ХАУАРД Ф.ЛАВКРАФТ. Ұлтардағы мысықтар

Х.Ф.Лавкрафт. Дереккөз: metacultura.com

Лавкрафтың «Ұлтардағы мысықтар» деген бұл әңгімесі 1920 жылы жазылған. Әйгілі «Ұйқы цикліне» кіреді. Бір деректер бойынша, Мысырда қасиетті жануар мысықты өлтірген, сол үшін өлім жазасына кесілген Рим солдаты жайлы ежелгі бір аңыз бұл әңгіменің жазылуына себепші болса керек.

Лавкрафтты аударған өзіме ерекше ұнайды. «Ескі кітаптағы сурет«; «Қорқынышты шал» деген екі әңгімесін оқуды ұсынамын.

* * *

Оқып, пікіріңізді айтып, сілтемені бөлісе отырыңыз. Ең үлкен көмек – сол. Телеграмдағы әуесқой аударма каналына жазылып қою рекоменделеді.

Донатпен қолдау білдірген Нұрланға, Ақмаралға, Айданаға, Гүлбүбіге, Әсел алғысым шексіз. Авторға рахмет айту тәсілі өзгерген жоқ: +7 707 490 17 67 (Kaspi).

Енді өзіміз отырып әңгіме оқиық:)

* * *

Скай өзенінің арғы бетінде жатқан Ұлтар атты қалашықта мысық өлтіруге адамның дәті бармайды деседі. Ошақ басында пырылдап отырған мысықты көргенде осы сөзді хақ деп танып, сене түсемін, себебі біз әңгіме қылып отырған бұ айуанның төңірегінде алуан-алуан құпия бар һәм ол пенде атаулы көруден, сезуден қалған тылсым тіршілік иелеріне адамзатқа қарағанда әлдеқайда жақын тұр деседі. Бағзы Мысырдың жаны мен жүрегі, осы күні ұмыт болған Мерое мен Офир ертегілерінің шырақшысы, жунгли көсемдерінің жамағайыны, түнерген-түмірейген байырғы Африка сыры мен жырының мұрагері  – осы мысық. Сфинксті оның немерелес ағайыны деп білеміз: екеуінің ұғынысатын тілі бір, тек мысық бұл туысынан әлдеқайда бұрын туған һәм Сфинкстің ой-таназарына да кіріп-шықпайтын жағдаяттар мұның есінде.  

Бургомистр мысық өлтіруге тыйым салғанға дейін Ұлтарда әлдебір шаруа шал мен кемпір өмір сүрген еді. Басқалардан бір айрықшаланатын тұсы – бұлар қақпан құрып, көрші-қолаңның мысығын ұстап, қинап өлтіруден рахат алатын. Неге өйтеді, ешкім хабарсыз-тұғын, бәлкім, түнде мияулап мазаны алатын мысық даусын жек көретін болар, әлде елең-алаң шақта бұлардың ауласы мен бақшасында қыдыратын айуандардың қараң-құраң сықпытына өш пе, кім білсін, әйтеуір, жаман үйіне жолап кеткен байғұс жануарды ұстап ап, жанын алғаннан ерекше ләззәттанушы еді. Шаруаның үйінен шарылдап шыққан түнгі бажылды естіген Ұлтар тұрғындары жолы болмай, қолға түсіп қалған мысықтың елде жоқ жаманатқыр амалға ұшырап, қу жанының қуырылып жатқанын долбарлайтын. Бірақ әлгі екеудің тілсең қан шықпайтын безерген бет-әлпетінен қаша ма, әлде қараусыз жатқан әйдік ауланың арғы қуысына, алып-алып емен ағаштарының арасына барып тығыла қалған қуықтай үй қарғап жіберетіндей көріне ме, о жағы белгісіз, тек қалалықтар шаруаның өзімен яки әйелімен бұл мәселе жайлы мәслихаттаспаушы еді. Шындап келгенде, мысық иелерінің көбі шал-кемпір десе аза бойы қаза болатын, неге екенін қатты қорқатын, сондықтан қатігез, қандықол екеуді тілдеп, назаланудың орнына, қолындағы бағып-қағып отырған айуанының ала көлеңкеде оқшау тұрған жаман лашыққа жолап кетпеуін қадағалап, әуреге түсетін. Әлдеқандай жағдай болып, мысығы ұшты-күйлі жоғалса, артынша қара ниетті қараша үйден қара түнді тілім-тілім еткен шырыл естілсе, қолды болған жануардың иесі я амал-қайраты құрып, салы суға кетіп, отыратын да қалатын, я бала емес, мысық жоғалғанына тәубе қылып, өз-өзін жұбататын. Ұлтар тұрғындары арғы-бергіге бас қатыра бермейтін, қарапайым жандар еді, сондықтан әу баста мысықтардың бұл қалада қалай пайда болғанынан хабарсыз-ды.

Бірде Ұлтардың тас төселген тар көшелеріне ерекше бір жиһанкездерден тұратын керуен келіп кірді. Күнге тотыққан терісі қоңырқай тартқан бұл жат жерліктер қаладан жылына екі рет өтетін әдепкі саяхатшыларға мүлде ұқсамайды екен. Қараторы жиһанкездер базар барып, сәуегейлік жасап, тағдыр тарқатты, онысына ақың деп ел күміс қыстырып жатты. Одан бөлек қонақтар жергілікті саудагерлерден қызыл-жасыл моншақ сатып алып жүрді.

Жиһанкездердің қайдан келгенін ешкім дөп басып айта алмады. Өздерінің біртүрлі дұға-мінәжаттары бар екен, арбаларының сыртына денесі адам¸басы біресе мысық, біресе тұйғын, біресе қой, біресе арыстан боп келетін қызық-қызық суреттер салып тастапты, ол аз десеңіз, керуенбасы екі мүйізді бас киім киіп жүреді екен, ол екі мүйіздің ортасына дөңгелек табақшаны және орнатып қойыпты.  

Осы ерекше сипатты жиһанкездердің қасында әке-шешеден ерте қалған, қолтығына қысқан кішкентай ғана қара марғауы бар бір балақай еріп келген болатын. Қос бірдей жақынының басын жалмаған аты өшкір оба бейшараны аямаған-ақ секілді, тек қайғысын басып, көңілін алдарқатсын деді ме, әйтеуір, мына бір уыс мысық тұқымынан айырмапты. Әрине, ойын баласы болсаң, тағдырдың азабына онша-мұнша бас қатырмай, қара мысықайдың еркелегеніне уанып, ойнап кетесің. Содан болар, қараторы жиһанкездер Менес деп атайтын бұл балақай сырты әлем-жәлем арбаның шетінде отырып, сүп-сүйкімді марғауды жұбаныш қылатын; содан болар, жылауынан күлгені көбірек еді.

Ерекше керуен Ұлтарға келіп тоқтаған үшінші таңда Менес мысығын жоғалтып алды. Базарда жақынын іздеп, зар жылаған балақайды көрген жергілікті тұрғындар оған шал мен кемпір һәм ол екеудің лашығынан өткен түні шыққан шар-шар еткен айуан даусы жайлы баяндап берді. Мұны естіген балақайдың зары біртіндеп зікірге ұласты, артынша дұғаға айналды. Менес қолын аспанға созды да, қалалықтар түсінбеген, түсіне алмаған әлдебір тілде ғибадат қылып, жалынып-жалбарына бастады. Шыны керек, Ұлтар тұрғындары оның не дегеніне мән бере де қоймаған болатын – бәрі бірдей көктен көз алмай тұрды да қалды, себебі бұл сәтте шырқау биікте жатқан бұлттардың пошымы түрленіп, біртүрлі сықпыт ала бастаған еді. Адам айтса нанғысыз жағдаят, әлбетте, әйткенмен, ақиқаты сол: бала дауыстап дұға оқи жөнеліп еді, тас төбесінде бұлттар тұтасып, қара түнек тұманға айналды, ол тұман әлде елес, әлде басқадай бір көзтаныс дүниелерді еске салды; мүйізді және сол қос мүйіздің ұшында дөңгелек табақшасы бар дүбәра, қос әлемге бірдей тән тіршілік иелеріне ұқсап кетті. Табиғаттың қиял-қорқынышымызды оятып, әрі-сәрі қылатын мұндай тылсым сыры көп емес пе?

Күн батып, түн келгенде жиһанкездер қаланы тастап шықты. Содан кейін оларды көрдім-білдім деген адам болған жоқ. Артынша тұрғындар бүкіл Ұлтарда бірде-бір мысық қалмағанын байқады. Тайыншадай не, керісінше, алақанға сыйып кететін; қап-қара, сұп-сұр, алажолақ, сарғыш келген яки әппақ мысықтар әдеттегідей ошақ басында сүтке тойып, жуынып отырмайтын болды. Қаланың бургомистрі кәрі Кранон «қараторы жиһанкездер Менестің марғауының құны деп бар мысықты алып кетті» деп ант-су ішті һәм онымен қоймай, керуенді де, баланы да қарғап-сілеп, шат-шәлекейі шықты. Бірақ тырықтау келген нотариус Нис бәле шал мен кемпірден келді деп мәлімдеді, ал олардың атасы мысыққа қаншалық өш екенін мұқым ел білетін еді. Әйтсе де жаман лашыққа барып, жөн сұрауға ешкімнің батылы бармады, тіпті қонақ үй қожайынының ұлы кішкентай Атал қала мысығының бәрін қас қарайып келе жатқанда көргенін, айуандардың алып емен ағаштары тасасындағы қарғыс атқан аулада қос қатар құрап, жаман лашықты баяу басып, зілге толы кейіп-күймен айналып жүріп алғанын, онысы сіз бен біз көрмеген әлдебір түсініксіз ғұрыпқа ұқсағанын айтқанда да, тұрғындар қозғала қойған жоқ. Ұлтарлықтар кішкентай ұлдың сөзіне сенер-сенбесін білмеді, сондықтан шал-кемпірдің мысық аулап, қолға түскен айуанды азаптап өлтіретінін білсе де, түнерген, сүйкімі жоқ ауладан сырт жерде жолықпайынша, наразы екенін айтпай, қоя тұруды жөн көрді. Ақыры екіұдай күйдегі, ызалы халық ұйқыға кетті.

Таңертең тұрған ел тайыншадай не, керісінше, алақанға сыйып кететін; қап-қара, сұп-сұр, алажолақ, сарғыш келген яки әппақ мысықтардың бірде-бірі қалмай әдеттегідей ошақ басында отырғанын көрді, бірақ шетінен жуандап, семіре түскен секілді; терісі де жылт-жылт етіп, әрі кіріп қалыпты. Қалалықтар таң-тамаша болып, бас қоса қалған жерде бұл жайтты талқылайтын болды. Кәрі Кранон мысықтарды жиһанкездер алып кетті дегенінен қайтпады, себебі шал мен кемпірдің лашығына барса, бұ айуандар аман шықпас еді-міс. Әйткенмен, жұрт жаппай бас шұлғысып, ортақ пікірге тоқтаған жалғыз мәселе бар еді: мысықтар құйылған тамаққа не сүтке жоламапты – бұл бір керемет құбылыс-тұғын. Ұлтардың түгі жылтыраған, еріне қимылдайтын мысықтары иесі берген тамаққа мойын да бұрып қарамай, ошақ басында не күншуақта маужырап жатумен осылай екі күн өткізді.

Арада бір апта өткенде барып тұрғындар алып-алып емен ағаштары қалқалаған  жаман үйдің терезесінен жарық көрінбейтінін байқады. Сонда тырық Нис мысықтар жоғалған түннен кейін шал мен кемпірді мүлдем көрмегенін айтты. Келесі аптада бургомистр үрейін жеңіп, мойнына жүктелген басшылық міндетін атқару үшін томаға-тұйық тұрған бір сұмдық үйге бет алды, әйтсе де қасына куәгер ретінде ұста Шаң мен тас қашайтын Тулды ерте кетті. Бұлар лашықтың жаман есігін бұзып кіргенде, жер еденде екі адамның әбден ақсөңке боп мүжілген қаңқасы мен бөлменің қара көлеңке бұрыш-бұрышында үймелеп жүрген біртүрлі қоңыздарды көрді.

Кейінірек бұл жайт Ұлтардың қалалық кеңесінде жиі талқыланды. Тергеуші Зат тырық нотариус Ниспен ұзақ дауласты, Кранон, Шаң және Тулды сұрауға әбден алды. Тіпті қонақ үй қожайынының ұлы кішкентай Аталдан да көрген-білгенін баяндап беру талап етілді, сол үшін балақайға марапат ретінде мұз кәмпит берілді. Бұлардың бәрі кәрі шаруа, оның әйелі, қараторы жиһанкездердің керуені, кішкентай Менес пен баланың марғауы, оқыған дұғасы, сол сәттегі аспан сипаты, керуен аттанып кеткен түндегі мысықтардың әрекеті, түнерген ағаштар қалқасындағы қара ниет аулада тұрған үйден не табылғаны жайлы көп-көп мәслихат құрды.

Ақыры қалалық кеңес артынан Хатегтегі саудагерлер мен Нирдегі саяхатшылар қоймай сөз қылып, пыш-пыштаған,  «Ұлтарда бірде-бір адамның мысық өлтіруге қақысы жоқ» деген заң қабылдады.

1920

* * *

Аударған Димаш Зиядин

* * *

Басқа аудармаларды оқу: https://t.me/qisyqaudarma

Автормен достасу: https://www.facebook.com/aliziyadin

1 thoughts on “ХАУАРД Ф.ЛАВКРАФТ. Ұлтардағы мысықтар

  1. Қайтарма үнқосу: Х.Ф.Лавкарфт. Ай жарығындағы әлдене | blog

Пікір қалдыру