Х.Ф. Лавкрафт. Ескі кітаптағы сурет

Х.Ф.Лавкрафт. Дереккөз: metacultura.com

Хауард Филлипс Лавкрафт — мистика, фентези, хоррор және ғылыми фантастика бағытында қалам тербеген, шығармашылығы XX ғасырдың басына тап келген АҚШ жазушысы. 46 жасында дүниеден өткен бұл автордың еңбектері өзгелердікіне ұқсамайтын ерекше стильде жазылғаны сондай, “Лавкрафт үрейі” атты бөлек жанрға топтастырылған. Тілі қиын, бірақ Лавкрафты түсініп, дәмін алып, түбіне жетіп оқыған адам әлем әдебиетінің бұл жазушыны неге сонша құрметтейтінін түсінеді деп ойлаймын.

Бүгін сіздерге 1920 жылы жазылған “Ескі кітаптағы сурет” атты шағын әңгімесін аударып, ұсынып отырмын.

Автордың Телеграмдағы әуесқой аударма каналына жазылып қою рекоменделеді. Оқып, пікіріңізді айтып, сілтемені бөлісе отырыңыз. Содан артық қолдау жоқ.

Авторға рахмет айту: +7 707 490 17 67 (Kaspi).

Ал енді өзіміз отырып әңгіме оқиық:)

* * *

Шыбын жанның тәтті екенін көзге шұқып көрсететін қауіпті сәттерге құмар адам елден жырақ, көзден таса жерлерді шарлап кетеді емес пе? Птолемей катакомбалары мен оюлы мазарларды ол үрей әлемі деп таниды; қираған Рейн қамалдарының ай нұрына шомылған мұнарасына өрмелейді; өрмекші торы басқан қап-қара баспалдақтармен Азиядағы ұмыт қалған қалалардың қойнауына сүңгиді. Рух пен елес иелік еткен ормандар, оқшау тұрған тау – оның тәу етер қасиетті орны. Содан болар, адам аяғы баспаған аралдағы түнерген, тұтас құйылған тасқа шыр айналып байланады да қалады. Әйтсе де ұзақ жолдың соңы, тынбай іздеудің сыйы, өмірдің мәні төбе құйқаны шымырлатып, бебеу қақтыратын қорқынышта деп білетін мұндай пенде меңіреу, мешеу Жаңа Англиядағы өзімен-өзі тұрған, бір қарағанда еш ерекшеленбейтін фермер үйлерін ерекше қадірлеп, әспеттейді. Жалғыздық пен надандық, абсурд пен әсіре табиғилық тұтасып, қара ниетке айналатын, сөйтіп әлгі танысымыздың бұрын-соңды көрген-білген ең сұмдық үрейіне айналып шыға келетін орын – дәл осы фермер тұрақтары.

Нағыз сұмдықты жол бойынан шеткері салынған, бояу көрмеген, әлдебір төбенің етегіне немесе алып жартастың бүйіріне барып жабыса қалған, жапырайған кішкентай үйден табасыз: осы күйде қалқайып тұрғанына екі жүз, әлде одан көп жыл өткен; содан бері бүкірейіп, бүкшиіп, шөге түскен; содан бері керегелерін қуалап, өрмелеп өскен шырмауық қалыңдай берген; содан бері ауласына егілген шыбықтар шынар болып, шырқау көкке ұмтылып, алып-алып ағаштарға айналған. Көлеңке қойнауында, бас-аяғын түгел жапқан жасыл желекке көміліп тұрған мұндай үйді қадала қарамасаң, бірден байқай қоюың да қиын. Әйтсе де шаң басқан терезелері бірде күдіктене қалатын, бірде көзін қысып, қасына шақыратын әуейі адам секілді анадайдан сығалаңдайды; әйнегі жылтың-жылтың етіп алдап-арбағысы келеді; сонысымен ой-жадыңдағы сұмдық дүниелерден алаңдатып, бейқам күйге түсіреді.

Мұндай фермер үйлерінде көптің көзіне түсе бермейтін, түнерген томаға-тұйық адамдар өмір сүруші еді. Олардың аталары кезінде қараңғы һәм қырсық сенімнің кесірінен ағайын-туыстан, елден безіпті; еңсе көтеріп, еркін жүруге болатын жерұйық іздеп тентіреп кетіпті. Ақыры жұрттан жырақ, көзден таса жерлерді отының басы еткен бейбақтар үлкен әлемде болып жатқан оқиғаларға, басқалардың қолына кісен, аяғына тұсау болған дүниелерге бас қатырмайтын ұрпақ өсіріп, шын барақат тауыпты. Әйткенмен жас-кәрісі бірдей санасына шырмау болған қап-қара қиялдың алдында бүгежектеп, қалтырап, құлақкесті құлдың ар жақ-бер жағында тіршілік ететін.

Өркениет пен білімнен құр қалған бұл пуритандар бар күш-қуатын мұқым адамзат хош көрген бағытта емес, басқа мақсатта пайдаланды; өз ортасымен ғана араласатын кісікиік сипатты, жыласа, сырттан жұбаныш іздемейтін, қатігез табиғатпен тірі жүре тұру үшін ғана күресетін бұлар уақыт өте келе алыс теріскейде қалған аязды атамекеннен, есте жоқ ескі замандардан жеткен түнек те жұмбақ баба мінезін қайыра тапты.

Іске құнтты, дінге қатты мұндай жандарды сүттен ақ, судан таза деуге келмейді әсте. Бірақ басқалар секілді жаңылыс басып, қате жіберсе, Құдайы онысын жасырып-жабуға мәжбүрлейтін. Содан болар, уақыт өте келе өзгеге көрсетпей, тығып ұстап, қорғаштап жүрген кінәсі мен күнәсін қайда қойғанын өздері де ұмыта бастаған-ды. Есте жоқ ескі замандарда не болғанын тек тозығы жетіп, өткен-кеткенге меңірейе қарайтын мылқау үйлерден ғана сыр тартып, суыртпақтап білуге болады деуіміздің бір себебі – осы. Бірақ бұл мелшиген жаман тамдардың да сенімен сөйлесуге құлқы жоқ, көрген-білгенін бір сәтке болсын ұмыттыратын қалың ұйқының құшағынан шыққысы келмейді. Кейде соларды қинамай-ақ, қирата салса ғой дейсің.

1896 жылдың қараша айында қамшымен сабағандай жаныңды шығаратын қатты жаңбыр пана іздеп аласұрған мені осындай құлағалы тұрған кәрі үйге қуып тықты. Мискатоник алқабына (автордың ойдан шығарған аймағы – ауд.) өзіме керек генеалогиялық мәліметтер іздеп шыққан болатынмын. Бұл іс әу баста-ақ оңай көрінбеген-ді. Қиын сапар күтіп тұрғандықтан, күздің қара суығына қарамай велосипедпен аттандым. Архемге (автордың ойдан шығарған қаласы – ауд.) жылдам алып барар деп үміт еткен төте соқпағым мені айдаладағы, адам аяғы баспағалы көп жыл өткен жолға алып келді. Құйып тұрған нөсер мынау. Көз жетер жерде қалқа жоқ. Тек жолдан былай, жақпарлы төбенің етегінде тұрған үйді көрдім. Екі жағында жапырақтарын жел қуалап әкетіп, жалаңаш қалған екі шегіршін ағаш өсіпті. Терезелері күңгірт тартқан. Сыны кетіп, сүйегі ескірген.

Сүйкімсіз, сиығы жоқ үй бір қарағанда-ақ еңсемді түсірді. Арам ойы жоқ адал баспана жанынан өткен адамға бұлай қулана қарап, жабыса кетпейді. Генеалогиялық зерттеулермен айналысатын мен өткен ғасырдың аңыздарымен біршама таныс едім, сондықтан мұндай орындардан аулақ жүруге тырысатынмын. Бірақ алай-түлей болып кеткен ауа райы ырым-жырымды ысырып қоюға мәжбүр етті. Ақыры велосипедіме мініп, етекте тұрған үйдің жасырып-жапқанын көрсеткісі келмейтін, алайда «кел, кел» деп қасына шақырғандай болатын жабық есігіне бет алдым.

Неге екені үйді ешкім жайламайтынына, бос тұрғанына сенімді едім, бірақ жақындап келген соң ол ойымнан айниын дедім – мен қуалап келген соқпақ қанша жерден қараусыз қалғанымен, шөп-сораң басып, мүлдем жоғалып кетпепті, біреу ара-тұра өтетінге ұқсайды. Сондықтан баса-көктеп кіріп бармай, есік қақтым. Іле-шала қайдан келгені, қалай келгені белгісіз бір үрей бойымды құрсады да қалды. Табалдырық міндетін атқаратын мүк басқан кедір-бұдыр тастың үстінде тұрып, терезе жақтауларына, есіктің үстіндегі кішкентай терезеге қарадым. Әбден ескірген, шаң басып, күңгірт тартқан әйнек-жақтаулар бүтін екен. Бұл – күтімсіз көрінгені, иен далада жападан жалғыз тұрғанына қарамастан үйдің иесі бар деген сөз.

Тоқылдатқаныма ешкім жауап бермеді. Тағы қақтым, сосын тот басқан темір шаппаны ұстап көрдім. Есік ашық. Іште әр жер-әр жерінің сылағы түскен кішкентай кіреберіс көрінді. Әлсіз, бірақ сондай жиіркенішті иіс қолқаны қапты. Кіріп, есікті жаптым. Алдымда жоғарыға кететін тар баспалдақ бар екен, оның жанындағы есік жертөлеге апаратын сияқты. Оңым мен солымнан бірінші қабат бөлмелерінің жабық есіктерін байқадым.

Велосипедті сүйеп, сол жақтағы есікті ашып едім, шаң басқан қос терезе көмескі жарық беріп тұрған жұпыны, шағын бөлмеге тап болдым. Қонақ бөлменің міндетін атқаратын секілді: үстел, орындықтар, үлкен тас ошақ көрінді. Ошақ үстіндегі сөреде ескі сағат сыртылдайды. Бірнеше кітап байқадым, бірақ ала көлеңкеде қандай еңбектер екенін шырамыта алмадым.

Жатқан-тұрған әр заттың бұрынғы заман куәсі, көненің көзі екенінен белгі беретіні ерекше таң қалдырды. Әрине, бұл өңірде байырғы дәуір жәдігерлерін жиі ұшырастыруға болады, бірақ тап мына бөлме тек антиквар бұйымдарға толы секілді: Революциядан кейін жасалған бірде-бір дүниені көзім шалмады (Революция – АҚШ тәуелсіздігі үшін болған соғыс, 1783 жылы аяқталған – ауд.). Бөлме сәл-пәл жинақы, ұнамды болғанда, коллекционерлер үшін нағыз ұжмаққа айналар еді.

Әу баста пайда болған үйге деген жиіркеніш ішке кірген соң күшейе түсті. Көңіліме нақты не жақпағанын дөп басып айта алмаймын, дегенмен, күнәға толы жылдардың исі әбден сіңген, ұмытылуы тиіс құпиясы көп қара ниетті үйдің қалып-тынысы ұнамағаны анық. Тіпті тізе бүгіп, отырғым да келмеді, көзіме түскен заттарды қарап, сенделіп жүрдім де қойдым. Бір кезде үстел бетінде жатқан атам заманғы ескі кітап әуестігімді оятты. Музей я кітапханадан емес, дәл осы жерден көріп тұрғаныма бір сәт таңдандым. Мұқабасы теріден, ілгегі металдан жасалған кітап тамаша сақталыпты. Мынадай жұпыны үйде жататын дүние емес, әйтеуір. Бірінші бетін ашып, бұрынғыдан бетер қайран қалдым: Пигафеттаның аса сирек кездесетін, теңізші Лопекс жолжазбаларын негізге алып, латын тілінде жазып шыққан, Конго аймағы суреттелетін еңбегі екен. Кітап 1598 жылы Франкфуртте басылыпты (Пигафетта Филиппо (1533-1604) – Италия тарихшысы, саяхатшы. «Конго корольдігін суреттеу» атты еңбегі Африка тарихын зерттеудегі ең құнды дереккөз болып саналады – ауд.).

Бұл дүние, ондағы ағайынды Де Брайлар салған суреттер туралы жиі еститінмін, сондықтан үйге деген жиіркенішім мен үрейімді бір сәт ұмытып, апыл-ғұпыл парақтай бастадым. Гравюралары расымен керемет-ақ. Суретшілер куәгерлердің тақұл-тұқыл естелігі мен өздерінің шетсіз-шексіз қиялына ғана сүйенгенге ұқсайды: негрлер ақ нәсілді, бірақ бет-әлпеті қапқаздықтарға келетін адамдар сияқты салыныпты. Құдай біледі, ары қарай оқи берер ме едім, бірақ әлдебір уақиға жүйкеме қайта-қайта тиіп, жаңағы алаң көңіл мен мазасыз күйімді есіме салды – кітап XII графюра салынған бетте өз-өзінен ашыла берді. Бұл суретте Анзиктегі әлдебір адамжегіш қасапшының ет дүкені ұсақ-түйегіне дейін дәл бейнеленіпті. Болмашы нәрсеге сонша қадалғаныма ұялып та қалдым, бірақ, суреттің маған ұнамағаны анық, ал оның жанындағы адамжегіштердің тамаққа келгендегі талғамы, қандай ас жеуді ұнататыны туралы сөздер тіпті дегбірімді қашырды.

Көрші тұрған сөреге көз тастап, саны аз кітаптарды қарай бастадым – он сегізінші ғасырдың Інжілі, сонымен жасты, гротеск гравюраларымен белгілі һәм альманахтар авторы Исай Томас шығарған «Діндарлар саяхаты», Коттон Мезердің «Magnalia Christi Americana» атты әйгілі фолианты және шамамен сол жылдары басылған тағы бірнеше кітап бар екен.

Кенет үстідегі бөлмеде біреудің жүргенін анық естідім. Селк ете қалдым, есік қаққаныма ешкім жауап бермегені есіме түсіп, қорқып та кеттім. Бірақ артынша үй иесі ұйқыдан енді тұрған болар деп ойлап, өзімді сабырға шақырдым. Сондықтан оның баспалдақты сықырлата басып бірінші қабатқа түскенінен, мен тұрған бөлмеге жақындап қалғанынан онша үрейлене қоймадым. Жүрісі ауыр, бірақ жұмсақ, еппен басатын кісі екен – мұнысы ұнай қойған жоқ.

Есікті жаба кірген едім. Кіреберіс тып-тыныш болып қалды, сірә, велосипедімді көріп, тоқтаса керек. Осыдан кейін шаппа салдырлады да, есік айқара ашылды. Бала кезден байсалды, ұстамды бол деп тәрбиелемегенде, босағада тұрған адамды көріп айқайлап жіберер ме едім, кім білсін. Бурыл сақалды, кәрі, үсті-басы алба-жұлба қожайын ә дегенде таң қалдырып, құрметке лайық жан секілді көрінгені рас. Сірә, оған бет-әлпетінің өзгешелігі, бір көрген адамға берер әсері себеп болса керек. Бойы – кемі алты фут (180 см-ден астам – ауд.). Тұрмысы нашар, қарт адам екеніне қарамастан, қуатты жан болып көрінді. Ұзын сақал басқан беті қызара бөртіп тұр және басқа жерлерден көріп жүрген шарбы бет шалдарға ұқсамайды – әжімі аз. Кең маңдайын уақыт сиреткен ақ шаш жапқан. Қанталаған көгілдір жанары қараған жерін күйдіріп түсірер шоқтай қариды,. Салақтығы болмаса, «қариям осындай-ақ болсын» дейтін адам. Бірақ табиғат берген түр-тұрпатының келісті екеніне қарамастан, жұлма-жұлмасы шыққан сықпытын көріп, жанына жолай қоюың екіталай. Киімін сөзбен айтып жеткізу қиын – ұзын қонышты ауыр етіктің жоғарғы жағына ескі-құсқы мата қиындыларын іле-іле, үйе-үйе салғандай көрінеді. Исі қандай дер болсаңыз, мұны тіпті суреттей алмаймын, тілім жетпейді.

Сырт әлпетінің ұнамсыздығына және бойымда әлдебір хайуани қорқыныш ұялатқанына қарап, қазір маған жаулық пейіл танытады-ау деп ойладым. Сондықтан шал орындықты көрсетіп, жылмаң қошемет пен мәймөңке ізетке толы жіңішке дауыспен сөйлей жөнелгенде, мұндайды күтпеген мен селк етіп, сасқалақтадым да қалдым. Тілі ерекше қызық екен – алдымда тұрған нағыз янки болып шықты, шынымды айтсам, осы уақытқа дейін бұл диалект жоғалып кеткен шығар деп ойлап келген болатынмын, сол себепті аузынан шыққан әр сөзді мұқият тыңдаумен болдым (Yankee dialect – АҚШ-тың солтүстік-шығыс өңіріне (Жаңа Англия) тән, қолданыстан шыққан қарадүрсін диалект – ауд.)

– Жаңбыр айдап келді ме? – деді ол амандықтың орнына. – Үйге тап келіп, жолыңыз болған екен, сыртта тұрмай, кіріпсіз, әйтеуір. Ұйықтап қалған сияқтымын, әйтпесе естір едім. Бұрынғыдай емес, ұйқы басады, күндіз де көзім ілініп кете беретін болды. Жол болсын, ие? Қазір бұл жақпен өтетін адам аз, Архемге басқа жол салғалы солай өзі.

Архемге бара жатқанымды айтып, үйге сұраусыз кіргенім үшін ғапу өтіндім. Шал сөзін жалғастырды:

– Келгеніңіз жақсы болды, мырзам, бұл күні кісі бетін сирек көретін болдық, бір сәт әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесетін де ешкім жоқ. Бостондікі боларсыз, ә? Ол жақта болып көрмеппін, бірақ қалалықты бірден танимын. Қайбір жылы, сексен төртте-ау деймін, бір мұғалім келген болатын, кейін жоғалып кетті, көрдім-білдім деген ешкім жоқ, әйтеуір, ие.

Осыны айтқан соң шал кенет қырқылдап күліп жіберді және неге өйткенін түсіндірген жоқ. Мен де қазбалап жатпадым. Өзі ерекше көңілденіп кетті. Жасы келген, сиқы мынадай адамнан күтпейтін оғаш қылықтарды оп-оңай істейтін сияқты. Өршеленгеннің үстіне өршеленіп, бір жағы ақ көңілдігінен де танбай, басы бар, аяғы жоқ әңгімесін ары қарай жалғастыра берді.

Сөз арасында Пигафеттаның «Regnum Congo» дейтін аса сирек кездесетін кітабын қайдан алғанын сұрадым. Конго туралы бұл еңбектің әсері әлі тарқамаған болатын, тек осы сәтке дейін ол жайында тіл қатуға батылым бармай отырған-ды. Ақыры біртүрлі үйге кіргеннен бастап жан-дүниемді жайлап алған үрейді әуестікке жеңдіріп, сұрағымды қойдым. Қожайыным онымды ыңғайсыз көрген жоқ, егжей-тегжейіне дейін тәптіштеп, ықыласпен жауап берді, мұнысына қуанып қалдым.

– Африка кітабы деймісіз? Алпыс сегізінші жылы айырбас жасап, капитан Эбенезер Холттан алғам, кейін оны соғыста өлтіріп кетті.

Эбенезер Холттың аты аталғанына елең етіп, бетіне қарап қалдым. Бұл есімді генеалогиялық құжаттардан кездестірген болатынмын, тек олардың бәрі Революцияға дейін шыққан дүниелер еді. Мына шал маған жұмысым бойынша көмектесіп қалар деген есекдәме де пайда болды. Бұл туралы кейінірек сұрармын деп шештім. Қожайын ары қарай сөйлей берді:

– Эбенезер көп жыл Салем көпесі болып жан бақты, алдынан шыққан әр порттан ерекше бір зат сатып алып жүретін. Мына кітапты Лондоннан тапқан сияқты, сол жақтың дүкендерін жақсы көретін, әйтеуір. Ие, бір күні төбенің басында тұрған үйіне бардым, жылқыларымды сату керек еді. Сол кезде көрдім ғой. Суреттері қатты ұнады. Сосын айырбастап алдым. Жалпы қызық кітап, қазір, көзәйнегім қайда…

Шал алба-жұлбасы шыққан қойнына қолын сұғып жіберді де, кішкентай әйнектері сегіз бұрышты келген, ілмегі болаттан жасалған атам заманғы көзілдірік шығарды. Онысын мұрнына іліп, үстелде жатқан кітапты алды. Сосын сүйсіне парақтай бастады.

– Эбенезердің латыннан хабары бар еді, оны-мұны оқи алатын, ал мен мүлдем мақұрыммын. Осындағы мұғалімдер, есімде жоқ, екі-үшеуі бар еді, аз-мұз оқып берді. Пастор Кларк та сөйткен, ол байғұс тоғандағы суға батып өлді. Сіз латын білесіз бе?

Білетінімді айтып, бірнеше жол оқып бердім. Қате жіберсем, шал байқамас еді, өйтуге білімі де жетпейтін, сондықтан кітапқа кенет тіл бітіп, сөйлеп кеткеніне балаша қуанды да қалды.

Онымен бір бөлмеде, тақалып отырғаным берекемді алып, мазасыз күйге түсірді, бірақ көңіліне тиіп, ренжітіп алмай тайып тұрудың амалын таппадым. Бір жағынан қожайынның өзі оқи алмайтын кітаптағы суреттерге сонша мәз болғанын қызықтадым. Шынымды айтсам, сөреде тұрған латын емес, ағылшын тіліндегі кітаптарды оқи алатынына да күмәнім бар еді.

Шалдың ақ көңілдігі осы сәтке дейін мені азаптап келген әлдебір жаман оқиғаның болмай қоймайтыны туралы сезімді шайып жіберді. Бұл кезде ол аузын жаппай, ары қарай сарнап отырған болатын:

– Мына суреттердің неше түрлі ойға жетелейтінін айтсаңшы, ие? Мынау бірінші беттегілерге қарашы, міне. Осындай жапырағы үлкен, бұтағы жоғары-төмен шайқалатын ағаш болушы ме еді, қайдан көрдің, ие? Адамдарын қара? Негр осындай ма еді? Үндіс деуге келеді, Африкадағы үндістер осындай-ақ шығар. Әйтпесе, мыналар жартылай маймыл, жартылай адам бірдеңелер ғой. Өмірімде көргем жоқ мұндайды. – Осыны айтып шал қолтырауын басты айдаһарға ұқсайтын құбыжықты саусағымен нұқып көрсетті. – Ие, ең қызық жерін қазір көрсетейін мен сізге, ие…

Қожайынның даусы қарлыға берді, көзі бағжиып, жаны кіре түсті. Саусақтары бірден икемге келе қойған жоқ, әйтсе де иесінің дегеніне көнді, оның үстіне кітап та адамжегіштер тайпасының ет дүкені бейнеленген, құсқыңды келтіретін он екінші гравюра бетінде өз-өзінен ашыла кетті. Бұл жансыз қағаздың әдейі жасаған ісі, осыған дейін сан рет қайталаған үйреншікті тірлігіндей болып көрінді. Бағанағы мазамды кетірген сезім қайта бас көтерді. Бірақ онымды шалға білдірмедім.

Он екінші гравюраның біртүрлі ойға қонымсыз тұсы – суретшінің африкалықтарды ақ нәсілді етіп салғаны еді. Дүкен керегесінің бойындағы ілмектерге ілініп тұрған адамның дене мүшелері, кесілген оны-мұны жерлері, шабылған қол-аяқтар жүрек айнытады, ал балта ұстаған қасапшы жаныңды алмай қоймайтын секілді. Алайда мұндай көрініс мені қаншалықты жиіркендірсе, қожайынға соншалықты ұнайды екен.

– Ие, бұл жайында не айтасыз? Бұрын-соңды көрмеген шығарсыз, ие? Алғаш көзіме түскенде Эб Холтқа «Тұла-бойыңды тітіркендіріп, қаныңды қыздырады екен» дедім. Адамды шауып, кесіп өлтіру туралы Інжілден оқыдық қой, мадиамдықтар бар, мысалы, сол, оқисың, ойланасың, бірақ сурет жоқ қой, көрмейсің (мадиамдықтар – Қасиетті Кітаптарда аталатын жартылай көшпелі тайпа. Мұса пайғамбардың бастауымен мадиямдықтардың еркектері, әйелдері және ер жынысты балалары өлтірілген – ауд.). Ал мына жерде не болғанын бірден түсінуге болады. Күнә, әрине, бүйтіп отырғанымыз, бірақ о баста бәріміз күнәдан туып, күнәда өмір сүріп келе жатыр емеспіз бе, ие? Мына өлген, бұты – бұт, қолы – қол болып шашылып жатқан жігітке көзім түсті бітті, селк ете қалам, бірақ бас көтермей қарай берем. Мінеки, қасапшы аяғын кесіп алыпты. Мына үстелде басы, жанында қолы жатыр. Екінші қолын іліп қойыпты, әні, ие.

Шал осылай құшырланып, желікпесі ұстап әлденені айта берді, көзәйнегі мұрнына түскен бет-әлпеті сөзбен түсіндіре алмайтындай өзгере бастады, даусындағы қарлығыңқы үн күшейе түсті. Ал менің бойымда не болып жатқанын айта алмаймын. Әлгі бәлеге ұрынасың деген сезім қол-аяғымды байлап, іштен жалмаған нағыз сұмдыққа айналды. Қасымда отырған жексұрын шалға деген өшпенділігім арта берді, оны бар жан-тәніммен жек көрдім. Я есінен адасқан адам, я азғын екенінде күмәнім қалмады.

Шал үні бәсеңдеп, сыбырға көшті, ақырын шыққан қырылдаған даусы айқайдан бетер көрінеді. Дірілдеген күйі ары қарай тыңдадым.

– Айтып тұрмын ғой, жәй сурет емес бұл, ойыңдағыны дөп басады. Көз ала алмаймын, ие. Эбтен аттай қалап сұрап алған соң тоқтай алмай қарай бердім, әсіресе дағарадай паригін тағып алған пастор Кларк жексенбі туралы уағыз оқығанда сөйтуші едім. Сосын бірде қызық іс жасап көрдім, өй, қорықпаңыз, сэр, қорықпаңыз, базарға қой апарардың дәл алдында осы суретті ашып, қарап шықтым, сол-ақ екен қолым жүріп берді, қой сойған мұндай жеңіл болар ма еді!

Шалдың дауысы төмендегеннің үстіне төмендей берді, ақыры естілер-естілмес сыбырға айналды. Мен сырттағы жауынды, жаңбыр тамшыларының кішкентай әйнек терезелерді сатырлата ұрғанын және жылдың бұл мезгілінде сирек болатын, бізге жайымен жылжып, жақындап қалған күн күркірін тыңдап отыра бердім. Кенет найзағай ескі үйді іргетасына дейін солқылдатып ұрып өтті. Бірақ міңгірлеп отырған шал оған мән де берген жоқ.

– Ие, қой союдың қызығына кірдім де кеттім, бірақ, бәрібір бірдеңе жетпей тұрды. Бір ерекше дүние аңсап, іздеп, шөліркейсің де тұрасың, бұл да біртүрлі дүние екен, ие. Құдайды сүйген ізгі жан болсаңыз, ешкімге айта көрмеңіз, жігітім, бірақ шыным сол, мына суретті көрген соң ішімде я сатып алуға келмейтін, я қолдан өсіруге болмайтын дүниеге деген тәбетім ашылып сала берді, дәмін татып көрсем деп құмарттым. Жо-жоқ, жұлқынбаңыз, не болды сізге? Ештеңе істегем жоқ, тек елестеттім де қойдым, ойға келгенді жасап көрсем не болар екен дедім… Дене мен қан еттің арқасында жаралып, пайда болады дейді ғой осы, содан мен адам басқа емес, өзінікіндей етті, өзінікіндей тәнді жеп жүрсе, ғұмыры ұзақ болар ма екен деп ойладым…

Күбір-күбір еткен шал ойын аяқтап үлгерген жоқ. Оған себеп болған менің бойымды жайлап алған үрей яки бірнеше сәттен соң күлі көкке ұшып, бықси жанған қирандылардың арасында есінен танып жатқан мені шуымен оятып алатын, ал дәл қазір долданып, ашуына мініп, күшейіп келе жатқан дауыл да емес еді. Елеусіз, бірақ ерекше оқиға қожайынның былдыр-батпақ әңгімесін үзіп жіберді.

Ортамыздағы кітап әлгі жексұрын суретін жоғары беріп ашық жатқан-ды. Шал «…деп ойладым…» деуі мұң екен, әлдене төбеден жерге сырт етіп тамды, артынша кітаптың сарғайған бетінде бір із пайда болды. Басында мен шатырды жауын тесіп өтіп, бізге жеткен екен деп қалдым, бірақ жаңбыр тамшысының қызыл түсті болмайтыны есіме түсті. Анзиктегі адамжегіш қасапшының ет дүкені бірден жалт-жұлт етіп, қызарып сала берді, мұнысы онсыз да қорқынышты суретті одан әрі құбыжық ете түсті. Бұл оқиғаны байқап қалған шал аузын жауып ала қойды және мұнысын мен шошып үлгермей тұрып істеді, сірә, себеп болған басқа нәрсе секілді. Сосын жылдам жоғары қарады. Қожайынның қимылын қайталаған мен дәл үстімізде, сылағы ажыраған ескі төбеде жайылып, үлкейіп бара жатқан қып-қызыл дақты көрдім. Бір қызығы, айқайлаған жоқпын, орнымнан да тұрмадым, тек көзімді тарс жұмып алдым. Сол-ақ екен аспан шатыр етті де, сұмдыққа толы қарғыс атқан үйді алапат найзағай соқты. Мен бірден есімнен айрылдым, тек соның арқасында ақылымды сақтап қалыппын.

1920

* * *

Аударған – Дінмұхамед Зиядин. Редактор – Гүлбүбі Әділова

3 thoughts on “Х.Ф. Лавкрафт. Ескі кітаптағы сурет

  1. Қайтарма үнқосу: Х.Ф. Лавкрафт. Қорқынышты Шал | blog
  2. Қайтарма үнқосу: ХАУАРД Ф.ЛАВКРАФТ. Ұлтардағы мысықтар | blog
  3. Қайтарма үнқосу: Х.Ф.Лавкарфт. Ай жарығындағы әлдене | blog

Пікір қалдыру