КЕН ЛЮ. Қағаз аңдар қонысы

Көрнекі сурет. Дереккөз: note.com

Кен Лю – АҚШ-Қытай жазушысы. Бүгін ұсынып отырған «Қағаз аңдар қонысы» атты әңгімесі үшін әдебиет саласындағы беделді деген «Небюла», «Хюго» және World Fantasy Awards жүлделерін алған. «Қағаз аңдар қонысы» – осы үш премияға қатар қол жеткізген тұңғыш шығарма.

* * *

Оқып, пікіріңізді айтып, сілтемені бөлісе отырыңыз. Содан артық қолдау жоқ. Телеграмдағы әуесқой аударма каналына жазылып қою рекоменделеді. Авторға рахмет айту: +7 707 490 17 67 (Kaspi).

Енді өзіміз отырып әңгіме оқиық:)

Кен Лю. /wikimedia.org/

* * *

Кішкентай кезімдегі есте қалған ең жарқын сәттердің бірі бұлқан-талқан болып жылағанымнан басталады. Әке-шешем не істесе де, қандай сөз айтса да, жұбата алмаған еді сол жолы.

Ақыры папам жеңіліс тапқанын мойындап, жатын бөлмеден шығып кетті. Мамам өйткен жоқ: мені асүйге ертіп апарды да, үстелге отырғызып қойды.

– Kan, kan1, – деді ол тоңазытқыштың үстінде жатқан орама қағаздың бір бетін алып жатып. Ұзақ жылдар бойы мамам Рождество сыйлықтарының сыртын орайтын қағаздарды тоңазытқыштың үстіне әдемілеп жинап жүретін.

Парақтың ішкі жағын жоғары қаратып үстелдің бетіне қойды да, бүктей бастады. Жылағанымды қойып, анама қызыға қарап қалдым.

Қағазды аударып, тағы бір бүктеді. Сосын қабаттады, орады, қыстырды, бұрады, қайта бүктеді. Ақыр соңында әжептеуір парақ титтей болып, уысында көрінбей қалды. Анам қолын көтеріп, аузына апарды да, шар үрлегендей үрлеп қалды.

– Kan, – деді ол. – Laohu2.

Қолын үстелге қойып, алақанын ашты.

Үстел бетінде үлкендігі қос жұдырықтай ғана кішкентай қағаз жолбарыс пайда болды. Терісінің өрнегі әппақ парақтағы қызыл карамель таяқшалар мен жасыл рождество шыршалары бейнеленген орама қағаздікіндей болыпты да шығыпты.

Мамам жасаған дүниеге қолымды создым. Жолбарыс құйрығын бұлғаңдатты да, ойнақтап саусағыма тұра ұмтылды.

– Раурр-са, – деп ырылдады. Онысы мысықтың пырылы мен газеттің сытырлағанының арасындағы бір үнге ұқсады.

Селк еттім, бірақ артынша сықылықтай күлдім. Сұқ саусағыммен арқасын сипап ем, қағаз жолбарыстың сүйсіне пырылдағанын сездім.

– Zhe jiao zhezhi3, – деді анам. Мұның аты «оригами» екен.

О кезде білмедім ғой. Анам ерекше адам болыпты. Оригамилерге осылай үрлеп жан бітіретін. Бұл оның сиқыры еді.

* * *

Әкем анамды каталогтан таңдап алыпты.

Бірде, жоғары сыныпты бітірер жылы папамнан мұның не екенін, не білдіретінін айтып беруді сұрадым. Анам мен мені татуластырып, екеуіміздің қайта сөйлесе бастауымыз үшін не ойлап тапсам деп жүрген кезі ғой, бәрін түсіндіріп берді.

Танысу қызметінің көмегіне 1973 жылдың көктемінде жүгініпті. Қолына берілген каталогты немқұрай ғана ақтарып отырса керек, әйтеуір, әр үміткер қызды бірнеше секундтан артық зерттемеген. Ақыры анамның фотосын көзі шалыпты.

Мен ол суретті ешқашан көрмегем. Әкемнің айтуынша, мамам камераға бір қырымен қарап түскен. Үстінде енсіз жасыл жібек чонсам болса керек. Орындықта отыр, объективке тік қарайды. Ұзын қара шашы иығы мен кеудесіне төгіле жауып тұр. Көзқарасы тыныш, сабырлы баланың көзіндей.

– Бұл – мен қараған каталогтың соңғы беті еді, – деді әкем.

Сурет жанындағы ақпаратта қыздың жасы он сегізде екені, билеуді жақсы көретіні, Гонконгте туып-өскендіктен ағылшынша еркін сөйлейтіні жазылыпты. Мұның бәрі өтірік екенін кейін барып білген ғой.

Таңдау жасаған соң әкем қызға бір ауыз сөз жазып жіберіпті. Ақыры жеке жүздесіп-кездесу үшін Гонконгқа ұшып шыққан. Оған дейін танысу компаниясы ортада жеңгетай болып, ары-бері хат тасыпты.

– Мамаңның орнына компания қызметкерлері жауап жазатын, себебі ол ағылшынша «сәлем» мен «сау болдан» басқа ештеңе білмейтін еді.

Қандай әйел ақшаға сатылу үшін суретін каталогқа жариялауға рұқсат береді? Жоғарғы сыныпта оқитын мен көп дүние білемін деп ойлаушы едім. Осылай менсінбей, асқақтай қарау маған шараптан кейінгідей жақсы бір сезім сыйлайтын.

Танысу агенттігінің кеңсесіне баса-көктеп кіріп барып, ақшамды қайтарыңдар деудің орнына әкем қонақ үй ресторанындағы даяшыдан аудармашы болуды сұрапты.

– Сөйлеуін сөйледім ғой. Ал ол маған қарап қана отырды. Көзінен үрей мен үмітті қатар көрдім. Даяшы не айтқанымды аудара бастағанда, жәйлап қана жымиды.

Әкем болашақ жарын жанына көшіріп алу үшін құжат дайындауға Коннектикутқа қайтып кетті.

Бір жылдан кейін, Барыс жылында Америкада мен тудым.

* * *

Анам сұрағанымды орындап, орама қағаздан ешкі, марал, буйвол жасап берді. Үшеуі қонақ бөлмеде жосып жүретін, ал Лаоху оларды қуалаймын деп шаршайтын, бірақ онысына қуана ырылдайтын. «Құрбандығы» тырнағына іліккен кезде, үстіне шығып алып, ішіндегі желі түгел шығып, жайпиып, бүктелген теп-тегіс қағаз болып қалғанша басып тұра беретін. Сосын мен оларды қайта үрлейтінмін. Арлы-берлі жүгірген аңдар бөлмеде қайта пайда болатын.

Кейде олар бүлініп те қалатын. Бірде кешкі ас кезінде буйвол соя соусы құйылған тәрелкеге түсіп кетті (сірә, нағыз буйвол сияқты қара балшықта езіліп жатқысы келсе керек). Сол сәтте-ақ шығарып алдым, бірақ аяғы малынған сұйық соус қағазға сіңіп үлгеріпті. Былжыраған төрт аяғы ойыншықты ұстамай қалды – тік тұрмайды, құлап қала береді. Күнге қойып, кептірдім, бірақ сирақтары әбден қисайып бітті. Жүгірген кезде ақсаңдайтын болды. Ақыры шешем аяқтарын тамақ пленкасымен орап тастады. Енді буйволым қанша жатам десе де, ешкім қой демейтін (әрине, соя соусы болмаса болды).

Аулаға ойнауға шыққанда Лаоху торғайларға секіргенді қатты жақсы көретін. Бірде бұдан қашып, бұрышқа тығылған шымшық қорғанамын деп құлағын шоқып, жыртып тастады. Мамам скотчпен құлағын қайта шандып жатқанда қолымдағы жолбарыстың қыңсылап дір-дір еткені есімде. Содан кейін торғайларға жоламайтын болды.

Тағы бір жолы телевизордан акулалар туралы деректі фильм көріп, мамамнан акула жасап берші деп сұрадым. Акула қолыма тиді, бірақ ол байғұс жүземін деп үстелдің бетінде ары-бері бұлқынып жатты да қойды. Раковинаға су толтырып, сонда жібердім. Балық шыр айнала жүзді. Бірақ біраз уақыттан соң қағазға әбден су сіңіп, бояғы кетті, сосын ойыншық баяу батып жоғалды. Қағаздың бүктелген жерлері ажырап кетіпті. Құтқаруға тырыстым-ақ. Алайда су түбінен алып шыққанымда, қолымда акула емес, мылжа-мылжа қағаз парағы ғана болды.

Лаоху алдыңғы табандарын раковина шетіне қойып, басын салды. Құлағын жымпитып, жаймен ырылдады. Өзімді кінәлі сезіндім.

Мамам тағы бір акула сыйлады, бірақ бұл жолы фольгадан жасап берді. Ол алтын балықтың үлкен аквариумында бақытты өмір сүрді. Лаоху екеуіміз ойыншық акуланың алтын балықты әрі-бері қуалайтынын тамашалап отырғанды жақсы көретін едік. Аквариумның ар жағындағы Лаоху бетін әйнекке жабыстырып алатын. Судан кеседей болып үлкейген екі көзі бергі беттегі маған бақырайып қарайды.

* * *

Мен онға толғанда қаланың басқа шетіндегі жаңа үйге көшіп бардық. Көрші тұратын екі әйел қоныс құтты болсын айта келді. Әкем шәй-сусын ұсынды да, алдыңғы қожайын төлеуі тиіс шоттардың мәселесін шешу үшін коммуналдық қызметке баруым керек еді деп кешірім сұрады.

– Үйдегідей сезініңіздер. Жұбайым ағылшынша аз-мұз ғана біледі, сондықтан бізді жөндеп қарсы алмады деп сөге жамандамаңыздар.

Мен тамақ бөлмесінде кітап оқып отырдым, анам асүйде заттарды орын-орнына қойып жүрген. Көрші әйелдер қонақ бөлмеде ешкімнен қымсынбастан сөйлесіп отыр.

– Тәп-тәуір-ақ еркек сияқты. Неге олай етті екен? Түсінбедім.

– Әйтеуір, қан араластырғанның бір бәлесі бар. Ана баласының сиқын қарашы. Көзі сығырайған, өзі әппақ. Құбыжық па, бірдеңе.

– Ағылшынша біле ме екен?

Үндемей қалды. Сәлден кейін екеуі тамақ бөлмеге кірді.

– Сәлем! Атың кім?

– Джек, – дедім мен.

– Е, ең болмаса, мұның қытайша емес екен.

Осыдан кейін анам кірді. Әйелдерге қарап күлімсіреді. Үшеуі мені ортаға алып, папам келгенше не айтарын білмей жымиып, бас изесіп тұрды да қойды.

* * *

Көрші бала Марк маған «Жұлдызды соғыстардағы» қаһармандардың бірінің ойыншығын алып, қонаққа келді. Оби-Ван Кенобидің сәулелі қылышы жанады екен, ал ойыншықтың өзі қолдарын шошаңдатып, «Күшімді көр!» деп шіңкілдейді. Маған ол нағыз Оби-Ванға ұқсамайтындай көрінді.

Кофе үстеліне қойып, қуыршақты бес рет сөйлетіп, қозғалақтағанын қарап тұрдық.

– Басқа не істей алады? – деп сұрадым.

Мұныма Марк жатып ашуланды:

– Өй, сен мұның ұсақ-түйегіне дейін айнымай қалғанына қарамайсың ба?!

Ұсақ-түйегіне қарадым да, не айтарымды білмей сасыңқырап қалдым.

Оныма Марктің көңілі толмады:

– Ойыншықтарыңды көрсетші.

Менде қағаз аңдардан басқа ештеңе жоқ еді. Бөлмемнен Лаохуды алып шықтым. Бұл кезде жолбарысым әжептеуір ескірген болатын. О жер-бұ жері желімделіп, скотчпен оралған. Бұл — анам екеуіміздің ұзақ жылдар бойғы жөндеу жұмыстарымыздың белгісі. Лаоху бұрынғыдай епті және батыл емес еді. Кофе үстеліне қойдым. Басқа аңдардың тыпырлап келіп, дәлізден қонақ бөлмеге сығалап тұрғанын сездім.

– Xiao laohu4, – деп кібіртіктеп қалдым. Сосын ағылшыншаға көштім: – Жолбарыс.

Лаоху байқастап жақындады да, Марктің қолын иіскелеп, пырылдады.

Марк ойыншық терісіндегі Рождество қағазының өрнегін мұқият қарап шықты.

– Жолбарысқа мүлдем ұқсамайды ғой. Мамаң саған ойыншықты қоқыстан жасап бере ме?

Лаоху туралы қоқыс деп ешқашан ойлап көрмеппін. Бірақ сол сәтте, Марктің жанында тұрып, мен оның жәй ғана жыртылған орама қағаз екенін түсіндім.

Марк Оби-Ванның басын түртіп қалды. Сәулелі қылыш жарқ етті, қуыршақ қолын сілтеп қалды: «Күшімді көр!»

Лаоху жалт бұрылды да, Оби-Ванға секірді. Пластик ойыншық еденге құлап, быт-шыты шықты, басы диванның астына домалап кетті.

– Раааааа, – деп күлді Лаоху. Мен де қосыла күлдім.

Марк мені итеріп жіберді.

– Бұл өте қымбат ойыншық! Қазір бірде-бір дүкенде сатылмайды. Бағасы сенің әкеңнің шешең үшін төлеген ақшасынан да қымбат шығар!

Мен шегіншектеп барып құладым. Лаоху ырылдап, Марктің бетінен ала кетті.

Марк ауырғаннан емес, қорқыныш пен таңғалыстан айқайлап жіберді. Себебі Лаоху жәй ғана қағаз ойыншық болатын.

Ол жолбарысты шап беріп ұстап алды да, анау тістеген жерін босатқанда, қақ айырып жыртып тастады. Екі уыс қағазды мыжып-мыжып, маған лақтырып жіберіп:

– Боққа тұрғысыз арзан қытай қоқысыңды өзің ал! – деді.

Марк кеткен соң жыртылған қағазды қайта желімдеймін деп әуре болдым. Мыжылған жерлерін түзеп, бұрынғы бүктелген тұстарын қалпына келтірем деп қанша тырыссам да болмай қойды. Басқа аңдар қонақ бөлмеге абайлап кіріп, бұрын Лаоху болған орама қағаз бен мені қоршап, қарап тұрды.

* * *

Марк екеуіміздің дауымыз мұнымен біткен жоқ. Ол мектептегі ең беделді оқушылардың бірі еді. Келесі екі апта бойы көрмеген құқайым қалмады, бұл туралы тіпті ойлағым да келмейді.

Мен үшін тозаққа айналған осы екі апта аяқталған соң жұма күні үйге келдім.

– Xuexiao hao ma?5 – деп сұрады мамам.

Ештеңе деместен ваннаға кіріп кеттім. Айнаға қарадым. Оған мүлдем ұқсамаймын. Еш жерім келмейді.

Кешкі ас кезінде әкемнен:

– Мен қытайлыққа ұқсаймын ба? – деп сұрадым.

Ол тамақ жеп отырған таяқшаларын былай алып қойды. Мектептегі жағдайдың қандай екенін осы уақытқа дейін мүлдем айтпағанмын, бірақ әкем бәрін біліп жүрген сияқты. Көзін жұмып, мұрнын сипалады да:

– Жоқ, ұқсамайсың, – деді.

Анам дым ұқпай әкеме қарады. Сосын маған бұрылып:

– Sha jiao6 «қытайлық»?– деді.

– Ағылшынша, – дедім мен. – Ағылшынша сөйле!

Айтуға тырысты:

– Не болды?

Алдымда тұрған ыдысты таяқшаларымен қоса итеріп жібердім. Ішінде бес тұздық қосылған сиыр еті және қуырылған жасыл бұрыш болатын.

– Біз Америка тамағын жеуіміз керек.

Әкем сабырға шақырды:

– Қытай тамағын ара-тұра дайындап тұратын отбасы көп.

– Біз басқа отбасыларға ұқсамаймыз. – Әкеме қарадым. Басқаларда бұл жерге лайық емес шеше жоқ.

Папам бұрылып кетті. Сосын қолын мамамның иығына қойып:

– Кулинар кітабын алып беремін, – деді.

Мамам маған бұрылды:

– Bu haochi?7

– Ағылшынша сөйле, – дедім мен даусымды қатайтып. – Ағылшынша сөйле!

Мамам қызуым көтерілді ме деп ернін маңдайыма тигізіп көргісі келді:

– Fashao la?8

Қолын итеріп жібердім.

– Сап-саумын. Ағылшынша сөйле! – айқайлап жіберуге шақ қалдым.

– Баламен ағылшынша сөйлесші, – деді әкем мамама қарап. – Әйтеуір бір күні осылай болатынын білдің ғой. Не күтіп ең?

Анам қолын түсірді. Алаң көңілмен әкеме, сосын маған қарап, орнына отырды. Бірдеңе айтайын деді де, тоқтап қалды, сосын тағы бір сөз айтпақшы болып, тағы үндемей қалды.

– Міндетің, – деді әкем. – Бұрын мәжбүрлемейтін едім. Қазір Джекке осы қоғамның бір бөлігіне айналу керек.

Анам оған қарады.

– «Жақсы көремін» дегенді мына жерден айтамын, – ернін көрсетті. – Ал «ai9» дегенді мына жерден айтамын, – қолын жүрегіне қойды.

Папам басын шайқады:

– Сен Америкада тұрасың.

Мамам отырған жерінде шөгіп кетті. Баяғы Лаоху секіріп ұстап алып, ішіндегі ауасын шығарып тастаған буйволға ұқсап қалды.

– Сосын маған шын ойыншықтар керек, – дедім.

* * *

Әкем маған «Жұлдызды соғыстар» кейіпкерлерінің жинағын сатып алып берді. Оби-Ван Кенобиді Маркке сыйладым.

Қағаз аңдарды аяқ киімнен қалған үлкен қорапқа салып, төсектің астына тығып қойдым.

Келесі күні таңертең ескі ойыншықтарым қораптан шығып, бөлмедегі өздерінің үйреншікті орындарына жайғасып алыпты. Бәрін ұстадым да, қорапқа салып, қақпағын скотчпен жақсылап орап тастадым. Алайда қамаудағы аңдар шулауын қоймады. Сондықтан қорапты бөлмемнен алыс жаққа, шатыр астындағы бір түкпірге апарып қойдым.

Анам менімен қытайша сөйлессе, жауап бермейтінмін. Біраз уақыт өткен соң ағылшынша көбірек тіл қата бастады. Алайда қытай акценті, қате-қате сөйлеуі мені ұялтатын. Түзеуге тырысатынмын. Ақыры жанында болсам, аузын ашпайтын болды.

Маған айтқысы келетінін ымдап жеткізетін. Телевизордағы Америка мамалары сияқты құшағына аламын деп әуре болатын. Мен онысын тым өрескел, сенімсіз, ебедейсіз, оғаш көретінмін. Ашулана бастағанымды көріп, қоя қоятын.

– Мамаңмен жұмсақтау болсаңшы, балам, – дейді әкем. Бірақ көзіме тік қарай алмаушы еді. Коннектикут маңынан өз орнын табады деген үмітпен қытайдың шаруа қызына үйленгені қате болғанын іштей түсінген шығар деп ойлаймын.

Анам америка тамағын дайындауды үйреніп алды. Мен видеоойындар ойнап, француз тілін үйреніп жүрдім.

Кейде анамды асүйдегі үстел басында орама қағаздың ішін сыртына беріп, әлдене жасап отырғанын көретінмін. Сол күні бөлмемде жаңа қағаз ойыншық пайда болатын. Ол маған келіп еркелейтін. Бірақ мен ойыншықты алып, ішіндегі ауасы шыққанша қысып ұстап тұрып, шатыр астындағы қорапқа тығып тастайтынмын.

Жоғары сыныпқа көшкенімде, мамам аң жасауды қойды. Ағылшын тілін едәуір меңгеріп алған болатын, бірақ бұл кезде мен оның қай тілде сөйлейтініне, не деп жатқанына мүлдем мән бермейтін жасқа келген едім.

Кей-кейде нәзік анамның ас бөлмеде үй қамымен шаруа жасап, ыңылдап қана қытайша ән айтып жүргенін көретінмін және бұл адамның шешем екеніне еш сенбейтінмін. Екеуімізге ортақ ештеңе жоқ еді. Айдан келген біреу сияқты. Болашақта мені бақытты қылатын америкалық арманыма асығып, бөлмеме кіріп кетемін.

* * *

Әкем екеуіміз аурухана төсегінің екі жағында тұрмыз. Әлі қырыққа келмеген болса да, анам әлдеқайда кәрі көрінеді.

«Бөгет емес» деп ішіндегі ауруын дәрігерге көрсетуден ұзақ жылдар бойы бас тартып келді. Жедел жәрдем келіп алып кеткенде, обырдың асқынғаны сонша, анама ота жасаудың еш мән-мағынасы қалмаған болатын.

Өзім осында болғаныммен, есіл-дертім палата сыртында, алыста еді. Университетте жас мамандарды жұмысқа қабылдау шарасы жүріп жатқан-ды, сондықтан бар ой-таназарым резюме, академиялық үлгерім мен алдағы келіссөздерде қандай сөз айтып, өзімді қалай ұстау керектігі туралы әдіс-тәсілдерде еді. Жалақысы барынша жоғары қызметке іліну үшін жұмыскерлерді іріктейтін корпоратив менеджерге не деп өтірік айтсам болады деп бас қатырып тұрмын. Әрине, анаң өлім аузында жатқанда, мұндай дүниелерді ойластыру ұят екенін түсінемін. Бірақ бұл шын сезімдеріме еш әсер ете алмады.

Анам есін біліп жатты. Әкем сол қолын қос қолдап ұстап алған. Еңкейіп, маңдайын сүйді. Сосын маған қарады. Қартайып кеткендей, әлсіз жандай көрінді. Кенет әкем туралы да мамамнан артық ештеңе біле бермейтінімді түсіндім.

Мамам оған жымия қарады:

– Жағдайым жаман емес.

Сосын сол күлімсіреген күйі маған бұрылды.

– Оқуыңа қайту керек екенін білемін, – даусы әлсіз ғана шықты, денесіне жалғанған аппараттардың гуілінен әрең естіледі. – Бара ғой. Алаңдама маған. Ештеңе етпейді. Сабағыңды жақсы оқы.

Осылай ету керек шығар деген оймен қолын жәйлап сипадым. Сол үшін де бір міндеттен құтылғандай жеңілдеп қалдым. Калифорнияның шуақты құшағына оралатыным жайында ойлап тұрған едім.

Мамам әкеме бірдеңе деп сыбырлады. Әкем басын изеді де палатадан шығып кетті.

– Джек… Мен… – Жөтеліп, ештеңе айта алмай біраз жатты. – Мен олай-былай боп кетсем, қайғырма, күйме. Өміріңді сүр. Тек шатыр астындағы қорап жаныңда болсын. Әр жылы Шыңмиң мерекесінде шығарып, мені есіңе алып тұр. Қасыңда боламын. Әрдайым.

Шыңмиң қайтыс болған адамдарды еске алатын қытай мерекесі еді. Кішкентай кезімде жыл сайын осы Шыңмиңде анам Қытайдағы қайтқан ата-анасына хат жазып, оларға Америкадағы өмірі туралы жақсы жаңалықтарды «хабарлайтын». Сосын маған дауыстап оқып беретін, ал мен бірдеңе айтсам, тоқтап, онымды жазғанына қосып қоятын. Артынан хатты қағаз тырна кейпінде бүктеп, батысқа қарата ұшырып жіберетін. Екеуіміз алыс Қытайдағы анамның отбасының бейітіне бет алып, Тынық мұхитты кесіп ұшуға тәуекел еткен кішкентай тырнаның қанаттарын әлсіз ғана қағып, ұзақ жолға аттанғанына қарап тұратынбыз.

Соңғы тырнаны бірге жібергенімізден бері көп жыл өткен еді.

– Қытай күнтізбесі туралы ештеңе білмеймін, – дедім мен. – Мама, шаршама, демалшы.

– Қорапты сақта, ара-тұра ашып тұр. Жәй ғана ашып тұр, – қайтадан жөтеле бастады.

– Бәрі жақсы, мама, – қолын ебейдейсіздеу ұстадым.

– Haizi, mama ai ni10, – жөтел буып, қыстығып, сөйлей алмай қалды. Алыс қалған бала кезімдегі естелік суреттер елбеңдеп қайта шықты: міне, мамам «ai» деп, қолын жүрегіне қойып жатыр.

– Жақсы, мама. Сөйлеймін деп қиналмағаның дұрыс.

Әкем кірді. Рейстен қалып қалмау үшін әуежайға ертерек баруым керек екенін айттым.

Ұшағым шамамен Неваданың аспанында бара жатқанда анамның демі үзілді.

* * *

Мамам қайтқан соң әкем күрт шөгіп, қартайып кетті. Үй үңірейіп бос қалды, тым үлкен болғандықтан сатамыз деп шештік. Құрбым Сьюзен екеуіміз папама дүние-мүлікті көшке дайындап, үй тазалап қоюға көмектесеміз деп келген едік.

Сьюзен шатыр астынан аяқ киім қорабын тауып алды. Ұзақ уақыт қараңғы жерде жатқан қағаз аңдар әбден тозыпты, орама қағаздың бір кездергі қанық бояуы солғын тартыпты.

– Мә, мұндай оригамиді көрмегем, – деді Сьюзен. – Анаң нағыз шебер болыпты ғой.

Қағаз аңдар қозғалмады. Оларға жан бітірген сиқыр мамамның қайтуымен жоғалған сияқты. Әлде ойыншықтарды тірілткен қиял-елесім бе екен… Бала күннің естеліктеріне сене беруге болмайды.

* * *

Анам кеткелі екі жыл өтті. Сәуір айы болатын, алғашқы демалысымдамын. Сьюзен басқару жөніндегі кеңесші болып жүр. Жұмысындағы бітпейтін іссапарларының біріне кетіп қалған еді. Мен теледидарға телміріп, үйде қалдым.

Арналарды еріне ауыстырып отыр едім, акулалар туралы деректі фильмді көріп қалдым. Кенет маған акула жасап беремін деп фольга орап жатқан анамның қолдары, Лаоху екеуіміздің жанында шошиып қарап отырғанымыз есіме түсті.

Әлдене сыбдыр етті. Дыбыс шыққан жаққа қарап едім, кітап шкафының жанында жерде ол жақ-бұл жағына скотч жабысқан мыж-мыж орама қағаз жатқанын көрдім. Қоқыс шелегіне тастау үшін қасына бардым.

Қағаз қозғалақтап, жыбырлай бастады. Ақыры Лаохуға айналды. Жолбарыс туралы ұмытқалы қашан… Таңданып, қарап қалыппын.

– Раврр-са.

Марк жыртып тастаған соң жөндей алмаған едім. Сол күйі қалған болатын. Анам қайта желімдеп қойған сияқты.

Ойымдағы Лаохудан әлдеқайда майда көрінді. Әлде бір кездері менің алақандарым кішкентай болды ма?

Сьюзен «безендіремін» деп, қағаз ойыншықтарды әшекей ретінде пәтеріміздің әр жер-әр жеріне қойып тастаған болатын. Сиқы қалмаған Лаохуды бір қараңғы бұрышқа тастаса керек.

Еденге отыра кеттім де, жолбарысқа қолымды создым. Лаохудың құйрығы ербең етті. Артынша ойнақтап бас салды. Күліп жібердім. Арқасынан сипадым. Ойыншық пырылдай жөнелді.

– Қал қалай, достым?

Лаоху ойнағанын қойды. Мысықтектестерге тән кербездікпен тіземе секіріп шықты да, қырыс-бұрысы жазыла бастады.

Сәлден соң алдымда суретсіз бетін жоғары қаратқан, әбден мыжылған бір парақ орама қағаз жатты. Қытай иероглифтары жыпырлаған әлдебір мәтін көрдім. Қытайша оқу-жазуды сол күйі үйренбеген болатынмын, әйтсе де «Ұл» деген сөзді білдіретін иероглифтерді танитынмын. Олар жазудың жоғарғы жағында, әдетте хатты алатын адамның аты тұратын жерде көрсетіліпті. Айбақ-сайбақ, кішкентай бала жазған секілді. Анамның қолы екенін бірден таныдым.

Компьютерге барып, Интернетті аштым. Бүгін Шыңмиң екен.

* * *

Хатты өзіммен бірге қалаға ала шықтым. Мұнда кей-кейде қытай туристері бар автобустар тоқтайтын. Көрген турисімді тоқтатып алып, «Nіn huі du zhongwen ma?11» деп сұрай бастадым. Анамның тілінде сөйлемегеніме көп болған-ды, сондықтан бұлардың мені түсініп тұрғанына сенімді емес едім.

Бір жас қыз көмектесейін деді. Орындыққа отырдық. Хатты дауыстап оқып берді. Ұзақ жылдар бойы мен ұмытуға тырысқан тіл қайта оралды. Айтылған әр сөздің ет пен терімді, сүйегімді тесіп өтіп, жүрегімді сығымдап қысып бара жатқанын сездім.

* * *

Ұлым,

сөйлеспегенімізге көп болды. Мен тиіп кетсем, ашулана бастайсың. Жаныңа келуден қорқамын. Сосын бар ғой, күні-түні бір басылмайтын ішімдегі мына ауру жақсылыққа әкелмейтін сияқты.

Осы хатқа отырғанымның себебі – сол. Ойларымды қағаз аңдарға жазып қалдырамын. Оларды жасауды қойған емеспін, себебі сен бұрын ойыншықтарымды қатты жақсы көретінсің.

Мен өлгенде, қағаз аңдар да қозғалуын қояды. Бірақ шын жүрегімнен шыққан сөздердің арқасында бір бөлшегім бұл әлемде қалады. Ал қайтыс болған адамдардың рухы отының басына оралатын Шыңмиң мерекесінде мені есіңе алсаң, артымда қалған осы бөлшектерді қайта тірілте аласың. Сен үшін жасалған ойыншықтар бұрынғыдай секіріп, ойнап, жүгіре бастайды. Бәлкім, сол кезде осы сөздерімді оқырсың.

Хат қытай тілінде, себебі жүрегім мен көңілімдегі дүниені басқаша жеткізе алмас едім.

Осы уақытқа дейін саған өткен өмірім туралы айтпай келдім. Кішкентай кезіңде «Бәрін түсінуі үшін үлкейсін, есейгенде әңгімелесерміз» дейтінмін. Ер жеткеніңде орайы келмей-ақ қойды.

Мен 1957 жылы Хыбей провинциясындағы Сигулу деген ауылда дүниеге келдім. Атаң мен әжең кедей шаруа отбасынан шыққан-ды, туған-туысы да аз болатын. Мен туған соң бірнеше жылдан кейін Қытайға Ұлы аштық келді. Отыз миллионнан астам адам өлді. Бала кезімдегі бір көрініс әлі есімде: бір күні оянып, шешемнің қарнын толтыру үшін топырақ жеп отырғанын көрдім. Сондағысы соңғы бір уыс ұнды маған қалтырыпты.

Біраз уақыт өткен соң жағдай жақсарды. Сигулу zhezhi12 атты қағаз ойыншықтарымен белгілі еді. Анам маған қағаздан аң жасап, оған өмір сыйлауды үйретті. Бұл – ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналған сиқыр болатын. Біз бау-бақшадағы шегірткені қуалайтын қағаз торғайлар, тышқан аулайтын қағаз жолбарыстар жасайтынбыз. Қытайша Жаңа жылда достарымызбен бірге қызыл қағаз айдаһарлар істейтін едік. Осы бір кішкентай ойыншықтардың құйрығына байланған тарс-тұрс шартылдақтарды сүйретіп, аспанға шырқай ұшқанын ешқашан ұмытпаймын. Сондай жақсы көретін едік. Бұл дәстүр өткен күндерде болған жаман естеліктерді жолатпайды деп сенетінбіз.

1966 жылы Мәдени революция басталды. Көрші көршінің түбіне жетті, аға мен іні бір-бірін жау көрді. Әлдекім анамның бауырының 1946 жылы Гонконгқа кетіп, сол жақта саудагерге айналғанын еске салды. Бұл біздің тыңшы һәм халық жауы екеніміздің бұлтартпас «дәлелі» екен, сондықтан түбімізге жетпей қоймау керек болыпты. Байғұс әжең-ай! Қорлыққа шыдамай, құдыққа батып өлді. Сосын аңшы мылтық ұстаған бір жігіттер келіп, атаңды орманға сүйреп алып кетті. Ол содан оралмады.

Сөйтіп он жасымда жетім қалдым. Жалғыз туысым – әлгі Гонконгтегі ағам. Бір түні ауылдан қашып шықтым да, оңтүстікке бет алған жүк пойызына отырдым.

Екі күннен кейін Гуаңдұң провинциясында бірнеше адам мені егіс алқабында егін ұрлап жүрген жерімнен ұстап алды. Гонконгқа бара жатқанымды естіген соң, әбден күлді:

– Бағың бар екен. Біз Гонконгқа қыздар жіберумен айналысамыз.

Мені басқа қыздармен бірге жүк көлігінің астына жасырып, шекарадан өткізіп жіберді.

Әлдебір жертөлеге алып келіп, тікемізден тік тұрғызып қойды. Сосын сатып алушылардың көңілінен шығу үшін ақылды, сау болып көрініңдер деді. Әлдебіреулер осы қойманың бастығына ақша төлейді екен және келіп, ұнатқан қызды «асырап алады-мыс».

Мені Чин отбасы сатып алды. Міндетім – екі ұлын бағу. Күнде таңғы төртте ас әзірлеуге тұрамын. Балаларға тамақ беріп, жуындырамын. Азық-түлік алу үшін дүкенге баратын да мен. Кір жуу, үй тазалау да менің мойнымда. Ұлдардың артында жүремін, айтқандарын орындаймын. Түнде асүйдегі шоланға қамап қояды, сонда ұйықтаймын. Шаруаны сәл дұрыс істемесем немесе бөгеліп қалсам, соққыға жығатын. Балалар бірдеңені дұрыс жасамаса, соққыға жығатын. Ағылшын тілін оқып отырғанымды көрсе, соққыға жығатын.

– Неғыласың ағылшын тілін? – деп сұрайды Чин мырза. – Полицияға барғың келе ме? Құрлықтан Гонконгке заңсыз қашып өткеніңді айтып береміз. Қуана-қуана түрмеге қамап қояды.

Осындай ит өмірмен алты жылым өтті. Бірде таңғы базарда маған балық сатып жүрген кемпір оңаша алып шықты.

– Сен сияқты қыздарды білемін. Жасың қаншада қазір, он алты ма? Бір күні араққа сылқия тойып алған қожайыныңның саған көзі түседі. Ойына келгенін істейді. Қолыңнан не келеді ал? Оны әйелі білсе, басыңа әңгір-таяқ ойнатады, тағдырыңды тамұққа айналдырады. Саған мұндай өмірден қашу керек. Кім көмектесе алатынын білемін.

Сосын Азия қыздарына үйленгісі келетін америкалықтар туралы айтып берді. Батыстан келген күйеуіме тамақ әзірлеп, үйін жинап, бабын тауып отырсам, бағым ашылады екен. Бұл мына шырғалаңнан шығар жалғыз жол еді.

Мен туралы өтірік мәлімет берген каталогқа осылай іліндім. Сосын әкеңмен таныстым. Мұны аса бір романтикалық оқиға дей алмаймын, бірақ не болғанда да бұл – өмірім.

Коннектикут маңында өзімді тым жалғыз сезіндім. Әрине, әкең маған келгенде мейірімін аяған жоқ, көңілімді тауып, жұмсақ қарады. Онысына шексіз ризамын. Бірақ мені ешкім түсінген жоқ, мен де біреуді түсіне алмадым.

Алайда дүниеге сен келдің! Түріңе қарап, шешемді, әкемді, өзімді көргендей болатынмын және бұл өлшеусіз бақыт сыйлаушы еді. Туған-туыстан, ауылым Сигулудан, бір кездері білген, сүйген жақындарынан айрылған тұл бейбақ едім ғой. Сен, сенің кескінің маған өткен өмірімді ойдан шығарып алмағанымның, оның шын екенін дәлелдеп тұратын.

Сен туғалы сөйлесе алатын адамым пайда болды. Саған туған тілімді үйреттім. Бір кездері маған ыстық болған, мен жоғалтып алған баға жетпес асыл дүниелерді екеуіміз ерінбей-жалықпай қайта жаңғырттық. Қытайша бірінші тіл қатқаныңда, менде, анамда болған акцент сенде де бар екенін естіп, бірнеше сағат жыладым. Алғашқы оригамиіңді жасап, қолыңа ұстатқанымда күліп жібердің, ал мен бұл әлемде байыз-береке тапқанымды, алаң көңілден арылғанымды ұқтым.

Сөз түсінетін жасқа жеттің, тіпті әкең екеуіміздің ортамызда дәнекер болып, тіл табысуымызға көмектестің. Отымның басы осы жер екеніне сол сәтте көзім жетті. Шіркін-ай, атаң мен әжең жанымызда болса, бақытты өмір сүрсе, тамақтарын әзірлеп беріп отырсам ғой деп армандайтынмын. Бірақ олар о дүниелік болғалы қашан… Қытайдың бұл жалғандағы ең мұңды, қасіретті сезімді қалай сипаттайтынын білесің бе? Бала ата-анасына шын көңілімен қамқорлық жасасам деп ниет білдіретін жасқа жетеді, алайда қайтқан әке-шешесінің енді оралмасын түсініп, бармақ тістеген күйі қала береді.

Балам, маған тартып кеткен қытай көздеріңнің ұнай қоймайтынын білемін. Менікіне ұқсайтын қытай шашыңды жаратпайтыныңды да білемін. Бірақ, менің өміріме қандай қуаныш, қандай бақыт әкелгеніңді түсіне аласың ба? Бір ауыз тіл қатпай жүріп алғаныңда, қытайша сөйлеме деп тыйып тастағаныңда қандай сезімде болғанымды ұға аласың ба? Қолымдағы бар қымбатымнан қайта айрылғанымды түсіндім.

Менімен неге сөйлескің келмейді, балам? Мына құрғыр ауру ары қарай жаздыртпай жатыр.

* * *

Аударып берген қыз қағазды қолыма ұстатты. Бетіне қарауға дәтім шыдамады.

Басымды көтермеген күйі хат астына «ai»13 иероглифін жазып беруді сұрадым. Қаламның ізін мамам қалдырған әр сөзбен өріп, иероглифті қайта-қайта сала бердім.

Қыз қолын иығыма қойды. Сосын мамаммен оңаша қалдырып, кетіп қалды.

Орама қағазды бүктелген жерлерін қуалап отырып қайтадан Лаохуға айналдырдым. Қолыма отырғызып едім, пырылдай жөнелді. Екеуіміз аяңдап басып үйге бет алдық.

* * *

1. 看 (Kàn) — Қара (қыт.)

2. 老虎 (Lǎohǔ) — Жолбарыс (қыт.)

3. 这叫折纸 (Zhè jiào zhézhǐ) — Мұның аты — оригами (қыт.)

4. 小老虎 (Xiǎo lǎohǔ) — Кішкентай жолбарыс (қыт.)

5. 学校 好吗? (Xuéxiào hǎo ma?) — Мектеп қалай? (қыт.)

6. 什么 «қытайлық»? (Shájiao «қытайлық»?) — «Қытайлық» деген не? (қыт.)

7. 不好吃? (Bù hǎochī?) — Дәмсіз бе? (қыт.)

8. 发烧 (Fāshāo) — Қызудың көтерілуі (қыт.)

9. 爱 (ài) — Махаббат, жақсы көру (қыт.)

10. 孩子,妈妈僾你 (Háizi, māma ài nǐ) — Балам, анаң сені жақсы көреді (қыт.)

11. 您会读中文吗? (Nín huì dú zhōngwén ma?) — Қытайша оқи аласыз ба? (қыт.)

12. 折纸 (Zhézhǐ) — Оригами (қыт.)

13. 爱 (ài) — Махаббат, жақсы көру (қыт.)

* * *

Аударған: Дінмұхамед Зиядин. Редактор: Гүлбүбі Әділова

1 thoughts on “КЕН ЛЮ. Қағаз аңдар қонысы

  1. Зияддин, рахмет! Гүлімге де алғыс! Түгелімен оқып шықтым. Жеңіл оқылады, яғни тартымды әрі бас-аяғы жинақы, тым тәп-тәуір әңгіме болып шыққан. Бастысы, автордың айтпағы «тәубесіне кеш келген перзент өкініші» айқын жеткізілген сияқты, басқа тұшымды тұстарын айтпағанда…Аудармашының сөз саптаудағы талғампаздығы ұнады. Бас кейіпкердің орны толмас өкінішін жеткізе білуінен, яки әңгіменің рухын аударма арқылы сездіре білуінен аудармаға өте икемді екендігі байқалады. Ол оңай іс емес… Білгім келгені: баламасын «бармағын тістеу» деп дөп табылған бейнелі тіркес бастапқы тілде қалай беріледі екен.. (түһ, ? -тағы қоймадым, осы соңғы кезде сұрақ белгісін қою мен үшін қиындық тудыратын болып жүр. Дөрекілеу сияқты ма, қалай?). Жай, қызық қой біліп отырған..олар да бармақ тістей ме екен, әлде ..
    Әлгі, аудармадағы форенизация тәсілі деген пәле аяқтан шала ма, ойға оралама, әйтеуір кірбің шалдырады

Пікір қалдыру