Х.Ф.Лавкрафт. Ай жарығындағы әлдене

«Ай жарығындағы әлдене» иллюстрациясы.

Авторы: David Reuss

Бүгін сізге үрей әлемінің хас шебері Хауард Лавкрафтың «Ай жарығындағы әлдене» (The Thing in the Moonlight) атты әңгімесін ұсынғым келеді. Түс көріп, сол түстен шыға алмай қалған, мүлдем танымайтын басқа біреудің санасына кіріп, сол арқылы мына әлемге басындағы жағдайды жеткізген жанның хикаясы өзіме тым ұнап еді.

Туындыны Лавкрафт жалғыз емес, Ж. Чапман Мискемен (J. Chapman Miske) бірлесіп жазған екен. Һәм бұл шығарма Хауардтың 1927 көрген түсінің негізінде баяндалған.

Алғаш рет 1941 жылдың қаңтарында «Bizarre magazine» журналында жарық көрген. «Түстер циклына» кіреді.

* * *

ДИСКЛЕЙМЕР: Оқып, пікіріңізді айтып, сілтемені бөлісе отырыңыз. Ең үлкен көмек – сол. Телеграмдағы әуесқой аударма каналына жазылып қою рекоменделеді.

Донат жібергендерге рахмет. Авторға рахмет айту тәсілі өзгерген жоқ: +7 707 490 17 67 (Halyk, Kaspi).

Ал енді өзіміз отырып әңгіме оқиық.

* * *

Морганды жазушы деу қиын-ды. Ол былай тұрсын, ағылшынша екі ауыз сөздің басын құрай алмайды. Сондықтан мұның жазғанын басқалар келеке қылып күліп жатқанда, мен таң қалған едім.

Әлдебір алапат күш бойын кернеп, «жаз да жаз» деп қолына қалам алдыртқан кеште Морган жалғыз бопты-мыс. Сондағы қағаз бетіне түсіргені мынау екен:

«Аты-жөнім Хауард Филлипс. Род-Айленд штатындағы Провиденс қаласында, Колледж-стриттің бойындағы алпыс алтыншы үйде тұрамын. 1927 жылдың (қазір қай жыл екенінен мүлдем хабарсызбын) қараша айының жиырма төртінші жұлдызында ұйықтап кетіп, түс көре бастадым. Содан бері ояна алар емеспін.

Түсімде қамыс басқан сызды батпақты жерде тұр екенмін деймін. Теріскейде бастан-аяқ қына жапқан жартас байқалады: күздің сұрғылтым аспанына қарай созылып тұра қалыпты. Бойымды жайлаған әлдебір әуес ойдың етегінде кеткен мен осы таудың қақ бөлінген тұсынан төбесіне көтеріле бастадым. Жолай жырықтың екі жағын алып жатқан, көңілге үрей ұялататын, жартас ішіне қарай тереңдеп кеткен көптеген апан-ін бар екенін байқадым.

Екі айрылған таудың тарлау келген жырығының түбіндегі апандарда не бар екенін көре алмадым, кей тұсын жоғарыдан құлаған тас басып қалыпты, оның үстіне тым қараңғы екен. Алайда дәл осы маңда өзіме түсініксіз қорқыныштың құшағында қалдым: әлдебір көзге көрінбейтін, қолға ілінбейтін, мына түпсіз тұңғиықтан шыққан бірдеңе жанымды суырып ала бастағандай болды, бірақ тас қараңғы жерде нақты не шошытқанын дөп басып тани алмадым.

Өлімсіреген күннің орнын басқан ай сәулесі астында бозғылтым боп қана байқалатын төбеге шықтым. Аз-мұз топырағы бар, мүк жапқан тас. Артыма қарап едім, ештеңе көрінбеді, бірақ осы жаңа мен тастап кеткен, өлімнен басқа берері жоқ қамысты батпақта әлдененің жыбырлап жүргеніне неге екені сенімді болдым.

Тағы біраз жүрген соң тот басқан теміржол рельсі мен құрт жеп құлауға айналған, әйтсе де салбыраған сымдарды әлі де болса ұстап тұрған бағандарға тап болдым. Трамвай жолына түстім. Сәлден кейін 1900-1910 жылдары шығарылған, 1852 нөмірлі, кәдімгі қос бөлімді сары вагонға тап болдым. Ішінде ешкім жоқ екен деймін, бірақ жүруге дайын тұрған секілді, себебі төбесі тоққа қосулы, бір орынға «байлап» қойған тежегіші де еден астында уілдейді. Вагонға кірдім де, шам қосатын жерін іздей бастадым. Сол арада бақылаушы тірегінің жоқ екенін байқадым, соған қарағанда машинист жақын маңда жүрген сияқты. Ақыры көлденең тұрған сәкілердің біріне жайғастым. Біраздан соң сол жағымдағы шашау шыққан шөптің сытырлағанын естідім, артынша ай жарығында анық байқалған екі ер адамның сұлбасын көрдім. Трамвай компаниясының бас киімін киіп алғанына қарап бұлардың жүргізуші мен кондуктор екеніне күмәнім қалмады. Сол-ақ екен бірі мұрны шуылдап ауаны иіскеледі де, Айға қарап ұли бастады, ал екіншісі маған қарай төрт аяқтап тапырақтап тұра жүгірді.

Вагоннан атып шықтым да, далашықты бетке алып басым ауған жаққа қаштым. Ақыры өкпем өшіп, әл-дірмәным таусылғанда барып бір-ақ тоқтадым.

Бұлай жанұшыра қашуымның себебі кондуктордың төрт аяқтап тап бергені емес-ті. Айналасын иіскеп-иіскеп ап, Айға ұлыған машинистің беті… ақ түсті конус пошымды екенін және онысының ұшында қанқызыл қармауыш иіріліп-жиырылып тұрғанын байқаған едім.

Мұның жәй ғана түс екенін іштей түсініп тұрдым, бірақ сонда да өзімді тым-тым жайсыз сезіндім.

Сол түннен бері бар тілерім-сұрарым ояну болды, бірақ қарғыс атқырдың түсі бітпей қойды!

Ақыры осы түсімдегі адам шошытар әлемнің тұрғынына айналдым. Түн түріліп, таң атты, ал мен тірі жан жоқ батпақты жерді адақтап жүре бердім. Күн батып, ай туды, алайда оянуды армандаған мен қаңғуымды қоймадым.

Бір жолы қамыстың ішінде отырып сығалап едім, ескі трамвай вагонының дәл алдымда тұрғанын көрдім, жанында конусбетті құбыжық басын айдың жарығына тосып көтеріп, біртүрлі кейіпте ұлып тұр екен.

Күнде осы көрініс қайталанады. Қараңғы түсті бітті сол үрей жалмаған жерге ораламын. Түнмен таласып бармай-ақ қояйыншы деймін, бірақ ақыры батпақтан бір-ақ шығамын, ай жарығында ұлыған әлденеден шошып қашамын, жынды адам секілді басым ауған жаққа лағып кетемін.

Аа, Құдай! Қашан оянар екем?!»

Мына соңғы жолды жазған Хауард емес, Морган. Провиденстегі Колледж-стрит алпыс алтыда орналасқан үйге барар ем, бірақ алдымнан шығар әлденеден қорқамын«.

1941

* * *

Лавкрафтың стилі ұнаса, осыған дейін аударылған «Ұлтардағы мысықтар«, «Ескі кітаптағы сурет«; «Қорқынышты шал» деген әңгімелерін оқуды ұсынамын.

* * *

Аударған Димаш Зиядин

Редакциялаған Гүлбүбі Әділова❤️

Басқа аудармаларды оқу: https://t.me/qisyqaudarma

Автормен достасу: https://www.facebook.com/aliziyadin

Пікір қалдыру