НИЛ ГЕЙМАН. ҚҰН

Нил Гейман – атақты жазушы. Кинематографпен аралас-құралас жүрген соң, оны тек әдебиет аудиториясы ғана емес, жалпы поп-мәдениеттен хабардар жандар біледі. Тым құрығанда аты-жөнін құлағы шалған. «Жұлдыз шаңы», «Америка Құдайлары» секілді жобаларды естіген боларсыз? Міне, сол осы Гейманның әлемінен.

Бұған дейін бұл автордың «Қарт Николас« деген шағын шығармасын беріп едім. Енді өзіме ұнаған кей әңгімесін ара-тұра аударып отыруға тырысайын.

Автордың айтуынша, мына бүгінгі әңгіме «мысық пен періште» концептінен туған екен.

Оқып, пікіріңізді айтып, сілтемені бөлісе отырыңыз. Содан артық қолдау жоқ:) Айтпақшы, автордың Телеграмдағы әуесқой аударма каналына жазылып қою рекоменделеді.

Енді өзіміз отырып әңгіме оқиық:)

* * *

Кезбе-қаңғыбастардың жолай кезіккен ағашқа, үйлердің қақпасы мен есігіне белгі салып кететіні бар. Соның көмегімен өзі секілділерге мына мекен-жайда яки ана фермада қандай адам тұратынынан хабар береді-міс. Меніңше, мысықтар да сөйтетін секілді. Әйтпесе біздің ауладан бұратылған, бүрге талаған, үйсіз-күйсіз мысықтардың жыл бойы үзілмейтінін қалай түсіндіруге болады?

Қаңғып келген мысықтан күтім аяп қалған жеріміз жоқ. Бүргесі мен кенесін тазалап, тамағын беріп, дәрігерге тексертеміз. Ақшасын төлеп, екпесін салдырамыз. һәм олардың танымындағы ең үлкен қорлыққа ұшыратамыз – балаламасын деп, еркегін піштіріп, ұрғашысының жатырын алып тастаймыз.

Көбі жазда келеді. Алыста, қаланың сыртында тұрамыз. Біз қоныс тепкен жер шаһар тұрғындары «еркіндікке жіберейік» деп үйде бағып отырған жануарын апарып, тастап кететін межеде.

Бір уақытта сегіз мысықтан артық асырап көрмедік, бірақ үшеуден кем болған кезі де жоқ. Қазір үйімдегі мысық саны мынау: тарғыл Гермиона мен қап-қара Под – екеуі ұялас, мінезі шатақ, шатыр астындағы кабинетімде жүреді, басқа тұқымдастарына жолай бермейді; көк көз, сабалақ жүнді, бірнеше жыл орманда жүріп тағы боп кеткен Ханшайым, кейін бұл еркін де жабайы өмірін жұмсақ диван мен төсек үшін «құрбан» етті; соңғысы және ең ірісі Фербол – Ханшайымнан туған ұрғашы мысық, мұның да жүні жалбырап жүреді, қызылсары-ақ-қара, шытпен тысталған жастыққа ұқсайды. Ферболды кішкентай кезінде гараждан тауып алған едім, байғұс бадминтонның торына оратылып қалыпты, енді болмаса қылқынып, өлейін деп жатыр екен. Бірақ көрер жарығы бар боп шықты, ол аз десеңіз, бұрын-соңды мен білген мысықтардың ішіндегі ең мейірімдісі осы болатын.

Бұдан бөлек қара мысық бар. Аты жоқ, дәл солай Қара Мысық дейміз. Шамамен бір ай бұрын пайда болды. Әуелі қайдан келгенін түсіне қойған жоқпыз, үйсіз дейін десең, қарны тоқ секілді, иесі тастап кетті дегенге және келмейді – тым ересек һәм ширақ. Сипаты шағын қабыланға келеді. Түннен туған ба дерсің, көзің шалуы қиын, әйтеуір, қараң-құраң етіп жүреді.

Алғаш рет Қара Мысықты жазда көргенім есімде. Тозығы жеткен ауызғы үйде тығылып жүр екен. Дәу де болса сегіз-тоғыздардағы еркек мысық, сарыжасыл көзді. Шұрқан шығарған жоқ, қолға жылдам үйренді, бірақ сол паң күйінде қала берді. Көрші орналасқан ферманың не саяжайға келген біреулердің хайуаны болар дедім де қойдым.

Бірінші кездесуден кейін жазып жүрген кітабымды тыныш жерде отырып аяқтайын деп бірнеше аптаға жолаушылап кеткен едім. Оралсам, Қара Мысық ауызғы үйде әлі жүр екен. Балалар тауып берген, бұрынғы мысықтардан қалған ескі бөстектің иесі атанғанға ұқсайды.

Бірақ сықпыты адам танымастай өзгерген: әр жер-әр жерінің жүні жұлыныпты, оның астындағы ағараңдаған терісінің дал-далы шыққан. Бір құлағының ұшы жоқ – біреу тістеп, жұлып алған сияқты. Көзінің астында тыртық пайда болыпты, ал бір ерні мүлдем жоқ дерсің, бірдеңе қыршып түскен. Маған ол әбден арыған, болдырғандай көрінді.

Мен келген соң Қара Мысықты дәрігерге көрсетіп, антибиотик алдық. Дәріні күнде кешке тамағына қосып беріп отырдық.

Кіммен төбелесетінін түсінбей дал болатынбыз. Әп-әдемі, әппақ, бірақ жабайы боп кеткен Ханшайыммен бе? Әлде жанат па екен? Бәлкім сүйір құйрық, үшкір тіс опоссум шығар? Кім білсін.

Уақыт өткен сайын мұның жағдайы нашарлай берді: бір қарасаң, бүйірін әлдене ойып, жұлып алған болып шығады, енді бірде әлдебір сояу-сояу тырнақ аяусыз тілгілеген қарнын сүйретіп келіп тұрады. Әйтеуір, үстіне қолың тиіп кетті, бітті, қанға боялып шыға келеді.

Амал қалмаған соң, есін жиып, оңалып кетсін деген оймен от жағатын, оны-мұны керексіз дүниеге толы сансыз қорап үйіліп жатқан жертөледе ұстайын дедім. Қара Мысық мен ойлағаннан әлдеқайда ауыр болып шықты. Бейшараны бөстегімен, жем-суымен, құм-жаймасымен көтеріп алдым да, төменге түстім. Шығарда есікті жауып кеттім. Қайта көтерілген соң қолыма жұққан қанды кетіремін деп әуре болдым.

Қара Мысық жертөледе төрт күн отырды. Әуеліде тіпті өз бетімен тамақ іше алмастай әлсіз көрінді. Көзінің астындағы жарадан соқырайып, жөнді көрмейтін боп қалған секілді, бұған қоса ақсаңдайтынды шығарды. Жүрген-тұрғанда теңселіп, құлап қала береді. Ерніндегі жарасы сап-сары, қою іріңге толып тұратын.

Күнде екі рет – таңертең және жатар алдында – жертөлеге түсіп, ішкізіп-жегізіп, артынша консервідегі тамағына антибиотик қосып беріп жүрдім. Ең үлкен жараларына сықпа жағам, сөйлесіп, жұбатқан боламын.

Бұл құқай аз болғандай, сол кезде іші өте бастады, құмын қанша ауыстырсам да, жертөле сасып, жан шыдатпайтын орын боп шыға келді.

Қара Мысық қамауда отырған төрт күнде біздің отбасы бір бәледен бір бәлеге ұшырап, әптер-тәптеріміз шықты. Кішкентайым су толы ваннада тайып құлап, басын соғып алды, сөйтіп тұншығып өле жаздады. Көптен бері көңілім кетіп жүрген жобамның (Хоуп Мирлдің «Тұмандағы Луд» романын Би-Би-Сиге арнап өңдеп беру) жүзеге аспайтыны жайлы хабар алдым, онымды басқа арналарға сату үшін бар жұмысымды қайта бастауға күш-қажырым қалмағанын түсіндім. Қызым жазғы лагерьге кеткен болатын, бара салысымен «алып кетіңдер де алып кетіңдер» деп байбаламға салып, күніне бес-алты хат жазатынды шығарды, онысы жанға қатты бататын еді. Ұлым жақын досымен ұрсысып қалды, екеуі тіпті бір-бірімен сөйлесуді қойды. Ең сорақысы, бір күні кешке үйге қайтып келе жатқан әйелім машинаның тура алдына шауып шыққан бұғыны қағып өлтірді. Көлік қирандыға айналды, ал жұбайымның көзінің астында кішкентай тыртық пайда болды.

Төртінші күні жертөледегі мысық үйілген кітап-комикс пен хат, кассета, сурет, сыйлық, тағы басқа көр-жер дүние салынған қораптардың арасында сүрініп-шалынып болса да жүруді шығарды. Ақыры сыртқа жібер деп мияулауға көшті. Онша қаламай тұрсам да, босаттым.

Қара Мысық ауызғы үйге оралып, кеш батқанша ұйықтады.

Келесі күні таңертең бүйірінде адам шошырлық, ырсиған-ырсиған жара пайда болғанын көрдік, ал кіреберіс бөлменің еденін мысықтың, біздің Мысықтың жұлым-жұлым қап-қара жүні жауып қалыпты.

Сол күні лагерьдегі қызымнан хат келді, сөзіне қарағанда, барған жері соншалық жаман емес те секілді, тағы бірнеше күн шыдауға болады екен. Ұлым досымен татуласты, бірақ неге жанжалдасып қалғанын біле алмадым – я карточка ауыстырамыз деп дауласқан, я «Жұлдыздар соғысы» компьютер ойынында келіспей қалған, я сыныптас қызға таласқан. Артынша «Тұмандағы Лудты» өткізбей тастаған Би-би-си қызметкерінің әлдебір тәуелсіз кинокомпаниядан пара алғаны жайлы хабар жетті («күмәнді кредит» деуші ме еді), сол үшін жұмыстан шеттетіліпті, ал оның орнына келген адамның жіберген факсын оқып қуанып қалдым: кезінде Би-би-сиден кетіп бара жатып, «Тұмандағы Лудты» экранға шығаруды бастаған және сценарий жазуды маған бекіткен осы кісі екен.

Қара Мысықты жертөлеге қайта қамап қойсам ба деп ойладым, бірақ артынша айнып қалдым. Одан да түнде біздің үйге қандай хайуанның келіп жүргенін анықтамаққа, оны білген соң ары қарай не істейтінім жайлы шешім қабылдамаққа бел байладым. Бәлкім, тұзақ құрып, ұстап алатын шығармын.

Туған күнім мен Рождествоға отбасым неше түрлі техника жабдығы мен гаджет сыйлауды әдетке айналдырған болатын, оларының бағасы да қымбат-тұғын. «Шіркін-ай, олай да, былай да қолданып көрмесем бе» деп, сыйлық алған әр жолы қиялға шомамын, бірақ ақыры соның бәрі қораптан шықпаған күйі қалып кететін. Айт десеңіз, айтайын, азық-түлікті құрғататын құрылғым, үлкен электр пышағым, нан пісіретін пешім және өткен жылғы рождестволық тарту – түнде пайдалануға арналған дүрбім бар, мысалы. Соңғысын сыйға алған күннің ертеңіне дүрбіге батарея салдым да, жертөлеге түсіп (түн қашан деп күтіп отыруға шыдай алмай кеттім), ойдан шығарып алған қараторғай үйірін аңдып, тас қараңғыда түртінектеп жүрдім де қойдым (нұсқаулықта жарық қосуға болмайтыны жайлы жазылған, өйтсең дүрбі сынып қалуы мүмкін екен, көзіңе де зақым келеді-міс). Құмарым қанды-ау дегенде қобдишасына қайта салып қойдым, сол күйі кабинетімде компьютер сымдары, анау-мынау кәкір-шүкір салынған қораптың жанында жататын еді.

* * *

Біздің «батырмен» төбелесіп жүрген «қонақ» ит, мысық, жанат, әлде тағы басқадай тіршілік иесі бола қалса, мені көріп қоймасын деп, орындығымды кішкентай қоймаға апардым. Бұл есігі верандаға шығатын, көлемі дәретханадай-ақ бөлме болатын. Үйдегілер ұйықтап қалғанда, Қара Мысыққа «қайырлы түн» айттым.

«Мына мысық, – деді әйелім бұл алғаш пайда болғанда, – кәдімгідей кісі сияқты». Онысы рас, мұның арыстан тектес бет-әлпетінде адамға тән әлдене байқалатын-ды: қап-қара мұрны жалпақтау келген, көзі сарғыш-жасыл тартқан, қарай бергің келетін, қанжар тіс қатар-қатар тізілген аузы бар (осы күні ол ауыздағы ерін әлі жазыла қоймаған: сығып алған шайырдай боп іріңі тырсылдап тұрады).

Басын сипап, иегін қасыдым да сәттілік тіледім. Сосын қоймаға кіріп, веранданың шамын өшірдім.

* * *

Түнек құшағында отырмын. Дүрбі алдымда жатыр. Қосып қалсам бітті, линзасы жап-жасыл түске боялып шыға келеді.

Уақыт ілбіп басып өтіп жатыр. Көзге түртсең көрінбейтін кез.

Әуелі қараңғыда дүрбіні қалай қолдануға керектігін үйреніп, тұнықтығын тексеріп, айнала әлемге жасыл «перденің» бер жағынан қарауға бой үйреттім. Сосын ауада осынша жәндік бар екенін көріп зәре-құтым қалмады: үйреншікті түнім үрейіңді ұшыратын, сан алуан майда-майда тіршілік иесіне толы ботқа болып шықты. Ақыры іші қуыс, бұйығы, жаулық пиғылдан ада қаракөк көлеңкелерді қызықтауға көштім.

Уақыт өтіп жатты. Ұйқымен күрес басталды. Таңғы «достарым» кофе мен темекінің жетпей тұрғаны жайлы ой жанды жеп барады. Құрығанда, бірі болса етті есті жиюға.

Көзім ілініп, шым-шым ұйқыға енді батып бара жатыр едім, бау жақтан естілген мысықтың бажылы оятып жіберді. Дүрбі салдым, бірақ көргенім көңілімнен шықпады: бақырған Ханшайым екен. Әппақ мысығымыз ақ-жасыл жарықтың ізіндей болып бері қарай безіп келеді. Ақыры үйдің сол жақ қапталындағы бұтаның арасына құйрығы бұлғаң етіп кіріп, жоқ болды.

Үзілген түсімді ары қарай жалғастырмақшы болып жайғаса бердім де Ханшайымды сонша шошытқан не болды екен деген ойдан ұйқым шайдай ашылды. Дүрбіні алып, әлдебір нән жанат, ит әлде шақар опоссум кезіге ме деп, бақшаны көздей бастадым.

Шынымен әлдене үйге әкелетін соқпаққа беттеп келеді екен. Дүрбіден күндізгідей ап-анық көрінеді.

Бұл Ібіліс еді.

Ібіліске бұрын-соңды кім ұшырасқан дейсің, жолығып көрген жерім жоқ. Әрине, осыған дейін Ол жайлы жазған-сызғаным бар, тіпті біреу-міреу қыспаққа алса, Оны ары кетсе ойдан шығарылған бейне яки трагедия, әлде Мильтонның кейіпкері санайтыным, өтірік тіршілік иесі деп танитынымды мойындай салар едім. Ал маған қарай салып ұрып келе жатқан мынау Милтонның Люцифері* емес-ті. Бұл нағыз Ібіліс болатын.

Жүрегім қағып, кеудеме сыймай кетті. Дүрсілдегені сонша, көкірегім ауыра бастады. Қараңғы үйде, әйнектің бер жағында отырған мені көре қоймас деген үміттің етегіне жармасумен болдым.

Соқпаққа түскен фигура жылт-жылт етіп, мың құбылады. Әне, түнерген, түмірейген, бұқа тектес, Минотавр** сипатты әлдене. Міне, елітіп, еліктіріп әкететін аса көркем, асқан сұлу бейне. Онан соң кәдімгі мысыққа айналып сала берді, тек порым-пошымы тым үлкен, тұла-бойын тыртық пен жара басқан, ыза мен ашудан жарылардай жыртқыш.

Соқпақ үйге тірелген жерде верандаға көтерілуге болатын, ақ түсті, ағаштан жасалған төрт баспалдақ бар еді. Бояп, жаңартып қоюға мойным жар бермей жүр (дүрбіден жап-жасыл болып көрінсе де олардың ақ екенін білем ғой). Ібіліс сол баспалдақтарға жетіп тоқтады. Тоқтады да, мен ұқпайтын, мен білмейтін, қыңсылаған, ұлыған үнге толы, аңыздағы Бабылдың өзі енді-енді аяққа тұрып, қала атауына жаңа үйрене бастаған дәуірдің өзінде ұмыт болған, есте жоқ ескі замандардан жеткен бағзы тілде үш әлде төрт сөз айтты. Не дегенін түсінгем жоқ, алайда қарақұсым дуылдап сала берді, төбе шашымды тік тұрғызған үрей бойымды жайлап алды.

Осының ізін ала әйнектің бер жағына құмығып әрең-әрең жеткен, әйтсе де маған естілген, қас дұшпанын жекпе-жекке шақырғандай болған ырыл естідім. Әлдебір қара-жасыл көлеңке үйден шығып, шатқаяқтап, ілбіп басып, веранда баспалдақтарымен төмен түсті.

Ібілісті тура қарсы алып тұр.

Соңғы күндері Қара Мысық қабылан секілді еппен қозғалудан қалған еді. Теңселіп, шалынып құлап, әрең жүреді. Қисалаң-қисалаң қимылы алыс сапардан құрлыққа жаңа оралған теңізшіні еске салатын.

Ібіліс әйелге айналып салды. Мысыққа қарап, французшаға ұқсайтын тілде бірдеңе деді. Еркелететін секілді. Жұмсақ сөйлейді, жылы тартып барады. Артынша қолын созды. Сол-ақ екен Қара Мысық қарш еткізіп тістеп, білегінен ала түсті. Түрі бұзылып сала берген Әйел мысыққа бір түкірді.   

Содан соң Ол басын көтерді. Есік алдындағы құбыжықтың Ібіліс екеніне бұған дейін күмәнданған болсам да, дәл қазір онымның күл-паршасы шықты: дүрбінің инфрақызылы айналадағы жарықтың бәрін жап-жасыл түсте берсе де, Әйелдің көзінде қып-қызыл от жанып тұрғанын көрдім.

Ібіліс әйнектің бер жағында отырған мені байқады. Анық байқады. Ол сөзсіз еді.

Бұлтылдап, сан бұралып, ирелең қағып Ібіліс қорқауға айналды. Ана сиықсыз танауын бұқа мойнындағы қазандай басына апарып жапсыра салған сияқты. Жартылай гиена, жартылай динго***. Қотыр терісі құрттап кетіпті – быж-быж қайнап жатыр.

Қорқау баспалдақпен көтеріле бастады.

Қара Мысық жалма-жан секірді. Ә дегенше болған жоқ, екеуі тістесіп-тармасып, шыр көбелек айналып, жан алысып, жан беріскен шайқас биін салды. Жылдам қозғалғаны сонша, не болып жатқанын аңғара да алмадым.

Бір үн жоқ.

Кенет дарылдаған дауыс шықты – біздің соқпаққа жалғасатын шағын шоссенің бойымен түнгі жұмысына асыққан жүк көлігі өтіп бара жатыр екен. Алысқа түсетін жарығы жап-жасыл жолақ қалдырып, дүрбімде жарқ етті. Қолымды түсіргенше кішірейіп, алыстап бара жатқан алдыңғы шамы мен артындағы қып-қызыл боп жанған белгілерін ғана байқадым. Артынша машина түн қойнауына кіріп, жоқ болды.

Дүрбіні қайта көтердім. Дым болмағандай. Ештеңе байқалмайды. Қара Мысық баспалдақта отыр. Жоғары бір жаққа қадала қарайды. Аспабымды көтеріп едім, әлде құзғын, әлде бүркіттің қанатын сусылдатып, аулақ ұшып бара жатқанын көрдім. Бірнеше секундтан соң ағаш тасалап, ол да жоғалды.

Верандаға шығып, Қара Мысықты көтеріп алдым. Сипап, мақтап, жылы сөз айта бастадым. Жанына жақындағанымда мұңын шаққандай болып мәу деген. Біраздан соң алдымда жатып ұйықтап қалды. Бөстегіне апарып салдым да бөлмеме кеттім.

Келесі күні футболкам мен джинсыма қою қара қан жағылып, қатып қалғанын көрдім.

* * *

Бұл – бір апта бұрын болған оқиға.

Дұшпан үйімізге әр түн сайын ұшып келе бермейді. Бірақ жиі-жиі шабуылдайды. Оны мысықтың денесінде пайда болған жаңа жарадан, бізге қараған кездегі жасыл-сары көзі айтып тұратын қасірет-қайғыдан білеміз.

Алдыңғы бір аяғы істемей қалды, оң көзі ақыры жазылмады – жартылай соқыр.  

Қара Мысық қайдан бұйырды, қай ісімізбен бұған лайық болдық деп өз-өзімнен сұраймын. Оны кім жіберді деймін. Ақыры өзімшіл һәм зәре-құтыңды алатын сауалға келіп тірелемін: Қара Мысықтың қауқары қаншаға жетер екен?

1997 жыл

* * *

* Джон Милтон – XVII ғасырдағы ағылшын ақыны. «Жоғалған жұмақ» деген діни поэмасымен танымал.

** Минотавр – ежелгі грек аңызындағы денесі адам, басы бұқа болып келетін Крит құбыжығы.

*** Динго – жабайыланып кеткен иттің түрі. Австралияда кездеседі.

* * *

Аударған Димаш Зиядин. Редактор Гүлбүбі Әділова.

Авторға рахмет айту: +7 707 490 17 67 (Kaspi)

* * *

Басқа аудармаларды оқу: https://t.me/qisyqaudarma

Автормен достасу: https://www.facebook.com/aliziyadin

Пікір қалдыру