кливерлердің үйіндегі ғанибет отырысты-ай» деп те ешкім айтпайтын.

— Тиббс, — деді бірде мистер Кливер. — Қонақ күтуіміздің кем тұсы қайсы? Келген ел неге жайраң қағып, еркін отырып-тұрып, демалмайды?

Бас қызметші басын қисайтты да, төбеге қарады.

— Ойыммен бөліссем, көңіліңізге ауыр алмассыз деп үміттенемін, сэр.

— Айт.

— Винодан, сэр.

— Виноға не болыпты?

— Мсье Эстрагон дайындаған тағамдарға мін таға алмайсыз. Ал дәмді тамақтың серігі дәмді шарап болуы керек. Сіз болсаңыз испандардың арзан, құсқыңды келтіретін қызыл виносын қоясыз.

— Баяғыдан бері осыны айтпай аузыңа құм құйып алып па едің, иттің баласы? — мистер Кливер айқайлап жіберді. — Ақшам жетпей ме, не? Ішем деп тұрса, кет демеймін ғой, құямын Құдай ұрғыр виноларын! Әлемдегі ең жақсы вино қандай?

— Кларет, сэр, — деді қызметші. — Ғаламат Бордоның châteaux шараптарынан Лафит, Латур, О-Брион, Марго, Мутон-Ротшильд пен Шеваль-Бланды атауға болады. Ұлы саналатын винтаж жылдарды алу керек, мен олардың қатарына 1906, 1914, 1929 және 1945 жылдарды жатқызамын. 1895 және 1921 жылдардағы Шеваль-Блан да керемет, одан бөлек 1906 жылғы О-Брионды атауға болады.

— Бәрін сатып ал, — деп бұйырды мистер Кливер. — Шарапхананы аузы-мұрнынан шығарып, толтырып таста.

— Тырысып көрейін, сэр, — деді қызметші. — Бірақ мұндай шараптар сирек кездеседі және бағасы өте жоғары.

— Бағасына түкіргенім бар! — деді мистер Кливер. — Ал деген соң ал.

Айтуға оңай, әрине. Тибсс Англиядан да, Франциядан да 1895, 1906, 1914 және 1921 жылдарғы вино таппады. Әйтеуір, үйтіп-бүйтіп жиырма тоғыз бен қырық бестің бірнеше шөлмегін қолға түсірді. Ол үшін және аса қомақты ақша төледі. Шарап ақысының қымбат шыққаны сондай, мистер Кливердің өзі таң-тамаша болып, бай-бағландардың бұған неге сонша көп шығындалатынын сұрап, қызыға бастады. Ал бас қызметші «шараптың қыр-сырын білген абыройыңды аспандатып, беделіңді арттырады» деп емексіткен соң, қожайын тіпті өршелене түсті. Вино туралы қолына түскен кітаптың бәрін сатып алып, жата-жастана оқыды. Тиббс болса виноны дұрыс ішудің жолдарын үйретіп, шарап шебері болудың қыр-сырымен бөлісті.

— Алдымен, сэр, мұрныңыздың ұшын бокалдың үстіңгі ернеуіне тигізіп тұрып, ұзақ, терең дем аласыз – иә, міне, былай. Сосын ұрттайсыз да, аузыңызда ұстайсыз. Еріндеріңізді сәл ашып, абайлап қана ауа жұтасыз, ол шарапты бүлкілдетіп өтуі керек. Міне, менің қалай жасайтынымды қараңыз. Осыдан соң виноны аузыңызда ұстап, ұртыңызда ары-бері қуалайсыз. Тек содан кейін барып жұтасыз.

Уақыт өте келе мистер Кливер өзін шараптың «жілігін шағып, майын ішкен» нағыз маманы санай бастады және адам төзгісіз беймаза қазымырға айналып кетті.

— Ханымдар мен мырзалар, — дейтінді шығарды ол кешкі ас кезінде бокалын көтеріп тұрып. — Мынау бір мың тоғыз жүз жиырма тоғыздың Маргосы! Ғасыр ішіндегі ең керемет жыл! Бұның ғажап букетін айтсаңызшы! Наурызгүлдің иісін сезем, пах, шіркін! Ұрттап жұтып көрген соң ауызда қалатын қасиетіне мән беріңіздер! Таниннің байқалар-байқалмас табы бұл шарапқа ауызды тұтып қалатын керемет дәм сыйлайды екен! Тамаша емес пе, а?

Қонақтар жаппай бас шұлғысады, әлдебір жаттанды сөздерді айтады, бірақ одан әріге бара қоймайды.

— Бұл есалаңдарға не жетпейді-ей, а? — деп сұрады бірде Тиббстен. Келген ел кезекті рет мұның вино туралы оқыған-тоқығанына мән бере қоймаған болатын. — Ғажап шараптың әділ бағасын беретін ешкім болмағаны ма?

Бас қызметші басын қисайтты да, төбеге қарады.

— Меніңше, сэр, қонақтарыңыз ішіп көрсе, міндетті түрде жақсы-жақсы ойларымен бөлісер еді. Тек олар сіз сөз қылған шараптың дәмінің қандай екенін білмейді.

— Білмегені нес, не оттап тұрсың?

— Қателеспесем, сэр, сіз мсье Эстрагонға салат тұздығына уксусты аямай қос деп айттыңыз ғой деймін.

— Е, айттым, ода тұрған не бар? Уксусты жақсы көрем.

— Уксус, — деді бас қызметші оқушымен сөйлескен мұғалім құсап, — шараптың қас жауы. Ол таңдайды тұтып тастайды. Салат дәмдеуіші аз-мұз ғана лимон шырыны қосылған таза зәйтүн майынан жасалуы керек. Басқа бірдеңе қосуға болмайды.

— Қыртқан әңгіме, — деді мистер Кливер.

— Дегеніңіз болсын.

— Тағы айтам, Тиббс. Андағы сөзің сөз емес, сандырақ. Уксус таңдайыма еш әсер етпейді.

— Жолыңыз болған екен, сэр, — деп күбірледі бас қызметші бөлмеден шегіншектеп шығып бара жатып.

Сол күні кешке мистер Кливер қонақтардың көзінше Тиббсті әжуәлауын ары қарай жалғастырды.

— Мистер Тиббс, — деді ол, — маған мына керемет виноларымның дәмін толық сезіне алмай жүргенімді айтты. Себебі салат дәмдеуішіне уксусты көп қостырады екем. Солай ма, Тиббс?

— Иә, сэр, — деді Тиббс түнеріп.

— Мен мұның оттаған әңгіме дедім. Дедім бе, Тиббс?

— Иә, сэр.

— Мына шарап, — деді мистер Кливер бокалын көтеріп, — маған қырық бестің Шато-Лафитін еске түсіреді. Жо, былай дейін: Бұл – қырық бестің Шато-Лафиті, күмәнім жоқ.

Буфет жанында сымдай болып тартылып, тікесінен тік тұрған бас қызметшінің өңі қуарып кетті.

— Сөз қосуға рұқсат етіңіз, сэр, бұл қырық бестің Лафиті емес.

Мистер Кливер кілт бұрылды да, Тиббске қадала қарады.

— Немене деп мұрныңның астынан бырқылдап тұрсың? – деді ол. — Әні, жаныңда бос бөтелкелері тұр ғой.

Аса қымбат кларет шараптар шөлмекке ұзақ жылдар бұрын құйылғандықтан, көп тұнба түзілетін. Сондықтан бас қызметші кешкі ас алдында оларды хрусталь графиндерге ауыстырып құйып, қонақтарға тартатын, ал бөтелкелердің өзі салт бойынша буфетке, ел көрінетін жерге қойылатын. Қазір де буфетте 1945 жылғы Лафиттің екі бос құтысы тұр еді.

— Сіз ішкен вино, — деді сабырлы түрде бас қызметші, — испанның арзан, сасық қызылы.

Мистер Кливер бокалындағы сусынға бір, бас қызметшіге бір қарады; бет-аузы қызарып, булығып кетті.

— Өтірік айтып тұрсыз, Тиббс!

— Жоқ, сэр, алдап тұрған жоқпын, — бас қызметші қарсы шықты. — Үйіңізге келгелі бері мен сізге испанның қызылынан басқа бірде-бір шарап құйған емеспін. Және ол көңіліңізден шығып, сізге ұнап-ақ жүрген сияқты.

— Сенбеймін! — деді мистер Кливер қонақтарына қарап. — Мынаның есі ауысып кеткен сияқты.

— Ұлы виноларға, — деді Тиббс, — құрметпен, ізетпен қарау керек. Отырыстарыңыздың жаман әдеті бар: кешкі ас алдында үш-төрт коктейль ішіп, таңдайдың дәмін кетіресіздер. Мұның өзі – қылмыс. Ал сіз бұған қоса тамаққа уксус қосып, қойыртпақтайсыз. Осыдан кейін шарап іштің не, жуынды іштің не, бәрібір.

Ондаған адам бас қызметшіге ашулана қарады. Олар мұндайды күтпеген еді. Тіпті ауыздарына сөз түспей қалды.

— Мынау, — деді бас қызметші бос шөлмектің бірін мейірлене сипап тұрып, — қырық бестің соңғысы еді. Жиырма тоғыздардың біткені қаш-шан. Қандай керемет винолар. Мсье Эстрагон екеуміз бұрын-соңды көрмеген рахаттың дәмін осы шараптардың арқасында білдік.

Тиббс иілді де, жәй басып сыртқа бет алды. Холды кесіп өтіп, бас есіктен көшеге шықты. Мұнда мсье Эстрагон екеуінің «үлесіміз ортақ» деп теңдей бөлісіп алған кішкентай машиналарына екі қызметшінің шабадандарын жүктеп жатқан болатын.

Пікір қалдыру