Х.Ф. Лавкрафт. Қорқынышты Шал

Хауар Лавкрафт

Үрей әлемін қалыптастыруда баға жетпес үлесі бар Хауард Филлипс Лавкрафттың осыған дейін бір әңгімесін аударған едім (оқимын десеңіз, міне, «Ескі кітаптағы сурет»). 

Бүгін шағын шығармасын ұсынып отырмын. «Қорқынышты Шалдан» қисынға сай сюжет, бас-аяғы бар оқиға іздесеңіз, таппауыңыз мүмкін, мұның қызығы атмосферада, әңгіменің сыйлайтын эмоциясында. Оны жеткізе алдым ба, жоқ па – білмеймін. 

«Лавкрафт әлеміне» тән Жаңа Англияның сипаты алғаш рет осы әңгімеде пайда болған екен. 

Оқып, пікіріңізді айтып, сілтемені бөлісе отырыңыз. Содан артық қолдау жоқ:)

Айтпақшы, автордың Телеграмдағы әуесқой аударма каналына жазылып қою рекоменделеді.

Ал енді өзіміз отырып әңгіме оқиық:)

* * *

Қорқынышты Шалға «сәлем беріп» кіріп-шығу жайлы ой басқа емес дәл осы Анжело Риччи, Жо Чанек һәм Мануел Силваның  басына келген болатын.

Шал теңіз бойындағы Уотер-Стритте орналасқан, әбден ескіріп, тозығы жеткен үйде тұрушы еді. Ел оны шіріген бай санайтын һәм күш-қайратынан айрылған дәрменсіз қарт деп танитын. Әлбетте, мұндай сипатқа Риччи, Чанек һәм Силва мырзалардың назар аудармауы мүмкін емес еді, себебі олар кісі тонауды кәсіп еткен қарақшы болатын.

Шіріп, құлағалы тұрған үйінің қуысында көз көрмеген, құлақ естімеген қазына ұстайды екен деген алып-қашпа әңгімеге қарамастан, Киңспорт тұрғындарының Қорқынышты Шал туралы ойы, пыш-пыш әңгімесі оны Риччи мырза секілді ерекше кәсіпке ие жандардың назарына ілігіп, құрбаны болудан осы уақытқа дейін сақтап келген-ді.

Қорқынышты Шал шынымен біртүрлі адам болатын. Ел оны уақытында Шығыс Үндістанда клипер капитаны болған екен деп долбарлайды. Бірақ бұл әңгіме есте жоқ ескі заманды қозғайтындықтан, жұрт кәрі жентельменнің жігіт болып,  жалын атқан кезін елестете де алмайтын. Ол аз десеңіз, есім-сойы мынау деп айта қоятын да адам жоқ, себебі Қорқынышты Шал ешкіммен сөйлеспеуші еді, аузына су толтырып алғандай тым-тырыс жүретін де қоятын.

Егесіз қалған деуге келетін ескі үйінің алдыңғы ауласында, арбайған-қорбайған ағаштардың арасында Қорқынышты Шал пошым-порымы біртүрлі келген үлкен-үлкен тастарды жинаушы еді. Олардың топталуы да, әлем-жәлем боялғаны да ерекше-тұғын һәм түнерген әлдебір шығыс храмының тас құдайларын еске салатын. Қорқынышты Шалдың ұзын келген әппақ қудай сақалы мен шашын мазақтап, үйінің терезесін шағып кетуді жақсы көретін, бірақ көзіне түсуден қашқақтайтын тентек балалар осы тас бейнелерден сескенетін.

Кейде балалардың батылдау келгені немесе Киңспорттың қызық іздеген ересек тұрғыны қарияның үйіне жақындап барып, шаң басқан терезеден сығалап қарайтын. Міне, солардың айтуынша, бірінші қабаттағы үңірейіп бос тұрған бөлменің ортасында үстел бар екен, оның үстіне біртүрлі бөтелкелер қойылыпты, әр бөтелкенің ішінде жіпке байланған бір түйір қорғасын тас маятник секілді тербеліп тұрады-мыс. Ол аз десеңіз, көргендер Қорқынышты Шалдың әлгі бөтелкелермен адам құсап сөйлесетінін, Жек, Тыртық бет, Ұзынтұра Том, Испан Жо, Питерс, Мейт Елис деп атын атайтынын, ең сұмдығы, Қорқынышты Шал бөтелкеге қарата бірдеңе дегенде, әлгінің ішіндегі кішкентай қорғасын жауап бергендей болып шайқалатынын айтып, ант-су ішуші еді. Сорайған, тыриған Қорқынышты Шалдың осы тірлігін көргендер, терезеден сығалау дейтін әдетті сол сәтте ұмытатын.

Алайда Анжело Риччи, Жо Чанек һәм Мануел Силва Киңспорттың тумасы емес-ті. Олар Жаңа Англияның қанына сіңген әдет пен ғұрып-дәстүрден алшақ жүрген, шыққан тегі белгісіз, бұл аймаққа жат, бөтен-бөгде жандар болатын. Сондықтан ерекше істі кәсіп қылған үшеу Қорқынышты Шалды иір біткен таяққа сүйенбесе жүре алмайтын, жіңішке, әлсіз қолы қаріліктен дір-дір еткен дәрменсіз, бейшара қария деп танитын. Ел жоламауға тырысатын, артынан абалаған иттің үргені де басқаша естілетін жалғызілікті қартты тонаудан өздері де аздап қысылатын еді. Бірақ жұмыстың аты жұмыс, оның үстіне банкте шоты жоқ, қаусаған кәрі һәм күш-қайраты қалмаған адамның ауыл дүкенінде тұрып, аз-мұз керек-жарағының ақысын осыдан екі ғасыр бұрын құйылған испан алтынымен не күмісімен төлеуі қарақшыларды еліктіріп, елітіп, қызықтырып әкеткен-ді.

Риччи, Чанек һәм Силва мырзалар іске 11 сәуірдің түнінде барамыз деп шешті. Риччи мырза мен Силва мырза байғұс қариямен бетпе-бет тілдеспекші, ал мистер Чанек Қорқынышты Шал ауласының арт жағындағы биік қабырға жанында, Шип-Стриттің бойындағы қақпа алдында екі жолдасы мен олар көтеріп шығатын бағалы олжаны күтіп тұрмақшы болды. Алда-жалда полиция араласа қалса, бұл істеп жатқан тірлігін түсіндіріп жатпау үшін осылай тыныш келіп, тыныш кетуді алдын-ала жоспарлап қойған болатын.

Іс біткен соң пайда болуы мүмкін күдік-күмәннан арылу мақсатында бұл үшеуі діттеген орынға жеке-жеке жетуді жөн көрді. Риччи һәм Силва мырзалар Уотер-Стриттің бойындағы Қорқынышты Шалдың бас қақпасының алдында жолықты. Арбайған-қорбайған ағаштардың енді-енді бүр жарған бұтақтарын көктей өтіп, әлем-жәлем боялған үлкен тастарға түскен, сонысымен оларға біртүрлі сипат берген ай сәулесін мырзалар жақтыра қойған жоқ, алайда мәнсіз, мағынасыз ырым-жырымға алаңдап жатпады – атқарылуға тиіс шаруа тым көп болатын.

Мырзалар «алтын-күмісті қайда тықтың?» деп Қорқынышты Шалдан жауап алу қиынға соға ма деп уайымдады, себебі теңіз капитандарының қырсық мінезді болып келетіні бар еді. Алайда үй егесі тым кәрі, тым әлсіз болатын, оның үстіне «қонаққа» бір емес, екі адам келіп тұр ғой. Риччи һәм Силва мырзалар әңгіме-дүкен құруға құлқы жоқ жандарды сайратып жіберу өнерін бек мықты меңгерген еді. Дәрменсіз, аса құрметті жентельмен ойбайға басып жатса, үнін өшіре салу оп-оңай.

Бұлар шам жарығы көрініп тұрған терезеге беттеді де, қорғасын ілінген бөтелкелерімен бала сияқты сөйлескен Қорқынышты Шалдың даусын естіді. Сонда мырзалар маскасын тағып, жел жұқартқан емен есікті әдеппен жайлап қана қақты.

 * * *

Қорқынышты Шал үйінің артқы қақпасының алдында, Шип-Стриттің бойында жабық көлікте отырған мистер Чанекке іс тым созылып кеткендей көрінді. Мазасызданып, астынан су шыққандай қипақтап бітті.

Мистер Чанек аяуды білетін еді, сондықтан жолдастары ескі үйге кіріп кеткен соң бір сағаттан кейін барып естілген мына үрейге толы айқайды мүлдем ұнатпады. Серіктеріне «жасы келген байғұс теңіз капитанымен барынша жұмсақ боларсыңдар» деп айтпап па еді? Шырмауық басқан биік тас қабырғадағы тар келген емен есікке тағатсыздана қарап қояды. Біресе сағатына көз тастайды, бұлардың кешіккеніне таң қалады. Әлде шал қазынаны қайда тыққанын айтып үлгермей, тырайып қалды ма екен? Бәлкім алтын-күмісті табу үшін үйді қопарып шығу керек болған шығар? Қараңғы жерде отырып, сарыла күткеннен мистер Чанектің ығыры шықты.

Кенет ол ішкі аула бойымен біреудің жұмсақ басып жақындағанын әлде әлдененің жерді ұрып тоқылдағанын сезді, тот басқан тиектің еппен бұралғанын естіді, тар келген ауыр есіктің ішке қарай ашылғанын көрді. Жалғыз-жарым көше шамының бозарған күңгірт жарығында отырып, түнерген үйден жолдастарының не алып шыққанын білу үшін көзін сығырайтты. Алайда есік аузында бұл күткен жандар емес, иір біткен таяғына сүйенген және жиіркендіріп, құсқыңды келтіретін кейіпте жымиған Қорқынышты Шал көрінді. Чанек мырза бұрын бұл адамның көзіне мән бермеген екен. Қорқынышты Шалға тиесілі қос жанардың сап-сары екенін енді байқады.

* * *

Болмашы жағдайдың өзі кішкентай қалаларда үлкен оқиғаға айналып кетеді, сондықтан қайдан келгені, тірі кезінде кім болғаны белгісіз үш мүрде туралы өсек көктем мен жаз бойы Киңспортта желдей есіп тұрды. Үшеуі де адам көргісіз тілгіленген, сансыз қайқы қылышпен шапқылаған ба дерсің; үшеуі де кісі танымастай халге жеткен, біреу тақа киіп, тепкілеп, езгілеген бе дерсің. Ол аз десеңіз, базбіреулер Шип-Стриттің бойында ашық-шашық қалған көлік немесе қайбір түні ұйқыға жата қоймаған тұрғындар естіген, әлде иесіз жануардың, әлде көшкен құстың зәре-құтыңды алып, жүрек ұшыратын айқайы секілді дүниені де сөз қылып, сыпылдасып жатты.

Ауылдың мұндай бос өсегін Қорқынышты Шал мүлдем керек қылмайтын. Бұл бір қақ-соқпен ісі жоқ, жасырын, саяқ жүретін жан еді, оның үстіне кәрі, дәрменсіз адамның тұйықтала түсетіні белгілі емес пе. Қала берді, қазір ұмыт болған, жоғалуға айналған жастық шағында кәрі теңіз капитаны бұдан бетер, бұдан қызық, бұдан сорақы оқиғалардың куәсі болғаны анық секілді.

1920

* * *

Аударған — Дінмұхамед Зиядин. Авторға рахмет айту: +7 707 490 17 67 (Kaspi)

* * *

Басқа аудармаларды оқу: https://t.me/qisyqaudarma

Автормен достасу: https://www.facebook.com/aliziyadin

2 thoughts on “Х.Ф. Лавкрафт. Қорқынышты Шал

  1. Қайтарма үнқосу: ХАУАРД Ф.ЛАВКРАФТ. Ұлтардағы мысықтар | blog
  2. Қайтарма үнқосу: Х.Ф.Лавкарфт. Ай жарығындағы әлдене | blog

Пікір қалдыру