РИЧАРД МЭТИСОН. БАСТЫМ, БАСТЫМ

Стивен Кинг «Жазып-сызуыма ең үлкен ықпалын тигізген автор» деп атаған, Рей Бредбери «XX ғасырдағы ең маңызды жазушының бірі» деп санаған Ричард Мэтисон – расымен ұлы адам. Әлгі Уилл Смит жалғызсырайтын «Мен аңызбын», Робин Уилямс елдің көңілін босатқан «Армандар қайда апарады» секілді фильмдер осы Мэтисон шығармаларының негізінде түсірілген.

Бүгінгі «Бастым, бастым» (Button, Button) деген әңгімесі алғаш рет 1970 жылы Playboy журналында жарияланыпты. Кейін бұл бойынша телесериал эпизоды түсірілген екен, ал 2009 Кемерон Диаз бен Жеймс Марсден ойнаған «The Box» фильмі шықты.

Айтпақшы, әңгіме ұнап жатса, «қытай мандарині парадоксі» деген терминді де зерттей кетіңіз:)

* * *

Оқып, пікіріңізді айтып, сілтемені бөлісе отырыңыз. Содан артық қолдау жоқ. Телеграмдағы әуесқой аударма каналына жазылып қою рекоменделеді. Авторға рахмет айту: +7 707 490 17 67 (Kaspi).

Енді өзіміз отырып әңгіме оқиық:)

* * *

Пакет тура есіктің аузында жатыр екен. Текше пішінді картон қорап. Скотчпен түйілген. Сыртына біреу қолмен бұлардың фамилиясын және мекенжайын жазып қойыпты: «Мистер һәм миссис Люиске, 217Е. Отыз жетінші көше, Нью-Йорк, Нью-Йорк штаты, 10016».

Норма қорапты көтеріп алды да, есікті ашып, пәтеріне кірді. Қараңғы түсіп қалған болатын.

Қазанға тамақ салған соң пакетті ашып еді, шағындау келген ағаш қорапша шықты. Ішінде бетін әйнек қалпақ жапқан жалғыз батырма тұр екен. Әйнек қалпақты шешкісі келіп еді, түк шықпады.

Қорапшаның астына «Мистер Стюарт 20.00-де кіріп шығады» деген жазуы бар бір жапырақ қағазды скотчпен жабыстырып қойыпты.

Жазылғанды тағы бір қайтара оқып шықты да, былай алып қойды. Сосын жымиған күйі асүйге салат жасауға кетті.

* * *

Сағат тура сегізді көрсеткенде есік қоңырауы шылдырлады.

– Мен ашам! – асүйде жүрген Норма айқалады. Артур қонақ бөлмеде кітап оқып отырған болатын.

Сыртқы дәлізде аласа бойлы ер адам тұр екен.

– Миссис Льюис? – деді ол сыпайы түрде. – Мистер Стюартпын.

– Ә, иә… – Норма күліп жібермейін деп әрең шыдады. Әлгі қораптың әлдебір сатушының құйтырқы амалы екеніне күмәні қалмаған-ды.

– Кіруге рұқсат па екен? – деп сұрады мистер Стюарт.

– Қолым бос емес еді. Айыпқа бұйырмаңыз, қазір ана затыңызды алып шыға…

– Не екенін білгіңіз келмей ме?

Норма үндемей бұрылып кетті. Сөзінің сиқы ұнаған жоқ.

– Жо, білгім келмейді.

– Пайдасы тиер еді…

– Ақша бересіздер ме, не? – Норма зілдене сөйледі.

Мистер Стюарт басын изеді.

– Дәл солай.

Норма қабағын түйді. Мына адамның ниетін жаратпай тұр.

– Не сатасыз?

– Ештеңе сатпаймын.

Қонақ бөлмеден Артур шықты.

– Бәрі дұрыс па?

Мистер Стюарт өзін таныстырды.

– Еее, иә, ана зат па? – Артур жымиды да қонақ бөлмені көрсетті. – Не өзі?

– Түсіндіріп көрейін, көп уақыт алмайды, – деді Мистер Стюарт. – Кіруге рұқсат па екен?

– Бірдеңе тықпалайтын болсаңыз…

Мистер Стюарт «жоқ» деп басын шайқады.

Артур Нормаға қарады.

– Өзің біл, – деді әйелі.

Артур бір сәт ойланып қалды да, «Ал, қане, көрейік» деді.

* * *

Үшеуі қонақ бөлмеге өтті. Мистер Стюарт Норманың креслосына отырды да, пальтосының ішкі қалтасынан аузы желімделген шағын конверт алып шықты.

– Мынаның ішінде ана батырманы жауып тұрған әйнек қалпақтың кілті жатыр, – деді ол конвертті журнал үстелінің бетіне қойып жатып. – Батырма біздің кеңсеге тікелей қосылған.

 – О неге? – деп сұрады Артур.

– Батырманы бассаңыз, – деді мистер Стюарт, – әлемнің әйтеуір бір жерінде сіз танымайтын әлдебір адам өледі. Ал сіз елу мың доллар аласыз.

Норма көзі бақырайып қонағына қарап қалды. Қонақ жымиып қана отыр.

– Не деп кеттіңіз? – Артур түсінбей қалды.

Мистер Стюарт таңғалды.

– Айттым емес пе?

– Қалжыңдап тұрсыз ба?

– Қалжыңы несі? Сіздерге арнаған ұсынысым.

– Сөзіңіздің мән-мағынасы жоқ екен. Сене қалады дейсіз ғой?  

– Артыңызда кім тұр? – әңгімеге Норма араласты.

Мистер Стюарт қысылып қалды:

– Бұл сұраққа жауап бере алмаймын-ау деп қорқамын. Әйткенмен, біздің ұйымның аса қуатты екеніне күмәніңіз болмасын.

– Қайтқаныңыз дұрыс-ау, – деді Артур орнынан тұрып жатып.

Мистер Стюарт та көтерілді.

– Әлбетте.

– Ана батырмаңызда ала кетіңіз.

– Бір-екі күн ойлана тұрмайсыздар ма?

Артур қорапша мен конвертті алып, мистер Стюарттың қолына қыстырды. Сосын кіреберіске шығып, есікті ашты.

– Кәртішкемді қалдыра кетейін. – Мистер Стюарт есік жанындағы үстелшеге визит карточкасын қойды да шығып кетті.

Артур онысын қақ бөліп, үстел бетіне лақтыра салды.

– Не ойлайсың? – деді диванда жатқан әйелі.

– Ештеңе. Маған бәрібір.

– Мүлдем қызық емес пе сонда саған? – Норма жымиып сөйлейін деп еді, онысынан түк шықпады.

Сәлден кейін Артур кітабына қайта отырды, Норма асүйге оралып, ыдыс-аяқ жуды.

* * *

– Бұл әңгімеден неге қашасың? – деп сұрады жатар алдында.

Ваннада тісін тазалап тұрған Артур басын көтерді де, айнадағы мұның бейнесіне қарады.

– Дым қызықпадың ба, не?

– Намысқа тиетін әңгіме.

– Түсінем, әрине, бірақ… – деді Норма шашын бұйралап отырып. – … бірақ қызық емес пе?

* * *

– Әлде қалжыңы ма, қалай ойлайсың? – деп сұрады күйеуінен жатын бөлмеде.

– Өйтетін болса, дені сау емес шығар.

Норма төсекке отырып, тәпішкесін шешті.

– Бәлкім, психологтар зерттеу жүргізіп жатқан болар.

Артур иығын қиқаң еткізді:

– Мүмкін.

– Әлде бір еріккен байдың ермегі ме екен?

– Мүмкін.

– Білгің келмей ме?

Анау басын шайқады.

– Неге?

– Адамшылыққа жат.

Норма көрпенің астына кіріп, «Ал маған қызық секілді» деді.

Артур шамды өшіріп, мұны сүймекке еңкейді:

– Қайырлы түн.

– Қайырлы түн.

Норма көзін жұмды. «Елу мың доллар» деп ойлады.

* * *

Таңертең пәтерден шығып бара жатып, Норма үстелше бетіндегі жыртылған карточканы көрді. Қолы қалай барып қалғанын білмейді. Сөмкесіне салып алды. Есікті жапты да, лифт алдында күтіп тұрған Артурға қосылды.

* * *

Кофе ішуге шыққанда сөмкесінен карточканы алып, жыртылған екі бөлігін қиыстырып қарап көрді. Қағазда мистер Сютарттың есімі мен телефоны ғана көрсетіліпті.

Түстен кейін карточканы скотчтап жамап қойды. «Бұ неменеге керек маған?» деп ойлады.

Сағат тура бес болғанда мистер Стюартқа қоңырау шалды.

– Қайырлы күн, – мистер Стюарттың даусы естілді.

Трубканы қоя салғысы келді, бірақ өзін ұстап қалды. Жөтелді.

– Миссис Люис қой.

– Иә, миссис Люис? – мистер Стюарт мұның хабарласқанына риза секілді.

– Маған қызық болып тұр.

– Әрине.

– Әлбетте, бірде-бір сөзіңізге сенбеймін.

– Бір өтірігі жоқ, күмәніңіз болмасын.

– Сонда да, не ғой… – Норма жұтынды. – Әлемнің кез келген нүктесіндегі әйтеуір біреу өледі деп айтқанда нені меңзедіңіз?

– Ештеңе. Айтқаным айтқан. Кез келген пенде өлуі мүмкін. Оны танымайтыныңызға ғана кепілдік береміз. Әрине, қалай өлгенін қарап тұрасыз деп мәжбүрлемейміз.

– Елу мың долларға ғой?

– Дұрыс айтасыз.

Бұл мырс етті.

– Оттаған әңгіме…

– Әйтсе де ұсынысымыз сол, – деді мистер Стюарт. – Құрылғыны әкеп берейік пе?

– Жоқ, әрине! – Норма ашуланған күйі телефонды баса салды.

* * *

Пакет есіктің аузында жатыр екен. Норма оны лифтіден шыққан бойда бірден байқады. «Басынғандары ма!» деп іштей бұлқан-талқан болды. «Алмаймын». Пәтерге кіріп, түскі ас әзірлей бастады. Сосын сыртқа қайта шықты да, пакетті апарып, асүйдегі үстелге қойды.

* * *

Норма қонақ бөлмеде терезеге қарап отыр. Сәлден соң орнынан тұрып барып, қуырылып жатқан котлеттерді аударды. Сосын пакетті шкафтың астыңғы тартпасына салып қойды. Таңертең қоқысқа тастамақшы.

* * *

– Адамдарды тәлкек қылғысы келетін ойы бұзылған миллионердің ойыны ма, әлде? – деді бұл.

Түскі ас ішіп отырған Артур басын көтерді.

– Түсінбедім.

– Түсінбейтін несі бар…

– Тасташы соны.

Норма ары қарай үндеген жоқ. Кенет шанышқысын былай алып қойды.

– Жо, өтірік айтып тұрмаған болса ше?

– Енді нағыл дейсің? – Күйеуі иығын қиқаңдатты. – Не ана бәлені алып, батырмасын басқың келіп тұр ма? Біреуді өлтіргің кеп бара ма?

Норманың түрі бұзылып кетті.

– Өлтіру деш тегі…

– Енді не? Басқа қалай атауға болады?

– Біз ол адамды танымаймыз да ғой.

Артур аңырайды да қалды.

– Көкем-ау, шын сөзің бе?

– Рас қой. Мүмкін бізден он мың миль алыста тұратын қаусаған қытай шал шығар? Немесе Конгодағы ауру біреу болар?

– Мүмкін пенсилваниялық балақай шығар? – Артур қызылөңештеніп кетті. – Көрші тұратын әдемі қыз болып шықса ше?

– Әдейілеп сөй деп отырсың.

– Кім өлсе де бәрібір біреудің қанын мойныңа жүктейсің.

– Өмірі көрмеген және мүлдем көрмейтін адам болса да ма? Оның өлімі туралы білмей де қаламыз. Бәрібір баспайсың ба батырмаға?   

Артур қайран қалып, әйеліне қадала қарап қалды.

– Сен сонда… басуға дәтім барады дейсің бе?

– Елу мың доллар.

– Қандай ақша болм…

– Елу мың доллар, Артур, – Норма сөзін бөліп жіберді. – Өмір бойы арман етіп келе жатқан саяхатқа шығып, Еуропаны аралар едік.

– Норма, жоқ.

– Аралдағы өткенде айтқан коттеджді сатып алсақ…

– Норма, жоқ. – Артурдың жүзі қуарып сала берді. – Құдай үшін, қоя ғойшы.

Норма дір ете қалды.

– Бопты. Басыңды қатырма. Сонша шыжбалақтағаның не? Әшейін әңгіме ғой.  

Тамақтан кейін Артур қонақ бөлмеге кетті. Дастархан басынан тұрарда «Қарсы болмасаң, бұл жайлы енді сөйлеспей-ақ қояйықшы» деді. Әйелі «Е, жарайды» деп иығын қиқаң еткізді.

* * *

Ертесіне Норма күйеуінен бұрын оянып, таңғы асқа құймақ пісіріп, жұмыртқа мен бекон қуырып қойды.

– Ойбай, бұл ненің құрметіне? – деп күліп сұрады Артур.

– Жәй, ештеңе емес.- Норма ренжіп қалды. – Пісіргім келген соң пісірдім.

– Жақсы екен. Рахмет.

Норма Артурдың кесесін толтырып кофе құйып берді.

– Саған менің… не… кім емес екенімді көрсеткім келді.

– Кім емес екеніңді?

– Өзімшіл. Тек өзін ойлайтын.

– Олай дедім бе, не?

– Енді, – әйелі қолын бір сілтеді, – кеше кешке…

Артур үндемеді.

– Ана батырма туралы әңгіме. Сен мені дұрыс түсінбедің деп ойлаймын.

– Неге? – Артур абайлап сұрады.

– Мен жайлы қарақан басын ғана ойлайтын адам деп дұрыс түсінбей қалдың, – Норма қолын олай-бұлай тағы сілкіді.

– Е-е-е…

– Ондай емеспін…

– Норма.

– Ондай емеспін деймін. Еуропа, коттедж жайлы айтқанымда…

 – Норма, әңгімені неге қайта бастадық?

– Бастаған емес, – ауыр күрсінді. – мен тек қалауымды білдіргім келеді…

– Қандай?

– Екеуіміз Еуропаға барсақ деймін. Коттедж сатып алсақ. Мынадан жақсы пәтеріміз, мынадан жақсы жиһазымыз, мынадан жақсы киіміміз болса деймін. Бала туатын шамаға жетсек.

– Болады бала.

– Енді қашан?

Артур бұған абыржи қарады.

– Норма…

– Қашан?

– Шының ба, өтірігің бе? – Сасып қалды. – Шынымен сонда…

– Шынымен бұл біреулердің жәй ғана ғылыми зерттеуі деп ойлаймын! – Норма сөзін бөліп жіберді. – Мұндай жағдайға тап болған қарапайым адамның не істейтінін білгісі келеді! Біреу өледі дегенде, біздің қандай сезімде болатынымызды анықтағысы келеді! Олардың шынымен өлімге бармайтынын, ешкімді өлтірмейтінін біліп тұр емессің бе?!

Артур жауап бермеді. Қолы дірілдеп кетті. Сәлден соң тұрды да кетіп қалды.

Норма кеседегі кофеге қараған бойы үстел басында қалып қойды. «Жұмыстан қаламын» деген уайым жылт етіп еді, иығын қиқаң еткізді. Мейлі, қалса, қала берсін. Кеңседе емес, үйде отыратын әйел ғой.

* * *

Ыдыс-аяқты жинастырып жатқан болатын. Кенет тоқтап тұрып қалды. Артынша қолын сүрткен күйі барды да астыңғы тартпадан пакетті алып шықты. Оны үстелге қойып, мистер Стюарт берген конверттен кілтті суырып алды. Қалпақты шешті. Сосын батырмаға қарап ұзақ отырды. Біртүрлі сезім… Бұл неменің ерекше несі бар екен?

Қолын созды да, батырманы басып қалды. Біздің болашақ үшін деп ойлады әлденеге ренжіген күйде.  

Селк ете қалды. Енді не болар екен? Бойын үрей жайлап алған. Бірақ есін жылдам жиды.

Мырс етті. «Ақымақ шаруа» деп ойлады. Түкке тұрғысыз дүниеге сонша уақыт құртып…

Қорапты да, қалпақты да, кілтті де қоқысқа тастай салды. Сосын жұмысқа жиналуға кетті.

* * *

Кешкі асқа деп стейк қуырып жатыр еді, телефон шырылдады. Бұл тұтқаны көтерді.

– Алло?

– Миссис Люис пе екен?

– Иә.

– Ленокс Хилл ауруханасынан мазалап тұрмыз.

Есі ауып, мәңгіріп қалды. Бір сөзді естіп, бір сөзді естімейді. Метродағы қалың нөпір топта болған Артур платформаға құлап, енді тоқтағалы жатқан пойыздың астына түсіпті. Жазатайым оқиға.

Тұтқаны қойған соң күйеуі өмірін жиырма бес мың долларға сақтандырғаны, келісімшарт бойынша кей жағдайда өтемақы екі есе боп берілетіні есіне түсті. Соның қатарында мынадай…

«Жоқ». Тынысы тарылып барады. Орнынан әрең тұрды да асүйге беттеді. Қоқыс жәшігінен батырмасы бар қорапшаны алғанда бойы мұздап сала берді. Бір шеге не бұранда жоқ… Қалай жасалғаны белгісіз.

Кенет ол қолындағы дүниемен үстелді тоқпақтай жөнелді. Ағаш қорапша шытынып, шырт-шырт айрылғанда барып бір-ақ тоқтады. Саусағын кесіп, жырғанына қарамай қақыратып, ашып көрді. Ішінде дым жоқ. Я транзистор, я сым, я түтікше – ештеңе жоқ. Қорапша бос екен.

Телефон шырылдай жөнелгенде Норма селк ете қалды. Діріл қағып қонақ бөлмеге оралды да тұтқаны көтерді.

– Миссис Люис? – Мистер Стюарт екен.

Норма қалшылдап, бақырып қоя берді.

– Өлетін адамды танымайсың деп едің ғой!

– Қымбатты миссис Люис, – деді мистер Стюарт. – Күйеуіңізді танып-білетініңізге сенімді ме едіңіз?

1970

* * *

Аударған Димаш Зиядин.

* * *

Басқа аудармаларды оқу: https://t.me/qisyqaudarma

Автормен достасу: https://www.facebook.com/aliziyadin

Пікір қалдыру