Рей Бредбери. Күн күркіреді

Көрнекі сурет. Дереккөз: sciencefiction.com

Америка жазушысы Рей Бредбери фентези мен ғылыми фантастикаға деген қызығушылықты арттырып, осы екі бағытқа деген оқырман сұранысын тудыра алды дейді әдебиет төңіректеген ғалымдар мен сарапшылар. Бүгін мен аударып, ұсынып отырған уақыт саяхаты, динозаврлар дәуіріне сапарлау туралы «Күн күркіреді» — «A Sound of Thunder» атты әңгімесі тұңғыш рет 1952 жылдың маусымында Collier’s журналында жарық көріпті. Игіліктеріңізге.

Рей Бредбери. Дереккөз: wbur.org

Автордың Телеграмдағы әуесқой аударма каналына жазылып қою рекоменделеді.

Оқып, пікіріңізді айтып, сілтемені бөлісе отырыңыз. Содан артық қолдау жоқ.

Авторға рахмет айту: +7 707 490 17 67 (Kaspi).

Ал енді өзіміз отырып әңгіме оқиық:)

* * *

Қабырғадағы жазу жылжып аққан жылы су жауып қалғандай болып «жайылып» сала берді. Екелс бір сәтке көзінің жұмылып барып, қабағына көміліп қалғанын сезді. Әйтсе де сол қас-қағым түнектің өзінде әлгінде көрген әріптер жарқырап, көз алдынан көлбеңдеп кетпей қойды:

«УАҚЫТ САФАРИІ» КОРПОРАЦИЯСЫ

ТАРИХТЫҢ КЕЗ КЕЛГЕН СӘТІНЕ САЯХАТ ҰЙЫМДАСТЫРАМЫЗ

СІЗ ҚҰРБАНДЫҚ ТАҢДАЙСЫЗ

БІЗ ТИІСТІ ЖЕРГЕ ЖЕТКІЗЕМІЗ

ҚҰРБАНДЫҒЫҢЫЗДЫ ӨЛТІРЕСІЗ

Тамағына жып-жылы қақырық жиналып қалған екен, асыға-үсіге жұтып жіберді. Үстел басындағы қызметкерге арналған он мың долларлық чекті жоғары көтергенінде, аузының бұлшық еті жиырылып, езуі екі жаққа жайылып сала берді.

– Сафариден аман келетініме кепілдік бересіздер ме?

– Ештеңе бермейміз, — деді қызметкер. — Динозавр көрсете алатынымызға ғана сенімдіміз.

Сосын бұрылды: — Тревис мырзамен таныс болыңыз. Өткен шаққа саяхат кезінде жолбасшыңыз болады. Қашан, қай жерде оқ шығару керегін осы кісі айтады. «Атпа» десе, атпайсыз. Бұйрығын орындамасаңыз, оралған соң тағы он мың доллар айыппұл төлейсіз. Үкімет те жазасыз қалдыра қоймас.

Алып ғимараттың арғы түбінде Екелс иір-қиыр, әлем-жәлем, гу-гу еткен түсініксіз әлденені, бытысып жатқан сымдар мен болат қаптамаларды, бірде қызыл сары, бірде күміс түстес, бірде көгілдір болып мың құбылған жарқ-жұрқ жарықты көрді. Құлақ тұндырар гуілден Уақыттың өзі бытырлап жанып, отқа оранғандай; арғы-бергі тарихтағы жыл атаулыны, жылнамалардағы күллі күнтізбені, айлар мен күндерді бір жерге үйіп, өртегендей әсер алады екенсің.

Хабарландырудағы әр сөз Екелстің есінде. Адамның қолы сәл тиіп кетсе, бітті, сол өрт, сол алау қың демей кері зымырайды. Дәл бір алтын жалатқан кесіртке секілді есте жоқ ескі жылдар, жасыл жылдар күл-қоқыстың, көмір-тозаңның арасынан бас көтеріп, қайта оралады; ауаға раушан гүлінің хош исі жайылады; ақ басқан шаштар қайта қараяды, әжімдер тартылады; өлі мен тірінің бәрі көштің басын кері бұрып, ажалдан қашып, түпкі тегіне, шыққан жеріне асығады; Күн батыстан атып, шығыстың құшағына барып тығылады, Ай әдетінен жаңылып, арғы бетінен жіңішкере бастайды; күллі дүние қытай қораптары секілді, сиқыршының қалпағына секірген қоян сияқты бірінің ішіне бірі барып жасырынады; бар әлем жаңа өлімді, тұқым өлімін, жасыл өлімді таниды, ұрыққа айналғанға дейінгі заманның қандай болғанын сезеді. Бұл үшін адамға қолын аз ғана қимылдатса жеткілікті…

– О, тоба, — деп, кеудесін кере дем алды Екелс. Машинаның жарқылы мұның жұқалтаң жүзін қытықтап, ойнақ салып жүр. — Уақыт машинасы! Нағыз өзі! — Басын шайқады. — Тағдыр деген қандай, ә? Кеше сайлау басқаша біткенде ғой, бүгін мұнда, сіздерге қашып-пысып, босқын атану үшін келер едім. Құдайға шүкір, әйтеуір, Кейт жеңді. Құрама Штаттарға жақсы президент бұйырып тұр екен.

– Дұрыс айтасыз, — деді үстел басындағы адам. — Жолымыз болды. Дойчер сайланғанда, қан қақсатар диктатураның қақпанына түсер едік. О неме жер бетінде не бар, соның бәріне жау емес пе — оған әлем де жат, дін де жат, адамшылық та жат, ақыл-парасат та жат. Ел бізге хабарласып, Дойчер президент болса, 1492 жылға тартып кетуге бола ма деп әзілдегенсіп сұрап жатты. Жә, қалжыңды былай қоя тұрсақ. Біз келген адамды қашырып жіберумен айналыспаймыз. Сафари ұйымдастырамыз. Тоқ етері, Кейт президент атанды, сізге қалғаны…

– … Бұйырып тұрған динозаврымды өлтіру, — деп қызметкердің сөзін бөліп жіберді Екелс.

– Tyrannosaurus Rex. Күркіреген Кесіртке, планета тарихындағы ең жексұрын құбыжық. Мына жерге қол қойыңыз. Қандай бәлеге ұшырасаңыз да біз жауап бермейміз. Динозаврлардың тәбеті керемет-ақ.

Екелс ызадан қызарып кетті:

– Қорқытпақшысыз ғой!

– Шынымды айтсам, иә. Қару тарс еткенде ес-түсінен айрылып, байбалам салатындарды Өткенге жіберу ойымызда жоқ. Былтыр алты жолбасшы, он екі аңшы өлді. Біз сізге нағыз аңшылар ғана армандай алатын, о заман-бұ замандағы ең алапат саяхатты бастан өткеруді ұсынып отырмыз. Алпыс миллион жыл бұрынғы әлемді аралау және тарихтағы ең ұлы олжаны қанжығаға байлау! Чек әлі қолыңызда. Жыртып, бере қойыңыз.

Мистер Екелс чекке ұзақ қарады. Саусақтары дір-дір етеді.

– Жолыңыз болсын, — деді үстел басындағы адам. — Тревис мырза, клиентке көмектесіп жіберіңіз.

Қолына қару ұстаған екеу бір-біріне ләм-мим деп тіл қатпастан бөлмені кесіп өтіп, Машинаға, күміс түсті металға, дүрілдеген жарыққа бет алды.

* * *

Алдымен күн, сосын түн. Сосын күн, сосын түн. Сосын күн мен түн, күн мен түн, күн-түн, күн-түн. Апта, ай, жыл, он жыл! 2055 жыл. 2019. 1999! 1957! Ол да өтті! Машина гүрілдеуін қоймады.

Бұлар оттегі шлемдерін киіп, құлаққаптарын тексерді.

Жұп-жұмсақ орындықта отырған Екелс тынбай шайқалады. Өңі құп-қу, тістеніп алған. Қолы қалш-қалш етеді. Төмен қарап еді, су жаңа қаруды сындырып жіберердей сығымдап қысып алғанын байқады.

Көлікте бұдан басқа төрт адам бар. Тревис — сафаридің жолбасшысы, Лесперанс — оның көмекшісі. Биллингс пен Кремер — аңшылар. Саяхатшылар бір-біріне қарап отырды да қойды. Жалт-жұлт еткен жылдар дәл жандарынан зырылдап өтіп жатыр.

– Мына мылтық динозаврды өлтіре ала ма? — Екелс осыны айтқан өзі екенін бірден түсіне қойған жоқ.

– Дәл тигізсең, өлтіреді, — Тревистің даусы құлаққаптан шықты. — Кей динозаврдың екі миы бар. Бірі басында, екіншісі жұлынның бойында, сәл төмен. Оларға тимейміз. Жолым болғыш екен деп шектен шығып кетпеу керек. Алғашқы екі оқты көзіне жіберіңіз. Тигізе алсаңыз, әрине. Сосын соқырайып қалған мақұлықтың миын шашып тастауға болады.

Машина ұлып қоя берді. Уақыт артқа айналған кинолента секілді зыр қағады. Ондаған миллион Күн мен Ай кері бағытта кезек-кезек жүгіріп өтіп жатыр.

– Жоқ, ойлап қарашы, — деді Екелс. — Жер бетінде бұрын-соңды өмір сүрген кез келген аңшы біздің тірлігімізге қызығып, қызғанып өлер еді. Мұның жанында Африканың өзі жәй әншейін бір Иллинойс қой.

Машина жүрісін баяулатты. Ұлығаны бір қалыпты гуілге ұласты. Сөйтіп барып тоқтады.

Күн дедектегенін қойып, аспанның бір жеріне барып, ілініп тұра қалды.

– Иса Мәсіх әлі тумады, — деді Тревис. — Мұса Құдаймен тілдесу үшін тау басына шыққан жоқ. Пирамидалар салынбады, оларды тұрғызатын тас-топырақ жер қойнында жатыр. Осыны ұмытпаңдар. Ескендір, Цезар, Наполеон, Хитлер — бұлардың біреуі де жоқ.

Жолаушылар бас изесті.

– Мынау, — Тревис мырза саусағымен нұқып көрсетті, — мынау Кейт президент атанардан алпыс миллион екі мың елу бес жыл бұрынғы жунгли.

Сосын иі қанып, бусанып жатқан батпақтың үстімен барып жап-жасыл ну орманның ішіне кіріп кететін, алып қырыққұлақтар мен пальмалардың арасында ирелең қаққан металл жолды көрсетті.

– Ал мынау, — деп түсіндірді. — Компанияның аңшыларға арнап жасаған Соқпағы. Жер бетінен алты дюйм (шамамен 15 см — ауд.) жоғары орналасқан. Бірде-бір ағаш, гүл немесе шөпке жанаспайды. Антигравитациялық металдан әзірленген. Соқпақ бізді бұл әлемнен оқшаулап тұру үшін керек. Жолдан шықпаңдар. Қайталап айтамын: жолдан шықпаңдар. Қандай оқиға болмасын, Соқпақтан таймаңдар. Құлап кетсеңдер, айыппұл саламыз. Сосын біздің рұқсатсыз, оқ шығармаңдар.

– Неге? — деп сұрады Екелс.

Саяхатшылар ежелгі қалың қопаның арасында отырған-ды. Желмен бірге бұларға алыстан әлдебір құстардың қиқуы, шайыр мен байырғы дәуір теңізінің исі, ылғал шөп пен қан қызыл гүлдердің жұпары жетті.

– Болашақты өзгерткіміз келмейді. Өткен Заман үшін біз шақырылмаған қонақпыз. Үкімет бұл экскурсияларымызды жақтыра бермейді. Келісім-шарттан айрылып қалмау үшін аз пара төлеп отырған жоқпыз. Уақыт машинасы — аса жауапты мәселе. Байқамай әлдебір аңды, шымшықты, қоңызды өлтіріп алсақ немесе бір гүлді басып кетсек, бұл ісіміз жан-жануарлардың өсіп-өрбіп, таралуындағы, түрлердің дамуындағы маңызды түйінді жойып жіберуі мүмкін.

– Түсінбедім, — деді Екелс.

– Бері қараңыз, — деді Тревис. — Мәселенки, абайсызда қазір осы заманның бір тышқанын өлтіріп алдық делік. Бұл — сол тышқаннан тарауы тиіс ұрпақ бір сәтте жоқ болады деген сөз, солай ғой?

– Иә.

– Бұл іс бір ұрпақпен тоқтамайды, өлген тышқанның тууы тиіс балаларының да өз үрім-бұтағы болуы керек еді ғой. Яғни, қара басып, аяғымыздың астына қарамай жүріп, біз бір емес, он емес, мың емес, миллион-миллиардтаған тышқанның түбіне жеттік.

– Бопты, жоғалды делік, — Екелс келісе кетті. — Не бопты өйтсе?

– Не бопты? — Тревис жақтырмай мырс етті. — Дәл осы тышқандарды жеп өмір сүруі тиіс түлкілерді қайда қоямыз? Он тышқан жетпесе, бір түлкі өледі. Он түлкі азайса, бір арыстан тамақ таппай тентіреп кетеді. Бір арыстан тырайса, алуан түрлі жәндік пен құзғын жоғалады, сан мың өмір иесі құриды. Ал енді елу тоғыз миллион жылдан кейін жер бетін мекен еткен он екі жабайы адамның бірі іші құрылдап, бұратылып үңгірінен шығып, қабан не қылыштіс жолбарыс ұстап жемекші болды делік. Бірақ сіз, достым, мына жақта байғұс тышқанның түбіне жеттіңіз. Соның кесірінен осы маңда өмір сүруі тиіс жолбарыстар жоғалып кетті. Нәтижесінде үңгір адамы аштан қатты. Ал бұл жәй ғана бір жабайы пенде емес, жо-оқ! Бұл — бүтіндей болашақ ұлт. Тірі қалғанда он ұл таптырар еді. Олардан 100 ұрпақ тарар еді, ақыры бақандай бір өркениет орнайтын еді. Бір адамды өлтіру — түгел тайпаны, халықты, тарих дәуірін күреп тастау деген сөз. Адам атаның немерелерінің бірін өлтіргенге барабар. Тышқанды мыжып өлтіру — планетаның бет-бейнесін өзгертіп жіберетін, тағдырымызды танымастай қылатын жер сілкінісіне тең. Бір ғана үңгір адамының өлімі — оның жарық дүниеге келмей жоғалған миллиардтаған ұрпағының ажалы. Бәлкім, жеті төбеде тұрған Рұм жоғалар. Тіршілік тек Азияда қайнап, Еуропа меңіреу ормандардың құшағынан сол күйі шыға алмай кетер. Тышқанды басып кетсеңіз, пирамидалардың түбіне жетесіз. Тышқанды өлтіріп алсаңыз, Мәңгілікке соққы беріп, үлкендігі Ұлы Шатқалдай болатын жерін үңірейтіп кетесіз. Елизавета патшайым дүниеге келмейді, Уашингтон Делауер өзенінен өтпейді. Құрама Штаттар құрылмайды. Сондықтан сақ болыңыз. Соқпақтан шықпаңыз. Қандай жағдай болмасын, жолда қалыңыз!

– Түсінемін, — деді Екелс. — Сонда тіпті шөпке де жолауға болмай ма?

– Дәл айтасыз. Әлдебір өсімдік ұрық шашып үлгермей қурап қалса, оның арты неге соғарын білмейміз. Қазір болған сәл ауытқу алпыс миллион жыл ішінде алапат өзгерістер тудыруы мүмкін. Әрине, бұл теориямыз қате де болар. Бәлкім, Уақытқа ықпал ете де алмайтын шығармыз. Қандай да бір әсеріміз болған күннің өзінде, ол елеусіз өте шығуы да мүмкін. Тышқан өлімі жәндіктер әлемінің басқаша дамуына, ол өз кезегінде популяция тепе-теңдігінің бұзылуына, одан кейін астық шықпай, депрессия мен аштықтың таралуына, ақыры жекелеген елдерде әлеуметтік теңсіздіктің орнауына әкелуі ғажап емес. Немесе біздің заманға жеткен өзгерісті желпіп өткен жел, естілер-естілмес сыбдыр, көрінер-көрінбес қыл, ауадағы тозаң секілді байқамай, білмей, өткізіп алуымыз да мүмкін. Кім біледі? Ақиқатын дөп басып айтатын кім бар? Біз әншейін долбарлаймыз. Бұл саяхатымыздың Уақыт үшін күн күркірі әлде жәй ғана сыбыр екенін толық танымайынша аса сақ болуымыз керек. Мына Машина, мына Соқпақ, үстіңіздегі киім, өзіңіз — мұның бәрі зарарсыздандырылған, білесіз. Басымыздағы оттегі шлемдер байырғы дәуір ауасына өзімізбен алып келген бактерияларды қосып жібермеу үшін киіледі.

– Сонда қай аңды өлтіретінімізді қалай білесіздер?

– Олар қызыл бояқпен белгіленген, — деді Тревис. — Бүгін, жолға шығардың алдында Лесперанс Машинамен бұл жаққа келіп қайтқан болатын. Дәл біз түскен уақытта болды. Бірнеше мақұлықты аңдып, барлап қайтты.

– Зерттеді ме сонда?

– Дәл өзі, — әңгімеге Лесперанстың өзі араласты. — Жануарлардың бүкіл өмірін барлап, зерттеп, қайсысы ұзақ өмір сүретінін анықтаймын. Ондайлар көп емес. Күйлеп, ылығатын мақұлықтарды зерттейміз. Аз енді… Өмір бір-ақ тұтам. Қысқасы, әлдебір ағаштың астында қалатын немесе асфальт көлге батып өлетін жануарды тапқан соң, ажал келетін уақытты сағат, минут, секундына дейін анықтап, белгілеп аламын. Сосын бояйтын оқ жіберемін. Ол аң терісінде қызыл белгі қалдырады. Экспедиция Өткенге саяхатқа аттанғанда, Машина әлгі аңшыларға керек мақұлық өлерден дәл екі минут бұрынғы сәтке түсетіндей етіп бәрін алдын-ала дайындап қоямын. Біз араласпасақ та өмірінің соңғы сәтін сүріп жатқан, бәрібір ұрпақ қалдырып үлгермейтін жануарларды ғана өлтіреміз. Қаншалықты сақ екенімізді байқаған шығарсыз?

– Сонда бүгін таңертең мына жерге келіп кетсеңіз, — деді Екелс абыржып, — біздің осы экспедицияны жолықтыруыңыз керек еді ғой! Сапарымыз қалай өтті? Ештеңе болмады ма? Бәріміз аманбыз ба?

Тревис пен Лесперанс бір-біріне қарады.

– Бұл парадокс болар еді, — деді Лесперанс.– Адамның өз-өзін жолықтырып қалуына Уақыт жол бермейді. Мұндай қауіп туса, Ол бір қадам шетке ығысады. Әлгі жолда келе жатқан ұшақ шұңқырға түсіп кеткендей кілт төмендейтіні бар ғой, сол секілді. Дәл тоқтар алдында Машинаның селк ете қалғанын байқадыңыз ба? Бұл сапарды аяқтап, Болашаққа оралып бара жатқан өзіміздің қасымыздан өттік. Бірақ ештеңе көрмедік. Сондықтан саяхатымыз ойдағыдай бітті ме, әлде бір бәлеге ұрынды ма; мақұлықты өлтірдік пе, жоқ па; бәріміз, нақтырағы сіз, Екелс мырза, қайта оралдыңыз ба, әлде қалып қойдыңыз ба — оны айту мүмкін емес.

Екелс қаны қашып, бозарып кетті. Әйтсе де жымиғансыды.

– Жә, жетер, — деп кесіп айтты Тревис. — Қимылдаңдар!

Машинадан шығатын сәт келді.

* * *

Жунгли шырқау биікке өрмелеп өсіпті, жунгли далиып, жайылып жатыр екен. Жунгли бұл әлемнің туа бітті ажырамас бөлігі еді. Ауаны әлдебір әуенге келетін, я желмен таласып, жалп-жалп етіп сартылдаған шатыр етегін еске салатын дыбыс басып қалды — бұл тек қорқыныш пен үрейге толы түсіңде ғана көруге болатын сиықсыз жарқанаттарға ұқсайтын сұр қанатты алып птеродактилдер еді. Соқпақта тұрған Екелс ойнаған болып мылтығын кезеді.

– Әй, тастаңыз! — деді Тревис. — Әзілдеп болса да қару көтермеңіз, құрып кеткір! Байқамай атып жіберсеңіз…

Екелс қызарып сала берді.

– Қайда әлгі біздің Tyrannosaurus rex?

Лесперанс сағатына қарады.

– Келе жатыр. Тура алпыс секундтан кейін алдымыздан шығады. Құдай тілеуіңізді берсін, қызыл белгіні өткізіп алмаңыз. Біз бұйырмайынша, оқ шығармаңыз. Соқпақтан шықпаңыз. Жолдан таймаңыз!

Жаяулап келе жатқан жолаушыларды самал жел қарсы алып, құшағына алып, ойнай бастады.

– Бір түрлі екен, — деп міңгірледі Екелс. — Алдымызда алпыс миллион жыл жатыр. Сайлау өтті. Кейт — президент. Ел жеңіс тойлап жүр. Біз болсақ мұндамыз. Миллиондаған жыл жел ұшырып әкеткендей жоқ қой, жоқ. Өмір бойы бүйірімізге батып, бас ауруымызға айналып келген проблеманың бәрі пайда болмады да әлі. Пайда болғаны несі, бұ дүниеге келетінінен белгі де беріп үлгермеді.

– Дайындал! — деп бұйырды Тревис. — Бірінші сіз атасыз, Екелс. Екінші — Биллингс. Одан кейін Кремер.

– Жолбарыс, қабан, буйвол, піл аулау маған таңсық емес еді. Бірақ, Құдай куә, мынаумен салыстыруға болмайды, — деді Екелс. — Кішкене бала құсап дірілдеп кеткенімді қарашы.

– Тыныш, — деді Тревис.

Бәрі тоқтады.

Тревис қолын көтерді.

– Алдымызда, — деп сыбырлады жолбасшы. — Тұман арасында жүр. Ұлы Мәртебелі Тақсырды қарсы алыңыздар.

Шет-шегі жоқ жунгли сыбыр мен сыбдырға, маңқылдаған, күңкілдеген, күрсінген дыбысқа толы еді.

Кенет біреу есікті тарс жапқандай үнсіз қалды.

Тыныштық.

«Күн» күркіреді.

Тұман ішінде, жүз ярдтай (91 метрден астам — ауд.) жерде Tyrannosaurus rex пайда болды.

– О, Тәңір, — сыбырлады Екелс.

– Түш!

Мақұлықты орасан зор, жылтыраған, серпіп, бірақ жұмсақ басатын қос аяқ тасиды екен.

Сағатшынікі деуге келетін әлсіз қолдарын майлы кеудесіне басқан зұлымдықтың ұлы құдайы орманнан отыз футтай (тоғыз метрден сәл астам — ауд.) биік болып шықты. Аяқтары — аса қарымды піспектер; айбарлы жауынгердің сауыты секілді жалт-жұлт еткен әжім-әжім терінің астындағы шиыршық атқан қуатты бұлшық ет айшық-ұйшық ораған мың фунт (453 келіден астам — ауд.) әппақ сүйек. Әр саны — бір тонна ет, піл сүйегі һәм кіреуке болат. Шырқау биікте жатқан дөй-дөкей көкірегінен өсіп шыққан екі жіңішке қол саусақтарымен адамды көтеріп алып, аударып-төңкеріп зерттей алар еді. Иір қаққан жылан мойны тұтас құйылған тас деуге болатын мың келілік бас сүйекті ұстап тұр. Аузын ашып еді, қадау-қадау тізілген қанжар тістер көрінді. Үлкендігі түйеқұс жұмыртқасындай болатын көзінен мақұлықтың құлқынның қамынан басқа ештеңені ойламайтыны, аш екені ғана білінеді.

Жағы сарт етіп жабылды, аузы ақсиды. Сосын жүгірді. Артында тек сынған, майысқан ағаш-бұталар қалып жатыр. Тырнағы сыз жердің бетіне тереңдігі алты дюйм жарақат салып, топырақты қопарып кетеді. Әйтсе де мына жүгірісін кәнігі бишінікі деуге келеді — салмағы он тонна болатын айуан дәл осылай оп-оңай қимылдайды деуге көрмесең сену қиын-ды.

Мақұлық күн шуағына көмілген алаңқайға абайлап басып шықты да, ауаны ұстап көргісі келгендей, әдемі, қабыршақ қолдарын ербеңдетті.

– Құдай-ау! — Екелстің ерні дір-дір етеді. — Мынауың тіктелсе, Айға жетеді ғой.

– Түшш! — Тревис ашулана ысылдады. — Бізді байқаған жоқ әлі.

– Қой, мұны өлтіру мүмкін емес. — Екелс сабырлы дауыспен айтты. Бұл сөзіне ешкім қарсы шыға алмайтын секілді. Дәлел-дәйек, куәгерлердің айтқанын зерделеп барып, шешім шығарды. Қолындағысы қорқынышты мылтық емес, әншейін бір ойыншық секілді. — Келген бәріміз ақымақпыз. Болмайтын тірлік.

– Жап аузыңды! — Тревис арс етті.

– Бұл сұмдық…

– Айнал! — деп бұйырды жолбасшы.– Жаймен басып Машинаға оралыңыз. Төлеген ақшаның жартысы қайтарылады.

– Мақұлықтың мұндай үлкен болатынын білген жоқпын, — деді Екелс. — Қысқасы, қателестім. Жо, бұл іске араласпаймын.

– Бізді байқап қойды!

– Әне кеудесіндегі қызыл белгі!

Күркіреген Кесіртке бойын тіктеді. Оқ дарымайтын денесі мыңдаған жасыл тиынмен қаптағандай жалт-жұлт етеді. Қабыршақтың бетін ыстық шырыш басқан. Тіпті қозғалмай қатып қалса да мақұлықтың тәні толқын-толқын болып, жыбырлап жатқанын байқауға болады. Бұл — қоймалшың шырыштың арасында быжынап жатқан құрт-қоңыздың «тірлігі». Динозавр ауыр тыныс алды. Алаңқайды шикі ет исі басып қалды.

– Мына жерден қарамды батыруға көмектесіңдер, — деді Екелс. — Бұрын бәрі басқаша еді. Тірі қалатыныма күмән жоқ еді. Жолбасшыларым — сенімді адамдар, сафари сәтті жүреді, еш қауіп жоқ. Бұл жолы қате кетті. Шамам жетпейді екен. Мойындаймын. Көтере алмаймын.

– Қашпаңыз, — деді Лесперанс. — Бұрылыңыз. Машинаға барып тығылыңыз.

– Иә. — Екелс мелшиді де қалды. Айдауына көнбей жатқан аяғын қозғауға тырысып төмен қарады. Шарасыздықтан ыңырсып кетті.

– Екелс!

Көзін тарс жұмып, аяғын сүйреткен күйі бір-екі қадам аттады.

– Ол жаққа емес!

Орнынан қозғалғаны сол еді, құбыжық зәре-құтыңды алар дауыспен бақырып-шақырып тұра жүгірді. Жүз ярдты төрт-ақ секундта өтті. Мылтықтар шошаң етіп көтерілді де, бұрқ-бұрқ атылды. Мақұлықтың аузынан шыққан дауыл адамдарды жалқық пен қанның исіне көміп кетті. Кесіртке ышқына өкірді. Қанжар тістер күнге шағылысты.

Екелс сол алды-артына қарамаған бойы Соқпақтың шетіне шықты да, жолдан тайып кетті. Не істеп, не қойғанын білмей, жунглиге бет алды. Пайдасыз қаруы қолында бос салақтайды. Табаны жерге тиген сайын жасыл мүкке батып кете береді. Аяғы алысқа сүйрейді. Өзін тым жалғыз және артында болып жатқан жағдайға еш қатысы жоқтай сезінді.

Мылтықтар тағы атылды. Қару тарсылы мақұлықтың күркірей бақырғанының астында қалды. Алып құйрығы дәп бір қамшы секілді оңды-солды сілтенеді. Оның құрбаны болған ағаштар жапырақ-бұтақтарын аспанға атып, барт-бұрт жарылып жатыр. Құбыжық зергер қолдарын төмен созды, сондағысы мына адамдарды сипап көргісі келеді, оларды қақ айырғысы, жидек секілді мылжа-мылжасын шығарып, аузына, мына дарылдаған өңешке тезірек апарып тыққысы келеді! Әрқайсысы үлкен кеседей болатын көздері адамдарға таяп келді. Саяхатшылар төңкерілген айуан жанардан өздерін көрді. Сосын темірдей қатты қабаққа, жалтыраған қап-қара қарашыққа оқ атты.

Бейне бір жер сүзген тас құдай, я опырылып түскен жартас секілді Tyrannosaurus rex шайқалып барып құлады.

Ырылдаған күйі айналасындағы ағаштарға жармасып, жер-көкті астан-кестен етті. Бір жолы металл Соқпақты іліп кетіп, мыжып тастады. Адамдар қашып, шегінді. Таудай үлкен он тонна суық ет гүрс етті. Мылтықтар тағы атылды. Құбыжық оқ өтпес құйрығымен жерді бір соқты да, жылан жақтарын сарт еткізіп, қатты да қалды. Тамағынан аққан ыстық қан лақылдай төгіліп жатыр. Ішінде әлдебір сұйықтық құйылған торсық жарылған секілді, күлімсі сасық иіс жер-көкті алып кеті. Адамдар қозғалыссыз тұр. Үсті-бастары қызыл ала жылтыраған қан.

«Күн» күркірегенін қойды.

Жунгли жым-жырт. Жартас опырылса, жасыл тыныштық орнайды. Үрейге толы түстің артынан таң атады.

Биллингс пен Кремер Соқпақта отыр, жағдайлары мәз емес. Тревис пен Лесперанс түтіндеген қаруларын ұстап, құлақ тұндыра боқтап, жандарында тұр.

Дір-дір еткен Екелс Уақыт Машинасында жатыр. Әйтеуір, бірдеңе қылып Соқпаққа оралып, Машинаға жетіпті.

Тревис жақындап келіп, бұған қарады да, жәшіктен дәке алды. Сосын Соқпақта отырғандарға оралды.

– Сүртініңдер.

Шлемдерін қаннан тазартты. Артынша Биллингс пен Кремер де боқтай бастады. Мақұлық қимылсыз. Үйілген таудай ет. О жер-бұ жерінде әлдене күрпілдейді, әлдене бүлкілдейді, әлдене аһ ұрып, ақтық дем шығарғандай болады. Бұл — жануардың өліп, бірінен кейін бірі істен шығып жатқан дене мүшелері. Қан-сөлі үйреншікті тамыр-жолдардың бойын соңғы рет қуалап өтіп, жүгіріп жатыр. Тұла бойы тәні сөніп-өшіп, мәңгіге істен шығады. Сынған паровоздың немесе жұмыс күнін аяқтаған бу катогының жанында тұрған секілдісің — клапан біткен я тұтас ашық, я жабық. Сүйектер сытырлады: басқарылмайтын, басқаруға келмейтін өлі еттің салмағы жерге жабысқан жіңішке қолдарды бытыр-бытыр езіп тастады. Дір-дір еткен еткен дене бірте-бірте саябыр тауып, ақыры тыншыды.

Кенет әлдене сатыр етті. Биікте аса жуан бұтақ сынып, төмен ұшты. Құбыжыққа ажал келгеніне мыналардың көзін анық жеткізгісі келгендей, суылдаған күйі барып, өлі денені басып қалды.

– Мінеки. — Лесперанс сағатына қарады. — Уақыт бопты. Кесірткенің түбіне жетуі тиіс ағаш осы болатын. — Екі аңшыға қарады: — Олжамен суретке түсесіздер ме?

– Не?

– Болашаққа ештеңе алып кете алмаймыз. Мынаның денесі осында, өлген жерінде қалуы тиіс. Жәндіктер, құстар, бактериялар жеп қояды. Табиғаттағы тепе-теңдікті бұзуға болмайды. Сондықтан олжамызды қалдырамыз. Бірақ жанына тұрып, суретке түсіп алуға болады.

Аңшылар ойланған түр жасады да, ақыры бастарын шайқады. Сосын жолбасшылардың көмегімен Машинаға жетті. Шаршап-шалдыққан күйі орындықтарына отырды. Бұрылып, жеңіліс тапқан, өлі қорғанға айналған Құбыжыққа самарқау көз тастады. Суып қалған сауыттың үстінде алтын түстес жәндіктер быжынап жүр екен. Әлем-жәлем кесіртке-құстар қонақтап отыр.

Әлдебір шудан селк ете қалып қарап еді, Машина еденінде діріл қаққан Екелс отыр екен.

– Кешіріңдер мені, — деді ол.

– Тұрыңыз! — деп ақырды Тревис.

Екелс сүйретіле тұрды.

– Соқпаққа шығыңыз, — Тревис бұйыра сөйледі. Қаруын көтерді. — Машинамен қайтпайсыз. Осында қаласыз!

Лесперанс ара түспекші болды:

– Тоқташы…

– Сен араласпа! — Тревис көмекшісінің қолын сілкіп тастады. — Мына сілімтік үшін бәріміз өліп қала жаздадық. Жо, оны да қойшы! Құдай атқырдың аяқ киіміне қарамайсың ба! Қарасаңшы! Иттің баласы Соқпақтан шығып кетті ғой. Мұның ақыры не болатынын түсініп тұрсың ба? Қандай айыппұл төлейтінімізді бір құдай білсін! Ондаған мың доллар! Біз Соқпақтан бірде-бір адам шықпайды деп кепілдік береміз. Ал мынау шығып кетті. Есалаң, есуас! Мұны үкіметке жеткізуім керек. Осының кесірінен сафари туралы келісім-шарттан айрылуымыз мүмкін. Ал Уақыт, Тарих үшін қандай салдары болуы мүмкін екенін ойладық па?!

– Сабыр ет, Тревис, табанына аздап топырақ жабысқан шығар, басқа ештеңе жоқ.

– Қайдан білеміз? — Тревис айқайлап жіберді. — Боқты да білмейміз! Неге әкеліп соғатыны жұмбақ емес пе! Бас алдыға, Екелс!

Екелс қолын қалтасына салды.

– Қанша керек, сонша төлеймін. Жүз мың доллар.

Тревис чек кітапшасына алара қарады да, жерге бір түкірді.

– Барыңыз! Құбыжық Соқпақтың жанында жатыр. Аузына шынтаққа дейін қолыңызды тығыңыз. Сосын келіңіз.

– Бұл барып тұрған әділетсіздік қой!

– Мақұлық өліп жатыр, сорлы бишара. Оқ! Өткен Заманда оқ қалдырмауымыз керек. Ол дамуға, эволюцияға әсер етуі мүмкін. Міне, пышақ. Ойып алыңыз.

Жунгли тірілді. Орман есте жоқ ескі заман тысырына, құс үніне толып кетті. Екелс баяу бұрылды да, ежелгі дүние өлексесіне, үрей мен қорқыныш үйіндісіне қарады. Сосын айкезбе секілді сылти басып, Соқпақтың бойымен кете барды.

Бес минуттан кейін қалшылдап, дірілдеген күйі Машинаға оралды. Екі қолы шынтаққа дейін қанға малыныпты. Алақандарын созды. Болат оқтар жылт-жылт етеді. Іле-шала ес-түсінен айрылып, тұрған жерінде сылқ құлады.

– Бекер жібердің, бекер істеттің, — деді Лесперанс.

– Бекер деуге ерте әлі. — Тревис қимылсыз денені итеріп көрді. — Өлмейді. Есесіне екінші рет мынадай олжа үшін жолға шықпайды. Ал енді, — Қолын енжар сілтей салды, — қос. Үйге қайтайық.

* * *

1492. 1776. 1812.

Беті-қолдарын жуды. Қан қатып, қақиып қалған жейде-шалбарларын шешіп, таза киім киді. Екелс есін жиді. Үн шығармайды. Тревис бұған он минут бойы тура қарап отырды да қойды.

– Қарамаңыз маған, — деп қалды Екелс. — Ештеңе бүлдірмедім.

– Кім біледі…

– Соқпақтан шығып кеттім, аяғыма балшық жағылып қалды, болды. Не керек сізге? Аяғыңызға жығылып, жалынып-жалбарынайын ба?

– О да мүмкін. Айтпады демеңіз, Екелс, сізді өлтіріп тастау туралы ойымнан әлі айныған жоқпын. Қару оқтаулы.

– Кінәм жоқ. Ештеңе істемедім!

1999. 2000. 2055.

Машина тоқтады.

– Шығыңдар, — деп бұйырды Тревис.

* * *

Дәл сол өздері көрген бөлме, өзгермеген. Жоқ, тоқта, тура сондай емес…

Сол үстелдің басында дәл сол адам отыр. Жо-жоқ, дәл сол адам емес, дәл сол үстел де емес.

Тревис ғимарат ішін жылдам барлап шықты.

– Бәрі дұрыс па? — деп бұрқ етті ол.

– Әрине. Аман-есен оралуларыңызбен!

Әйтсе де әлдебір күдік-күмән Тревистің ойынан кетпей қойды.

Ауадағы әр атомды тексеріп, биік терезеден түскен күн шуағын қазымырлана зерттеп тұрған секілді.

– Бопты, Екелс, шығыңыз. Екінші көзіме түспейтін болыңыз, — деді ақыры.

Екелс қалшиды да қалды.

– Не? — деді Тревис жалма-жан. — Не көрдіңіз?

Екелс ақырын ғана тыныс алды. Ауаға бірдеңе болған, әлдебір химиялық өзгеріс бар. Бірақ оның болмашы, білінер-білінбес екені соншалық, дүниенің өзгергенін Екелс түпсанасындағы әлсіз дауыс арқылы ғана түсіне алды. Сосын бояу… қабырғаның, жиһаздың, терезеден көрініп тұрған аспанның ақ, сұр, көк, қызыл сары бояуы… бұларға… бұларға, иә, бәріне не болған? Оның үстіне мына бір сезім де қытығына тиіп… Бойы түршігіп кетті. Қолы дірілдейді. Жан-тәнімен әлдебір сұмдықты, бұрын өзі білмеген, көрмеген дүниені сезді. Әлгі иттер ғана еститін ысқырыққа біреу үрлеп қалған, мұның денесі сол белгіге үнсіз жауап қайырған секілді. Терезенің, мына ғимарат қабырғасының, мына қызметкердің (дәл сол қызметкер емес), мына үстелдің (дәл сол үстел емес) ар жағында көшелер мен адамдарға толы бүтіндей бір әлем жатыр. Бірақ нақ осы сәтте нақ осы жерде тұрып оның қандай әлем екенін, қандай жандар өмір сүретінін қалай білуге болады? Екелс қабырға сыртындағы құрғақ желдің жетегіне ілескен шахмат тастары секілді адамдардың қимыл-қозғалысын анық сезді…

Сосын бүгін мына бөлмеге алғаш кірген кезде оқыған қабырғадағы хабарландыруға көзі түсті.

Бірдеңесі дұрыс емес.

«УАҚЫД СОФАРИІ» КОРПОРАЦИЯСЫ

ТАРИҚТЫҢ КЕСКЕЛКЕН СӘТІНЕ САЯҚАТ УЙЫМДАСТЫРАМЫЗ

СЫЗ ҚҰРБАҢДЫҚ ТАҢДАИСЫЗ

БЫЗ ТИСТІ ЖЕРГЕ ЖЕДКІЗЕМІЗ

ҚҰРБАҢДЫҒЫҢЫЗДЫ ӨЛТРЕСЫЗ

Екелс орындыққа отыра кеткенін сезді. Табанына жабысқан топырақты асыға-үсіге тазалай бастады. Дір-дір еткен қолына бір кесек балшық ілінді.

– Жо, мүмкін емес! Болмайтын зат үшін… Жоқ!

Балшықтың арасынан жасыл, қара, алтын түстермен жалт-жұлт еткен әдемі көбелек көрінді. Өліп қалыпты.

– Түкке тұрғысыз нәрсе үшін! Көбелек үшін! — Екелс айқайлап жіберді.

Тепе-теңдіктің түбіне жетіп, Уақыт деп аталатын ұлы дүниені құрайтын сансыз жылдар тізбегі жалғап тұрған доминоның алдымен кішкентай тастарын, артынша үлкен сүйектерін, ақыры алапат үлкен тастарын итеріп, іркес-тіркес құлатып жібере алатын нәп-нәзік кішкентай тіршілік иесі еденге құлап түсті. Екелстің ойы сан-саққа жүгірді. Мұның бірдеңе өзгерте алуы неғайбыл. Өлі көбелек әлемге осындай соққы беруі мүмкін бе? Жоқ!

Кенет өңі құп-қу болып кетті. Ерні дірілдеп, «Ке… Кеше сайлауда кім жеңді?» деп сұрады.

Үстел басындағы адам мырс етті:

– Қалжыңдап тұрсыз ба? Білмейтін адам сияқты. Дойчер, әрине! Басқа кім бар? Ынжық Кейт емес шығар енді? Әй, ақыры билікке темірдей адам, нағыз еркек келді-ау! — Қызметкер сасқалақтап қалды. — Не болды сізге?

Екелс бебеулеп қоя берді. Тізерлей құлады. Дірілдеген саусақтары алтын түсті көбелекке созылды.

– Құлдығың болайын, — деді ол әлемнің, өзінің, қызметкердің, Машинаның алдында жалына-жалбарына. — Мынаны тірілтіп, кері қайтарайықшы, бола ма? Оралайықшы? Басынан бастап бәрін өзгертейікші? Мүмкін…

Құлаған күйі қозғалмады. Көзін жауып, қалшылдап күтіп, жатты да қойды. Тревистің ауыр дем алғанын, қаруын көтеріп, сарт-сұрт еткізіп оқтап, шүріппені басқанын анық естіді.

Күн күркіреді.

* * *

Аударған — Дінмұхамед Зиядин. Редактор — Гүлбүбі Әділова.

2 thoughts on “Рей Бредбери. Күн күркіреді

  1. Қайтарма үнқосу: РИЧАРД МЭТИСОН. БАСТЫМ, БАСТЫМ | blog

Пікір қалдыру