Стивен Кинг. Есік

Стивен көке Кингті көбіміз білеміз. Бүгін сіздерге осы автордың «Есік» атты әңгімесін ұсынғым келіп отыр. Негізі түпнұсқада «I Am the Doorway» деп көрсетілген. Онысын олай қарадым, былай қарадым, ақыры «Есік» деп қоя салдым, себебі дәл осы шығармада атауда тұрған пәлендей ештеңе жоқ. 

Әңгіме Шолпанға барып-қайтқан экспедицияға қатысқан, апатқа ұшырап, мүгедек болып қалған Артур есімді астронавт жайлы. Жерге оралған соң ол бөгдепланеталық тіршілік иелерімен ойламаған жағдайда, күтпеген сәтте жолығып қалады. 

Оқып, пікіріңізді айтып, сілтемені бөлісе отырыңыз. Содан артық қолдау жоқ:)

Айтпақшы, автордың Телеграмдағы әуесқой аударма каналына жазылып қою рекоменделеді.

Ал енді өзіміз отырып әңгіме оқиық:)

* * *

Ричард екеуіміз менің үйімнің алдында отырмыз. Шығанақты құшағына алып, сұлай-сұлай кеткен құм төбелер көз қуантады. Жолдасымның сигарасы түтінін бұлғақтап, шіркей-маса атаулыны жанымызға жолатар емес. Жасыл су, көк аспан. Қалай ғана үйлесе қалған, ә?

– Мына әлемге бастар есікпін дедің бе, – Ричард ойлана қайталады. – Жо, баланы өлтірмеген шығарсың? Түсің болар, а?

– Түс емес. Бірақ өлтірген де мен емес. Қайыра айтам: өлтірген АНАЛАР. Мен ОЛАРДЫ бұл әлеммен байланыстырып тұрған есікпін. Болды.

Ричард күрсінді:

– Көміп тастадың ба?
– Иә.
– Қай жерде? Есіңде ме?
– Иә. – Төс қалтамды қармап, сигара алмақшы болдым. Дәке шандып, орап тастаған қолмен мұны істеу оңай болған жоқ. Ол аз десең, таңылған жері қышып өлтіріп барады. – Көзбен көрем десең, жол талғамайтын көлігіңді ап кел. Мына бәлемен, – астымдағы мүгедек арбасын көрсеттім, – құм далада алысқа ұзай қоймаспыз.

Жол талғамайтын көлік деп отырғаным – Ричардтың 1959 жылы шыққан «Фолксвагені». Дөңбектей-дөңбектей арнайы доңғалағы бар. Кәсібіне керек ағаш іздеп қайраң жерлерді сонымен аралайды. Мэрилендтегі риелтор қызметін тастап, Кей-Керолайнға қоныс аударғалы бері қиып-жонып ағаш ескерткіштер жасайтын өнер тапқан еді. Онысын қыста удай бағаға туристерге сатады.

Ричард шығанақтан көз алмаған күйі темекісін бұрқ еткізді:
– Оны көре жатармыз. Жә, басынан айтып берші, не болып еді?

Бір күрсініп алдым да, сіріңке тұтатпақшы болдым. Онымнан дым шықпады. Ақыры Ричард қолымдағы қорапты алды да, сырт еткізіп жағып, шырпы жалынын аузыма тосты. Түтінді терең-терең жұттым.

Саусақтарым дуылдатып әкетіп барады. Есті алып бітті.

– Мақұл. Кеше кешке сағат жетілерде дәл осылай шылымымды шұбалтып есік алдында отыр едім…
– Жо, оған дейінгісін, – деді Ричард.
– Оған дейінгісін?
– Ұшқан сәттен бастап.

Бас шайқадым.

– Айналайын-ау, қанша қақсауға болады. Айттым ғой, есімде дым…
– Мүмкін түсетін шығар, – жолдасым сөзімді бөліп жіберді. Әжім басқан бет-әлпеті манағы айтқан, өзі қолдан жасайтын ағаш мүсіндердің кескінінен аумай қалыпты. – Дәл осы жолы миыңа сап ете қалар, а?
– Қойшы осы.
– Рас. Көрейік. Моланы сосын іздерміз.

– «Моланы», – деп қайталадым. Сол-ақ екен осыдан бес жыл бұрын Кори екеуміз кешіп өткен, бас-аяғы жоқ ғаламаралық «теңіз» қараңғылығын сан орап алуға қауқары жететін, қатерлі, үрейлі, жер-әлемді жалмап қоюға даяр қара түнек ауызымнан шыққан әлгі сөзді қойнына тыға салды да, тас төбемнен төне түсті.

Дәкенің астындағы жаңа көздерім сол түнектен, сол үрейден әлдене көргісі келіп өңмеңдеп, жанталасып барады. Қолымды қышытып, шыбын жанымды шырқыратып жатқаны да сол ғой.

***

Кори екеумізді орбитаға «Сатурн-16» ракета тасымалдағышы жеткізді. Телекомментаторлар оны «Емпайр Стейт Билдинг» деп атап кеткен болатын. Сөзінің жаны бар: «Сатурн-16» расымен керемет үлкен етіп салынған дүние-ді. Сол үшін тереңдегі екі жүз фут болатын (шамамен 61 метр – ауд.) шахтаны арнайылап қазды емес пе? Өйтпесе, аспанға көтерілгенде Кеннеди мүйісінің жартысын қопарып кетеді деген қауіп болды ғой. «Сатурн 1-Б» зымыранын жанына қойып қойсаң, жәй ғана ойыншық болып көрінер еді.

Жерді бір айналып шықтық та, борт жүйелерін тексеріп, Шолпанға бет алдық. Бұл кезде ғарыштың алыс-алыс аймақтарын игеру үшін қосымша қаржыландыру бөлу мәселесі сенатта талқыланып, халық қалаулылары қырықпышақ болып дауласып жатқан. Сондықтан НАСА басшылығы біздің бұл сапардан құрқол қайтпауымызды тілеп, құдайларына жалынып-жалбарынып әуреге түскен-ді.

– Әйтеуір бірдеңе тауып әкеліңдер, – деп еді «Зевс» бағдарламасының құпия жебеушісі Дон Ловингер үшінші бокалдан кейін. – Кемелеріңде алуан түрлі аппаратура самсап тұр. Телекамера дейсің бе, басқа ешкімде жоқ телескоп дейсің бе… Алтын немесе платина табыңдар. Сүп-сүйкімді, көкпеңбек кішкентай адамның үстінен түссеңдер, тіпті жақсы. Алып келіп, шіркей құсатып зерттер едік. Сөйтіп үстем екенімізді сезініп, бір қомпаңдап қалар едік. Әйтеуір бірдеңе табыңдар. Гамлеттің әкесінің көлеңкесі де жарап тұр.

Басқаларды қайдам, жаңалық ашуға Кори екеуміз қарсы емеспіз, әйтеуір. Бірақ осы уақытқа дейін алысқа шығандап ұшқан ғарыш барлау миссияларының бірде-бірі ойдағыдай нәтижеге жеткен жоқ. Алпыз сегізінші жыл: Борман, Андерс және Ловелл экипажы Айға жетті де, Жердегі құмды жағажайды еске салатын, құлазып бос жатқан қараусыз әлемге тап болды. Жетпіс тоғызыншы жыл: Маркхем мен Джекс Марсқа қонды, бірақ қызыл планетада қураған қынадан басқа дым өспейді екен. Миллиондаған доллар желге ұшты. Оған адам шығынын қосыңыз. Соңғы «Апполондардың» бірімен апатқа ұшыраған Педерсен мен Ледекер Күнді айналып әлі «ұшып» жүр. Джон Дэвистің де жолы болмады: метеорит кесегі орбитал обсерваториясын быт-шыт қылып талқандап кетті.

Жоқ, атамаңыз, осы уақытқа дейін жарыған ғарыш бағдарламасы болған жоқ. Амал не, бұған анық көз жеткізу үшін біздің Шолпанға барып-қайтуымыз ғана қалған секілді.

Сапарымызға он алты күн кетті. Қанша құты концентрат жеп, қанша партия джин ойнағанымызды Құдай білсін. Бір-бірімізге тұмау жұқтырып та үлгердік. Бірақ іс тұрғысынан ауыз толтырып айтуға тұратын оқиға бола қоймады. Үшінші күн дегенде ауа ылғалдатқышын ауыстырдық, бар «жетістігіміз» – сол.

Шолпанның атмосфера қабатына кірдік. Жұлдыздың нүктеден тиынға, тиыннан сүттей ағарған шыны шарға көз алдымызда айналып шыға келгенін бақылап отырдық та қойдық.

Сапар басқару орталығымен қалжыңдастық, Вагнер мен Битлз тыңдадық, автомат режимде түрлі тәжірибе жүргіздік. Екі рет кеменің орбитасын дәлдеп, аралық түзету жұмыстарын жасадық. Ол жақтан да пәлендей ауытқу көрмедік.

Тоғызыншы күні аяқ астынан істемей қалған DESA-ны тексеру үшін Кори ашық ғарышқа шықты. Басқа дым болған жоқ…

***

– DESA? О не тағы? – деп сұрады Ричард.

– Е, бір сәтсіз біткен эксперимент еді. НАСА гала-антеннаға үлкен үміт артқан болатын: біреу-міреу естіп қала ма деп, қысқа толқында хабар тарататынбыз. – Саусағымды шалбарыма үйкеп қасымақ болдым, бірақ қышымам «құтыра» түсті. – Анау ғарыштың алыс түкпірінен сигнал ұстайтын Батыс Вирджиниядағы радиотелескоп бар ғой, сол сияқты. Тек Жердегі мынау қабылдап қана қояды, ал біз кемемізден Юпитер, Сатурн, Уран сияқты алыс планеталарға сигнал жіберетін едік. Жауап болмады. Саналы тіршілік иесі бар болған күннің өзінде, қалғып кеткен сияқты.

– Ашық космосқа Кори жалғыз шығып па еді?
– Иә. Жұлдызаралық бір бәле жұқтырса, жұқтырған шығар, бірақ телеметрия ештеңе көрсетпеді.
– Әйтсе де…
– Маңызды емес, – дедім түнеріп. – Дәл қазір, дәл осы жер не болып жатыр – міне, осыны ойлау керек. Кеше АНАЛАР баланы өлтірді. Бұл сұмдықтың куәсі болғаным, сезгенім, оны қойшы, қатысым болып, араласқаным қайбір жақсы дейсің. Байғұстың басы… шашылып кетті емес пе? Біреу миын үңгіп-үңгіп, артынан сол тесікке граната тастай салған сияқты дәп бір.

– Ары қарай айт бер, – деді серігім.
– Айтатын не қалды?

***

Шолпанды эксцентрлі орбита бойынша айналып жүрдік. Апогей жетпіс алты, перигей жиырма үш болғанда, бір орап шықтық. Екінші рет айналғанда орбита созылып, ұзара түсті. Төрт орам жасағанымызда, планетаны жақсылап тамашалай алатын болдық. Алты жүз сурет түсірдік. Қанша метр таспа жазғанымызды Құдай білсін.

О жақтың бұлты метан, аммиак, шаң, тағы басқа да көр-жер дүниеден тұрады екен. Шолпанның өзі жел айдаған Үлкен Шатқалға ұқсайды. Біздің бұрғымыз қиқылдап-шиқылдап барып бетіне қонды да, жұмысын бастап кетті. Өсімдік көрмедік, оны қойшы, бірде-бір тіршілік белгісі байқалмады. Спектроскоп құнды минералдар кені бар екенін көрсетті. Шолпан деген, міне, осы ғана. Бос жатқан, құладүз дала сияқты. Бірақ үрей мен қорқыныштан арыла алмай қойдым. Елес жайлаған ескі үйді айналып ұшып жүргеннен айырмасы жоқ. Сәтсіз теңеу екенін білемін, бірақ, қайтар жолға шығар кезде есалаңға айналайын-ақ деп қалған болатын. Сәл болмағанда, тамағымды өзім-ақ осып жіберер ме едім, кім білген. Жо, бұл сендерге Ай емес. Ай да дымы жоқ құлазыған планета, бірақ, мен оны зарарсыз, залалсыз тап-таза жер дер едім. Ал біз барған планета, біз көрген дүние ақылға сыймайды. Оған Шолпанды орап жатқан бұлт-пердені қос. Терісінде бір қылтанағы жоқ тақыр басты елестетші, кәні. Ойыма келген ең дәл сөз осы болып тұр.

Қайтарда Сенаттың ғарышты игеруге бөлінетін ақшаны екі есе қысқартуға дауыс бергенін білдік. Кори бұл жаңалықты естіп, «Сонымен, Арти, метеоспутниктерімізге оралатын болдық па?» дегендей бірдеңе айтты. Мен, шынымды айтсам, қуанып та қалдым, қаңғырып жүре бергеннің не қадірі бар?

Он екі күн өткен соң Кори қаза тапты. Мен ғой жарымжан, мүгедек болып қалдым. Сұмдықтың бәрі қайтар жолда болғанын көрмейсің бе? Тағдырдың тәлкегі емей не? Бір ай ғарышта қаңғалақтап жүрдік, бұрын-соңды адам аяғы жетпеген жерге бардық, бірақ… біреудің кофе ішемін деп асығып жүріп бірдеңені дұрыс тексермегенінен осылай болып қалдық.

Жаман құладық, несін айтасың. Тікұшақта болғандардың бірі кейін маған «алып нәресте кіндігі шұбатылып аспаннан құлап келе жатқандай болды» деп айтып берді. Жерге келіп соқтығысқанымызда есімнен тандым.

«Портленд» кемесінің палубасына көтерілгенде барып есімді жидым. Қызыл кілем төсеп, қошеметпен күтіп алуға мұршалары болмады. Сөйтетін жөндері бар-ақ еді. Қызыл түстен кенде емес едім бірақ. Ауруханаға дейінгі жолды қанмен боядым.

Бефездада екі жыл жаттым. Медаль тақты, ақшаны үйіп берді. Сосын мына арбаның иесі атандым. Артынша осы жерге көшіп келдім. Зымырандардың ұшқанын қарап отырғанды жақсы көремін.

***

– Білем, – деді Ричард. Үндемей сәл отырды. – Қолыңды көрсетші.
– Жоқ! – жұлып алғандай шаңқ ете қалдым. – Өйтсең, ОЛАР сені көріп қояды. Ескерттім емес пе?!
– Бес жыл өтті ғой, Артур. Неге дәл қазір аяқ асты жындана қалдың? Осыны жөндеп түсіндіріп бере аласың ба?
– Білмеймін. Білмеймін! Инкубациялық кезең сондай ұзақ шығар! Бәлкім, бұл бәлені ана жақта емес, кейінірек Форт Лидердейлде жұқтырып алған болармын. Не осы жерде отырып тап болған шығармын. Қайда білейін?

Ричард күрсінді де, күн нұрынан қып-қызыл боп боялған шығанаққа көз тастады.

– Ақылға сыятын жауап тапсам деймін, Артур. Есің ауысып кетті-ау деп ойлағым келмейді.
– Басқа амал қалмаған кезде ғана саған қолымды көрсетем, – мұны әрең айттым. – Басқа амал қалмаған кезде ғана.

Ричард орнынан тұрды. Таяғын алды. Әл-дәрмені қалмаған кәрі адам секілді.

– Машинаны алып келем. Баланы іздейміз.
– Рахмет, Ричард.

Быт-шыты шығып жатқан, Үлкен Құм Төбелерді кесіп өтіп, Кей-Керолайнға апаратын ауыл жолымен үйіне беттеді. Мүйіске жақын жатқан, шығанақтың арғы басындағы аспан шіріген қараөріктің қабығынан аумайтын түске боялып қалыпты. Алыстан күннің күркірегені естіледі.

***

Баланың атын білмейтінмін. Бірақ елегін қолтығына қысып, құм далада кештете қыдырып жүргенін жиі көруші едім. Күнге әбден күйген. Бұтында жазғы шалбардан тігілген ескі қысқа дамбал.

Ана елегімен құм елеп, жиырма бес және он пенс тиындарды жинап алуға болады. Жолы болғыш, ебі бар адам қала жағажайында бір күнде бес долларға дейін ақша табатын.

Кейде алыстан қол бұлғаймын. Ол да сөйтеді. Бір-бірін танымайтын, бірақ жаны туыс екі адам, басқаша айтқанда, бақырып-шақырған, кадиллак мінген, қалтасы ақшаға толып жүретін қаптаған туристі жақтыра бермейтін жергілікті екі тұрғын бір-бірін осылай қарсы алатын.

Жарты милдей жерде, поштаның жанындағы ауылда тұрады-ау деп топшыладым.

Кеше бала үйдің жанынан өткенде, қимылсыз қатып, оны күтіп тұрғаныма бір сағат болған еді. Бинтті шешіп тастағанмын. Айналаны көрсетсең ғана азабым аз да болса жеңілдеп қалатын. Әйтпесе дуылдатып, жанымды жеп біткен-ді.

Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. ОЛАР біздің әлемді есік саңылауынан сығалағандай мен арқылы көреді, көреді де жек көреді, жек көреді де қорқады. Ең сұмдығы, өзім де алыс кетпеген сияқтымын: айналаны басқаша қабылдайтындаймын.

Жаныңыз денені тастап шығып, шыбынға барып қонды деп елестетіңіз. О жәндік сансыз көзімен пендеуи тәніңізге қадала қарады делік. Қандай күйде боласыз? Қасымда ешкім болмаса да, біреу-міреу байқап қоймасын деп қолымды шандып таңып тастағанымның себебін енді түсіне алдыңыз ба?

***

Бәле Майамиде басталды. Ол жақта теңіз әскери күштерінде тергеуші болып жұмыс істейтін Крессвел деген адаммен байланысып тұрдым. Жылына бір рет келетін. Біраз уақыт бойы мемлекеттік ғарыш бағдарламасының құпия материалы саналып келдім. Сонда не көргілері келді деймін де. Көзімнен әппақ сәуле төгілуі керек пе еді? Қақ маңдайдан алқызыл әріп табамыз деді ме? Қайдан білейін. Әйтеуір, зейнетақым керемет көп еді, тіпті сонша ақшаны алудың өзі ұят-ты.

Крессвел тоқтаған қонақ үйдің террасасында екеуіміз отыр едік. Алдымызда түрлі сусын, аузымызда Америка Құрама Штаттары ғарыш бағдарламасының болашағы. Сағат үштен кеткен.

Кенет қолымның саусағы дуылдап қоя берді. Кәдімгі қышығанға ұқсамайды. Тоқ жүріп өткендей ме, қалай? Онымды Крессвелге айтып бердім.

– Мына алтын аралдың улы шырмауығы тиіп кеткен болар, – деп мырс етті ол.
– Кей-Керолайнда палметто бұтасынан басқа ұстап көруге болатын дым жоқ қой. Жеті жыл бұрынғы қышымам шығар.

Қолыма қарадым. Кәдімгі қол. Тек қышып, өлтіріп барады.

Сол күні стандарт бланкіге қол қойып («… ақпаратты алмағаныма да, бермегеніме де салтанатты түрде ант етемін!»), Керолайнға қайттым. Аяқты қажет етпейтін, қолмен ғана басқаруға болатын ескі «Фордым» бар еді. Тамаша ойластырылған, өзіңді он екі мүшесі сау адам сезініп қаласың.

Жол алыс-ты. Трассадан шығып, Кей-Керолайнға бұрылатын жерге жеткенше есімнен айрыла жаздадым: қолым қышып, шат-шәлекейімді шығарды. Терең жараның немесе отадан кейін орынның тыртықтанып, жазылғанын бастан өткізсеңіз, мен әңгімелеп отырған жағдайды аз да болса білесіз деп ойлаймын. Терінің астына құрт-құмырсқа кіріп алып, жыбыр-жыбыр етіп жатқан сияқты.

Күн батып кеткен соң, көліктің жарығына қолымды тосып қарадым. Саусақтың ұшы қызарып кетіпті, әлгі таңба алынатын жұмсақ жері, гитара ойнағанда мүйізденіп кететін тұсы майда-майда қызыл нүктеге толып қалған. Буын-буынның арасы да дәл сондай жағдайда.

Оң қолымның саусақтарын ерніме басып едім, жүрегім айнып қоя берді, тартып ала қойдым. Сананың алыс түкпірінде пайда болған үрей мысықтабандап көтеріліп келді де, тамағымды шеңгелдей қысып, тұншықтыра бастады. Қызыл нүктелер пайда болған жердегі тері ып-ыстық болып қабынып тұрғандай көрінді, ал еті – шіріген алма сияқты былжыраған, жұп-жұмсақ бірдеңе.

Үйге жеткенше мұның бәрі улы шырмауықтан деп өзімді жұбатпақ болдым, бірақ бір қорқынышқа толы ой жегідей жеп, мазамды алып бітті. Кішкентай кезімде апайым бар еді. Байғұс өмірінің соңғы он жылын біздің үйдің шатыры астындағы бөлмеде өткізген болатын. Ешкіммен көріскен, араласқан жоқ. Жоғарыға тамақ таситын шешем оның атын атауға тыйым салатын. Апайымның Хансен ауруымен, яғни алапес болғанын кейін бір-ақ білдім.

Үйге келген соң материктегі дәрігер Фландерске қоңырау шалдым. Балық аулауға кетіп қалыпты, шұғыл шаруа болса, дәрігер Балланджерге хабарласу керек екен.

– Фландерс қашан келеді?
– Ертең түске қарай. Сіз…
– Иә, әрине.

Ричардқа соқтым. Жауап бермеді. Тұтқаны қоймай, қайта-қайта хабарласып көрдім.

Ақыры басым қатып біраз отырдым. Қышымам күшейе берді. Біреу әдейілеп жыбырлатып жатқандай.

Арбамды сүйретіп кітап шкафына жақындадым да, ұзақ жыл бойы сақтап жүрген ескі медицина энциклопедиясын алдым. Бірақ дым ұқпадым, себебі түсіндірменің бәрі тым жалпылама болып шықты. Мынаған сенсең, жазылғанның бәрімен ауыратын әрі… ештеңемен ауырмайтын адам болуым мүмкін еді.

Арбада отырып, шалқалай жаттым да, көзімді жұмдым. Қираған ғарыш кемесінен қалған көне сағат қарсыдағы сөреде тық-тық етеді. Майамиге бет алған ұшақ жәйімен ғана гуілдеп өтті. Пыс-пыс етіп дем алып жатырмын.

Кенет ашық жатқан энциклопедияның парақтарын көріп тұрғанымды түсіндім.

Зәре-құтым қалмады. Бұл екі әрекеттің қатар келгені туралы ой төніп келді де, тарпа бас салды.

Көзім жабық, бірақ кітап әне. Көріп тұрғаным сөзсіз. Жо, бұл әлдебір төртінші кеңістіктегі, қатарлас әлемдегі кітаптың лас, ұсқынсыз баламасы болатын, бірақ оның дәл осы медициналық эниклопедия екені даусыз-ды.

Кітапты мен ғана көріп тұрған жоқ екем.

Жүрегімнің қысылып бара жатқанын сезіп, көзімді аштым. Аздап жеңілдегендеймін, бірақ есімді толық жиып алдым десем, өтірік болар еді.

Энциклопедия алдымда жатыр. Ішіндегі мәтін мен схемаларды кәдімгі көзіммен көріп тұрмын. Мұның таңғалар түгі жоқ еді. Алайда бұдан бөлек тағы бір қарас бар екенім сездім. Ол кітапты басқа нүктеден, өзге ракурстан көреді және энциклопедияны сиықсыз сипатта, арам ниетке толы, жаратылысына жат бөтен бірдеңе деп таниды.

Қолымды жәйлап бетіме жақындаттым. Қонақ бөлмемнің үрей мен сұмдыққа толы екені туралы әлде ой, әлде бейне шарпып өтті.

Айқайлап жібердім.

Саусақ басындағы бағана қабынып тұрған тері шырт-шырт шытынап кетіпті. Ойық-ойық жерлерден көп көз сығалаңдайды. Ет ажырап, майда-майда жаралардың аузы кеңейіп барады. Саңылаудағы әлгі көз біткен сығылысып, иін тіресіп тұр – бір-бірін итеріп, сыртқа бірінші болып шыққысы келетіндей.

Алайда мен бұдан шошып айқалаған жоқ едім.

Өз-өзімді саусақтағы көздер арқылы көрдім және көргенімді құбыжық деп таныдым.

***

Дүңкиген көлік құм төбеден асып түсті де, үйдің алдына келіп тоқтады. Моторы гүр-гүр етіп қояды. Арбада отырған күйі арнайы пандус арқылы төмен түстім. Ричард машинаға мінуге көмектесті.

– Ал Артур, бүгін бастық сенсің. Жол көрсет.

Үлкен құм төбелер аласарып барып мүлдем көрінбей кететін шығанақ жақты нұсқадым. Ричард басын изеді. Артқы дөңгелектер зырыл қағып топырақ-құмды боратты да, көлікті орнынан қозғады.

Әдетте дұрыс жүргізбейсің деп Ричардтың құлақ-етін жеп отыратынмын. Бүгін үндемедім. Жанды жегідей жеген ой онсыз да көп-ті: қараңғыны ОЛАР ұнатпайтын, сондықтан бинтті шеш деп теріні дуылдатып барады.

Көлік ана барқанның басын бір шалып, мына шағыл төбені бір қопарып зымырайды. Сол жақта қанды із қалдырып күн батып барады. Теңіз бетін жапқан қарсы беттегі қап-қара бұлт жақындап келеді. Найзағаз жарқ-жұрт етіп суды тіліп өтті.

– Оңға, – дедім. – Анау қалқаның жанында.

Ричард шаң-тозаңды бұрқыратып барып тоқтады да, артқы орындыққа еңкейіп, күрек алды. Оны көріп селк ете қалдым.

– Қайда? – деді сабырлы дауыспен.
– Әні, – көрсеттім.

Ричард көліктен түсті де, мен нұсқаған жерге жәйімен жақындады. Сәл кібіртіктеп барып күрек салды. Су сіңген ауыр құмды лақтырып, ұзақ қазды.

Түнерген бұлттар жер-көкті алып кетті. Батқан күн мен еңсені басқан аспанның ортасында қалған теңіз сұрланып алған.

Ричард күрекпен әуре болып жатқанда-ақ оның баланы таппайтынын білдім. АНАЛАР басқа жаққа апарып көміп тастаған еді. Түнде қолымды шешіп қойған болатынмын. ОЛАР керегін көре алады, қалауын жасаттыра да алады. Адам өлтіруге мені осылай оп-оңай мәжбүрлей алса, ұйықтап жатқанымда мүрдені қаздыртып алып, басқа жерге көмдірту сөз болып па?

– Көрдің ғой, Артур, ештеңе жоқ.

Ричард осылай деді де, күрегін машинаға тастып, рөлге отырды. Шаршапты. Майда көлеңкелер теңіз бетіндегі қара түнектен қорыққандай жағажай үстінде жылжып барады. Жалпылдап соққан жел көліктің сыртын құммен «атқылап», сартылдатып жатыр.

Саусақтарым дуылдап, есті алуын қояр емес.

– ОЛАР мені мүрдені басқа жаққа апарып көмуге мәжбүрледі, – дедім түнерген күйі. – Барған сайын күшейіп келеді, Ричард, әмірі мықты. Есік саңылауы кеңейіп барады. Кейде қалақ, сурет, бұршақ толы банка – әйтеуір, бірдеңені қолыма алып, қадала қарап тұрғанда есімді бір-ақ жиямын. Ол неменеге керек, қалай келдім – мұның бәрін, әке десең, айтып бере алмаймын. Саусағымды көтеріп, әлгі затты солардың көзімен көремін. Көремін де, ұсқынсыз, сорақы, жат дүние деп түсінемін.

– Артур, – Ричард сөзімді бөліп жіберді. – Болды. Қоя ғойшы. – Алакөлеңкеде жүзінен мені қатты аяп тұрғанын байқадым. – «Қарап тұрамын» дейсің… «Мүрдені басқа жаққа көмдім» дейсің… Не деп кеттің, Артур? Баяғыда жүре алмай қалдың емес пе? Аяғың істемейді ғой?

Көліктің құрал-аспап тақтасын түртіп көрсеттім.

– Мынау да істемейді. Бірақ сен кілт салып, оталдырғанда, көлік жүріп қоя береді. Біреуді өлтіргің келсе, қағып кетесің. Машина оныңа бөгет бола алмайды. Тыңдайды. – Даусым дірілдеп қоя берді. – Мен ОЛАРДЫ бұл әлеммен байланыстырып тұрған есікпін, түсінсең етті? Баланы өлтірген СОЛАР! Мүрдені қазып алып, басқа жаққа көмген СОЛАР!
– Дәрігерге көрінгенің дұрыс болар, – ақырын ғана сөйледі. – Қайтайық. Ақыры сен…
– Тексер! Бала қайда кетті деп сұрастырып көр!
– Кім екенін да білмейсің.
– Ауылдан болуы керек. Бірнеше үй ғана бар. Сұрап көр.
– Мод Харрингтонмен сөйлескем. Бүкіл бәлені одан артық білетін қатын бүкіл штатта жоқ. «Өткен түнде жақын жерде жоғалған бала бар ма?» дегем. Ондай ештеңе естімегенін айтты.
– Бала осы жақтікі! Рас айтам!

Ричард көлігін оталдырмақ болып, ұмтыла беріп еді, тоқтаттым. Бұрылып, таңғала қарады. Қолымдағы дәкені шеше бастадым.

Шығанақ жақта жер-көкті дірілдетіп күн күркіреп өтті.

***

Өткен жолы дәрігерге бармаған едім. Сыртқа шығарда қолыма дәке орап тастаймын. Осылай үш апта жүрдім. Өзі қояр деген есекдәмем болды. Әлбетте, мұның ақылға сыймайтынын мойындаймын. Мүгедек арбасына таңылмаған, қалыпты өмірі бар сау адам болсам, дәрігер Фландерстен немесе Ричардстен көмек сұрар едім.

Бірақ алапес болып тірідей шіріген, қамауға түскен апайымның тағдыры туралы ой тұрған таразы басы тым ауыр-ды. Сондықтан ешкімге айтпадым. Бар болғаны күндердің бір күнінде құлан-таза айығармын, жаман түс көргендей болармын да қоярмын деген үміт болды.

Оным бекер екен. АНАЛАРДЫҢ күш-билігін күн өткен сайын анық, айқын сезіне түстім. Атауы жоқ Сана. Белгісіз Әмірші. Шынымды айтайын, бұл тіршілік иелерінің түр-түсі қандай немесе қайдан келген деп басымды қатырған емеспін. Ол туралы ұзақ дауласуға болады. Бір білерім, мен ОЛАРДЫ бұл әлеммен байланыстырып тұрған есік һәм тереземін. Өздеріне таныс ортамен салыстыруға келмейтін өзгеше ғаламнан қалай жиіркеніп, қалай қорқатынын сеземін. Жан-тәнімен жек көретінін сеземін.

Осыған қарамастан АНАЛАР айналаға қадала қараудан айныған емес. Етіме ет, теріме тері болып сіңіп, кіріп, тәнімнің бір бөлігіне айналды. Мен ОЛАРДЫҢ айтағына еріп, бұйрығына мойынсұнатын қуыршаққа айнала бастадым.

Үйдің жанына өтіп бара жатқан бала мені көріп, қолын бұлғағанда, теңіз әскері қызметіндегі Крессвелге қоңырау шаламын деп шешім қабылдап қойған болатынмын. Бұ бәлені ғарышта, нақтысы Шолпан орбитасында жұқтырғаныма күмәнім жоқ-ты. Зерттесін мені, жақсылап тексерсін. Ақылдан алжаспағанымды айтсын. АНАЛАРДЫҢ тесіліп, ұзақ-ұзақ қарағанын теріммен сезіп, түн ортасында айқайлап оянғым келмейді…

Дәке таңбағанымды қолым балаға таяп барып қалғанда бір-ақ байқадым. Қарашығы үлкейген, алтын түсті қабағы бар он шақты көз «ары қарай не болар екен?» деп, әліптің артын бағып тыныштала қалған.

Айтпақшы, бірде қарындаштың ұшын көздің біріне байқамай тигізіп алғаным бар. Қолымның ауырғанынан жаным шыға жаздады. Одан сорақысы, әлгі көздің маған іші-бауырыңды қалтыратып жіберетін ызғармен суық қарағаны болды. Сол оқиғадан кейін өткір заттарды абайлап ұстайтын болдым.

Қазір БҰЛАР балаға қадала қарап тұр. Кенет санамның сусып шығып кеткенін сездім, артынша тәнімді басқарудан қалдым. Есік ашылды. Құмды борпылдата басып жақындадым да, құрбанымды ұстай алдым.

Өз көзім көруден қалды. Оның орнына бұл әлемді АНАЛАРДЫҢ көзімен қабылдадым. Әне, алебастрдан құйылған сиықсыз теңіз күреңқызыл аспанға барып тіреледі. Анау жерде жартылай қираған үй тұр, сірә, сүйегіңді кеміріп, қаныңды сіміретін әлдебір белгісіз құбыжықтың мекені болуы керек. Алдымда ағаш пен сымнан жасалған, пошымы ақылға сыймайтын тік төртбұрыш болып келетін бірдеңені қолтығына қыстырған құпия һәм жиіркенішті әлдене ирелеңдеп, ырс-ырс етеді.

Елегін алып жағажайдан келе жатқан, қалтасын туристердің тиынымен толтырып алған байғұс баланың менің оркестрінен айрылған соқыр дирижер құсап жақындап келіп, жыпырлаған көзі бар, тілім-тілім болып қабынған қолымды созғанымда, яки бас сүйегі қарбыздың қабығындай қақ айрылар алдында не ойлағанын білмеймін.

Бірақ өзімнің қандай ойда болғаным анық есімде.

Ғалам мен өмірдің шетіне, шегіне жетіп, тозақтың мәңгі өшпейтін отына құладым-ау дедім.

***

Дәкені шеше бастадым. Күшейіп алған жел бинтті жұлқылап, ойнақ салады. Құм төбелер бір қараңғы, бір жарықта қарауытып әрең көрінеді. Қара бұлттар саңылау қалдырмай, аспанды торлап алыпты – тас төбемізде бұрқ-сарқ қайнап жатыр.

– Ричард, уәде ет… – азынаған дауыл естіртпей ме деп айқайлап айттым. – Саған бірдеңе… жаман бірдеңе жасаймын деп әрекет қылсам, қашасың. Уәде ме?
– Жарайды. – Жейдесінің жағасы желмен бірге жалп-жалп етеді. Сұрланып алған, маған тесірейе қарайды.

Соңғы бинт түсті.

Ричардқа қарадым. АНАЛАР да сөйтті. Мен бес жыл ішінде жақыныма айналған, жақсы көретін адамымды көрдім. АНАЛАР ербиіп тұрған әлденені көрді.

– Енді сенесің бе? – даусым қарлығып қалған. – Осыдан кейін күмәнің бар ма?

Ричард бір қадам шегінді. Түрі бұзылып кеткен, бойын үрей жайлап алған. Найзағай жарқ етті, артынша шығанақты көктей өтіп, қара судың бетіне жайыла күн күркіреді.

– Артур…

«Не деген жиіркенішті едің, Ричард! Мынаның жанында қалай отырғам, мұнымен қалай тілдескем! Сені адам деу қиын, аузы-мұрны жоқ құбыжықсың. Сен…»

– Қаш! Қаш, Ричард!

Ричард қашты. Қолы ербелеңдеп, аттап-бұттап барады.

Алтын қабақ көздері бар қолым өз-өзінен көкке көтерілді. Мына сұмдыққа толы суық, жат, бөтен әлемдегі ӨЗДЕРІНЕ сондай таныс, сондай ыстық жалғыз дүние – қара бұлттан көмек сұрағандай.

Қара бұлт онысын жауапсыз қалдырған жоқ.

Ақырзаманның белгісіндей болған алып найзағай аспанды тіліп өтті. Сол-ақ екен Ричард жоқ болды. Ауада тек озон мен күйіктің исі ғана қалды.

***

Есімді үйдің жанында жидым. Аспан ашылыпты, көктемге тән таза, салқын ауа сезіледі. Ай көрінеді. Әппақ болып жарқырап жатқан құм төбелерде не Ричардтың, не оның дөңгелегі арбайған көлігінің ізі де жоқ.

Қолыма қарадым. Көздер ашық, бірақ ештеңе көрмейтін секілді. Найзағай шақыруға бар күш-қуатын жұмсап, әлсіреп қалыпты.

Не істейтінімді білемін. Есік саңылауы кеңімей тұрғанда, байланысты үзу керек. Мәңгіге. Беті жаман, қалпына келуі мүмкін емес өзгерістерді қазір-ақ байқап отырмын: саусақтарым қысқарып қалыпты, оның үстіне… адамдікіне ұқсамай бара жатыр.

Қонақ бөлмеде ошақ бар еді. Қыста Флориданың сыз ауа райынан құтылу үшін кейде жағып қоятынмын. Асығып-үсігіп жүріп от қойдым. МЫНАЛАР оянып кетсе, қиын болады.

Оттың жақсылап жанғанын күттім. Сосын бензин құйылған канистрге екі қолымды малып алдым. Бірден оянды. Шыңғырған көздер шарасынан шығып барады. Ошаққа жете алмай қаламын ба деп қорықтым.

Бірақ жеттім.

***

Мұның бәрі жеті жыл бұрын болған еді. Содан бері Флоридадамын, кетпедім. Ғарыш кемелерінің ұшқанын тамашалап отырғанды әлі жақсы көремін. Соңғы кезде мұндай сапарлар жиілеп кетті, қазіргі билік ғарышқа кәдімгідей қызығатын секілді. Тіпті Шолпанға бірнеше зонд жіберу туралы әңгіме көтеріліп жатыр екен.

Әрине, бұдан бірдеңе өзгере қоймайды, бірақ баланың есімін білдім. Шынымен ауылда тұрыпты. Шешесі басында ұлы досымен материкте қалған деп ойлаған, сондықтан дүйсенбіде ғана іздей бастаған.

Ричардқа келсек… Оны бәрі біртүрлі адам деп танитын. Аяқ асты туған жеріне, Мэрилендке тайып тұрған болар немесе біреуді сүйіп қалып, сонымен кеткен шығар деп айтты да қойды.

Мені айналадағылар мүсәпір көреді, қылығыма шыдайды, бірақ тосырқап қарайды. Онысы түсінікті. Ғарышты зерттеуге кететін ақшаны басқа салаларға жұмсау пайдалырақ болар еді деп Вашингтондағы конгрессменіне қайта-қайта хат жаза беретін бұрынғы астронавты қайдан көрдіңіз, әйтпесе?

Бір кездері қол болған екі ілмек-тұқылмен өмір сүруді әжептеуір меңгеріп алдым. Ә дегенде бір жыл бойы ауырып, әбден азапқа салды, бірақ «үш күннен кейін көрге де үйренесің» дегендей… Сақалымды өзім аламын, бауымды да өзім байлаймын. Мәтінді сартылдатып мәшіңкеде теріп шыққаныма, міне, сіз де куә болдыңыз.

Қысқасы, мылтықтың оқпанын аузыма салып, шүріппесін басып қалуға шамам бар. Оны неге айттың дейсіз ғой?

Үш апта бұрын қайта басталған еді.

Кеудемде алтын қабақты он шақты көз дөңгелене пайда болыпты.

1971

* * *

Аударған — Дінмұхамед Зиядин. Авторға рахмет айту: +7 707 490 17 67 (Kaspi)

* * *

Басқа аудармаларды оқу: https://t.me/qisyqaudarma

Автормен достасу: https://www.facebook.com/aliziyadin

Пікір қалдыру